Мағжан ақынның дүниетаным әлемі


Жиырмасыншы ғасырдың басы — қазақ философиясының даму тарихы тұрғысынан әлі күнге дейін толық және терең зерттелмеген кезең. Бұл кезеңде әйгілі ақындар мен жазушылардан, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ерекше шоқжұлдызы: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды алыптар өмір сүрді. Олардың бізге жеткен шығармашылық мұрасын қайта жүйелі зерделеу кезінде бұл ойшылдардың сол заманда-ақ көтер­ген мәселелерінің мәні өте терең екенін және айтқан ойларының мағынасын енді ғана толық түсіне бастағанымызды байқаймыз. Шын мәнінде олар өз заманынан озық туған тұлғалар еді.

 

Жалпы, Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы Батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы — шығыстық философиядағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия.

 

“Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем, — деп атап көрсетті Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында, — тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады”.

 

Қазақ халқының философиялық және әлеуметтік ойын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескеріп, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру формасы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып зерделегені, жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету үшін оны герменевтикалық тәсілдің көме­гімен қайта саралағаны дұрыс болар еді.

 

Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдарының көзқарастары терең демократиялық және гуманистік сипатта болды. Олардың шығармаларында жалпыадамзаттық маңызға ие философиялық мәселелер — адамның болмысы мен еркіндігі, өмірдің мәні, дін мен еркіндіктің арақатынасы, т.б. мәселелердің де көтерілгенін атап айтуымыз керек. Қазақ ойшылдары адам бойындағы даралық қасиетке ерекше мән берді, кез келген кісіге қайталанбас жаратылыс жұмбағы ретінде қарады, адам мен ұлттың тарихтағы рөлін дұрыс бағалай білді. Филосо­фиялық мәселелерді ізгілік пен қараулық аясында қарастырып, дүниетанымдық ойларын этикалық бояумен астастыра бейнеледі.

 

Дәл осы кезеңде ғұмыр кешкен ең көрнекті қазақ ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев поэзия аспанын өзінің құдай берген жарқын талантымен ерекше шұғылаға бөледі. “Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, — деп жазады Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы “Мағжанның ақындығы туралы” деген мақаласында, — Абай да сөздің ішін мәнерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ”.

 

Ал қазақ халқының тағы бір кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезов 1927 жылы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің сауалдарына қайтарған жауабында “Мағжан — культурасы зор ақын... заманнан басып озып, ілгерілеп кеткен ақын бо­лады... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” деп жазады.

 

Бұдан біз көзі тірісінде-ақ Мағжан Жұмабаев жырларының қазақ халқы, тек қазақ халқы ғана емес-ау, бүкіл түркі әлемі зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. Шынымен-ақ, Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық философиялық-әлеуметтік проблемалар қатарында алдымыздан қайта шығып отыр.

 

Бұл пәнидегі қырық бес жылдық ғұмыры халқымыз тарихындағы атыс-шабысқа толы, зұлмат кезеңге тұспа-тұс келсе де, аттың жалында, түйенің қомында жүріп, артында сан ғасыр бойы ұмытылмайтын мұра қалдырған Мағжан Жұмабаев шығармашылығы соңғы 10-15 жыл шегінде егжей-тегжейлі зерттеле бастады. Көрнекті ғалым Ш. Елеукеновтің “Мағжан” монографиясы бұл бағыттағы елеулі еңбек болып танылып, лайықты бағасын алды. Алайда бүгінге дейін жарық көрген зерттеулердің көпшілігінде, негізінен, Мағжан Жұмабаев шығармашылығы әдеби-көркемдік тұрғыдан талданып келді. Ал оның жырларындағы терең толғаныстардың философиялық-дүниетанымдық астары, ақынды сан түрлі сезімге түсірген жағдайлардың әлеуметтік мәні зерттеушілер назарынан тыс қалып келеді.

 

Иә, Жүсіпбек Аймауытов сөзімен айтсақ, “Мағжан сыршылдығымен, суретшілі­гімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті”. Оның өлеңдері “әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді”.

 

Біздің бұған қосарымыз, ақын жырларындағы әлгі “нәзік үнді күйдің” де, “шерлі, мұңды зардың” да астарында қорғасындай ой жатыр, тұлғаның таңды таңға ұрған толғаныстары жатыр. Ол қандай ой, қандай толғаныстар?!




Скачать