Патриоттық тәрбие берудің педагогикалық негіздері
Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды , туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы"-деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, "ұлтжандылық", отансүйгіштік", " патриотизм", ұғымдары сол заманның ақиқаты - наным - сенімінен туындайды. Еліміз егемендік алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы-қазақстандық патриотизм болды. "Қазақстандық патриотизм" ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата-жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді. Бұл ұғымның педагогикалық жүгіне келер болсақ, ол болашақ Қазақстан азаматтарын тәрбиелеумен тығыз байланысты. Қазақстандық патриотизм - Отан-анаға деген сүйіспеншілік пен азаматтық ерлік, өнеге көрсетушілік, бойдағы білім пен білікті, ақыл-парастатты ел игілігіне жұмсау, ата-мекен мүддесіне арнау болмақ. Өз елінің өткенін, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін құрметтей білу де осы қазақстандық патриотизм құрамына кірсе керек. Патриотизм идеясының дамуы Аристотель, Платон, Цицерон есімдерімен де байланысты. Цицерон Отанға деген қатынасты патриоттық санадан іздестіреді. “Ең мәртебелі ой- толғамдар Отанның игілігі жайында болмақ”, -дейді Цицерон “Мемлекет туралы диалогінде”. /2; 105/ . Патриотизм идеясының дамуына француз материалистерінің , неміс философтарының да қосқан үлесі мол. Орыс революционер – демократтары да көптеген құнды идеялар көтерді. Жүсіп Баласағүни, Қожа Ахмет Яссауи,Әбу Насыр Әл-Фараби, Махмуд Қашғари т.б. еңбектерінде келелі, пікірлер айтылған. Асан Қайғы, Шалкиіз, Бұхар жыраулар, Махамбет Өтемісұлы да өз шығармаларына арқау етті. Патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уалиханов, Ы.Алтынсарин , Абай шығармаларынан да байқауға болады. Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық , саяси -әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне , ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын , өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Осыған орай Н.Ә.Назарбаев, - патриотизмді "әр этностың ұлттық сезімін сыйлап, бірде-бір ұлтпен қарама-қайшылық туғызбау"- деп белгілеген. Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келді. Одан, "ұлттық патриотизм", "қазақстандық патриотизм" - деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ, өсіп келе жатқан жас буындарды отаншылдыққа тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн; олардың мазмұндық құрылымы қандай ой-тұжырымдар жүйесінен тұрады; бұдан былайғы кезде жастарды патриотизмге бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдері, формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма?, - деген сияқты көптеген проблемалар туындап отыр. Скачать |