Шәкәрім Құдайбердиевтің педагогикалық көзқарастары
Қазақ халқының тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, ұлы Абай мектебінің дәстүрін жалғастырушы, өзінен кейінгі ұрпаққа сарқылмас мол мәдени мұра қалдырған Шәкәрім Құдайбердиев белгілі гуманист ақын, ойшыл тарихшы-шежіреші ағартушы, ғұлама болды. Шәкәрім Құдайбердиев халықымыздың қоғамдық ағартушылық, мәдени және әдеби өміріне белсене атсалысқан, ағартушылық-демократиялық, гуманистік идеяларды насихаттаған, Шоқан, Абай, Ыбырай ұстаған ағартушылық дәстүрді ілгері жалғастырушылардың бірі болды. Шәкәрім жөнінде жарық көрген әдебиеттерді жан-жақты талдай отырып, оның педагогикалық көзқарасын, ағартушылық қызметін, ақынның даралық ерекшеліктерін танытатын қасиеттерін саралай келе ғылыми жүйеге келтіріп зерттеу және болашақ мұғалімдерді даярлау жүйесінде кеңінен пайдалану, мектеп мұғалімдеріне бұл бағытта әдістемелік нұсқаулар беру қажеттілігі туындайды. Шәкәрімнің ағартушылық-педагогикалық көзқарасы туралы айтқанда, оның өлеңдері мен поэмаларын, ғылыми еңбектері мен аудармаларындағы тәлім-тәрбие мәселелеріне талдау жасалады. Адам санасына сіңіп, бойына тазалық пен инабаттылық дарытатын көркем шығармалардың тәрбиелік мәні зор. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, егемен ел болған заманда туған халқымен қайта қауышқан алыптарымыздың бірі Шәкәрімнің шығармаларын оқыту, оқытып қана қоймай, терең сырлы құпиясын ашып, оның адамдық, азаматтық құқық жайында жазған өлеңдеріне талдау жасау мектеп мұғалімдеріне зор міндет жүктейді. Жас ұрпақты адамгершілік биік мұраттарға, адалдық пен ақылдылық, парасаттылық пен азаматтыққа үндейтін Шәкәрім шығармалары бүгінгі күні жоғары және орта оқу орындарында оқытыла бастады. Шәкәрімнің «Кісіге адамшылық неге керек?» өлеңінде адамдық пен айуандық бір-бірімен бетпе-бет келіп, адамдық қасиеттің орны белгіленеді. Кісіге адамшылық неге керек, Адамдық өзге айуаннан артық демек.
Ит талаған төбеттей қалай дейсің, Аямай әлі келгенді жұлып жеген жемек, - деп оқырманға ой тастайды, пікір сұрайды. Мейірім жақсы, зұлымдық жаман дейсің, Қасқырлыққа қайтасың құр дөңгелеп, Жаны ашып, жәрдем қылмай өткен адам, Өсіп, өніп құлаған бір бәйтерек, - деп өзі өлеңінде адамды адам ететін, адалдық пен азаматтыққа жеткізетін амалды, түрлі жолдарды іздестіреді. Адамның түзу жолда жүруіне, ар тазалығы мен жан тазалығына ақылдың ұнемі көшбастаушысы болып отыруын қалайды. Білімділер сөз жазып зарлағанда, Ой кзіп, жердің жүщін шарлағанда, Алдаусыз адам өмірін түзетерлік, Әділет, ынсап, мейірім бар ма адамда, - деп толғанып, өз заманының, қоғамын сынап, адам бойындағы жағымсыз мінез-құлықтарға жиіркене қарайды, басқаларды да жиіркендіреді. Скачать |