Халықты ядролық, химиялық және бактериологиялық қарулардан, сондай-ақ ядролық жарылыс кезiнде мүмкiн болатын қайта зақымдайтын факторлардан және зақымдаушы қарулардан қорғау үшiн арнайы салынған инженерлiк ғимараттарды паналау ғимараттары деп аталады. Қорғау қасиеттерiне қарай олар паналау ғимараттарына және радиациядан қорғайтын паналау орындарына бөлiнедi. Бұлардан басқа, тұрғындарды қорғау үшiн қарапайым паналау орындары да пайдаланылуы мүмкiн. Халықты қорғау ғимараттарына жасыру бұл жаудың жаппай зақымдаушы қаруларынан және басқа да шабуыл жасау құралдарынан қорғаудың ең тиiмдi тәсiлi. Мұндай паналау орындары бейбiт кезде салынып, дайын тұруға тиiс. Ал мұндай ғимараттар дер кезiнде жеткiлiктi мөлшерде салынбаған жағдайда жаудың тiкелей шабуыл жасау қаупi туған күнде тез тұрғызылатын паналау ғимараттары салынады. Сондай-ақ қазылып жасалынған ғимараттар радиациядан қорғайтын паналау орындарына пайдаланылады. Сонымен қатар, қарапайым паналау орындарын жасауға барлық тұрғындар жұмылдырады. Паналау ғимараттары – адамдар ядролық қарудың барлық зақымдаушы факторларынан – соққы толқынынан, жарық сәулесiмен, өткiш радиациядан (нейтрон толқынын қоса) және радиоактивтiк сәуле шарпуынан ең сенiмдi қорғайтын паналау орны болып табылады. Паналау ғимараттары, сондай-ақ улы заттар мен бактериологиялық құралдардан, өрт зоналарындағы жоғары температурадан, жарылыс кезiнде қираған үйлердiң басып қалуынан, өндiрiсте қолданылатын улы заттардан уланудан қорғайды. Паналау ғимараттарының берiктiгi, онда сүзгi желдеткiш қондырғылардың болуы ортаны радиоактивтi, улағыш заттармен бактериологиялық құралдар зақымдаған жағдайды немесе жаппай өрт шыққан кезде адамдарды бiрнеше тәулiк бойы қорғап, қалыпты өмiр сүруiн қамтамасыз ете алады. Паналау ғимараттары жапсарласа салынған және тұрғызылған ғимараттар болып бөлiнедi. Жапсарласа салынған паналау ғимараттарына өндiрiстiк, қоғамдық және тұрғын үйлердiң подвалы немесе жартылай подвалы пайдаланылады. Ал жеке ғимараттарға түрлi жер асты өткелдерiн, галереяларын, шахталар мен тау-кен орындарын да жабдықтап пайдалануға болады. Паналау ғимараттары мүмкiндiгiнше жасырынуға тиiстi халықтың көпшiлiгi тұратын жерге жақын орналасауы керек. Паналау ғимараттарын жабдықтармен жабдықтауға өнеркәсiптiк әдiспен шығарылған, қолда бар материалдардан жасалынған қарапайым сүзгi желдеткiш пайдаланылуы мүмкiн. Паналау ғимараттары бейбiт кезде шаруашылық, мәдени-тұрмыстық қажеттерге пайдаланылады. Мұндай екi жақты пайдалану оларды жобалау кезiнде-ақ көзделенуi қажет. Бейбiт кезде паналау ғимараттарын өндiрiстiк және шаруашылық-тұрмыстық қажеттерге пайдалану олардың қорғаныстық қасиеттерiне нұқсан келтiрмеуге тиiс. Паналау ғимараттарын соғыс уақытының жағдайына, яғни оны тiкелей арналған мақсатына пайдалануға көшiру мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде iске асырылуы керек. Паналау ғимараттарына жасырынушылар үшiн қажеттi санитарлық-гигиеналық жағдайлар қамтамасыз етiлуi қажет. Бұл жағдайлардың негiзгi қажеттерiне көмiр қышқыл газының мөлшерi, температура, ауаның ылғалдылығы жатады. Бөлменiң ауасындағы көмiр қышқыл газының мөлшерi 3 проценттен, ылғалдылығы 90 проценттен және температурасы +31 градустан аспауға тиiс.
Скачать |