Шәкәрім поэтикасы


 

Бүгінгідей түрлі мәдениеттер тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани өресін биіктеткен тұлғалардың қалдырған мұрасына қайта үңілу оның тағылымдық мәнін қайта зерделеу – заман тудырып отырған қажеттілік. Өткен ғасырдың күрделі кезеңінде өмір сүрсе де ғаламдық ой таным дәрежесіне көтерілген Шәкәрім Құдайбердіұлының әдеби мұрасының түп қазығы – «ақ жүрек», «таза ақыл», «адал еңбек» иесі түзу адамды қалыптастыру, сол арқылы қоғамды түзеу. Ар ілімін адамдық сапаның алдына шығарып бүкіл поэзиялық туындыларына өзек еткен Шәкәрім тағылымы бүгінгі күн үшін де аса қажетті әрі көкейкесті мәселе болып отыр. Ұлы Абайдың ізбасары бола отырып, ұстазы жеткен деңгейде қалып қоймай  өзгеше өрнек тауып, қайталанбас қолтаңба қалдыруының өзі – Шәкәрім ұлылығын айғақтайтын басты белгі. Бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі – дін тақырыбына қатысты ақынның тұжырым, түйіндерін танып білудің маңыздылығы да дау тудырмайды. Себебі, ғұлама суреткер дін мәселесін шын ақыл мен салқын сана арқылы сараптап, негізгі өзегін өмір игілігіне айналдыра білген. Жаратылысқа деген сенім мен сүйіспеншілікті махаббат пен мейірімнің, жақсылықтың  көзі ретінде бағалау арқылы қалың жұртын өмірді сүюге, адамды аялауға үндеген. Күрделі болмыс иесінің шығармашылық мұрасын әр түрлі аспектіде тереңдей, кешенді түрде қарастырудың қажеттілігі де осыдан туындайды.  

Зерттеудің өзектілігі.Шәкәрім поэтикасындағы күрделі тақырыптарды дүниетанымдық тұрғыдан көркем бейнелеу үлгісін ғылыми саралау – бүгінгі қазақ поэзиясының бастау көзедерін анықтауға негіз болады. Соны ізденістер арқылы Шәкәрім өлең сөздерін жетілдіріп, рухани әлемімізді жаңа әдіс- тәсілдермен, бейнелік оралымдармен, жаңа сөз тіркестерімен образдық үлгілермен толықтырған. Шәкәрімнің поэтикалық әлеміндегі бейнелі суретті образдардың мәні қазақтың ғана емес, жалпы адамзаттық ақыл-ой дүниесімен астасып жататындығымен құнды. Қандай да бір мәселені тілге тиек етсе де ақынның ерекшелігі оны кең ауқымда алып, өлең өлшеміне өрісті оймен сыйдыра білген. Бұл қасиет сөз зергерінің шағын өлеңдерінде де, көлемді туындыларында да бөлекше бітімге, әсерлі айшыққа ұласқан. Ақын поэмаларының тақырыптық жүйесі, жанрлық түрі, идеялық және мазмұндық негіздері қазақ поэзиясындағы тың үрдісті танытады. Онда дәстүрлі шығыстық сөз саптау үлгісі мен батыстың дамыған әдебиетінің ықпалы өзара үйлесім тапқан.  Шәкәрім Құдайбердіұлының көп қырлы шығармашылығы тақырыптық мазмұны, көркемдік болмысы алуан түрлі, әрі күрделі. Оның негізі қай қоғамның да көкейкесті мәселесі болып келген адам тұлғасы мәселесін көтеруде жатыр. Ақын шығармашылығының түп тірегін және шешуші мәнін құрайтын адам мен қоғамның, адам мен тылсымның (жар- жаратушы) мәселелерінің мәнін ашу іргелі зерттеуге негіз боларлық өзекті мәселе. Шәкәрім дүниетанымы өзі өсіп өнген жұрттың ауқымынан асып, бүкіл адамзаттық мазмұндағы ойлармен сабақтасып жататындықтан оның көркемдік әлеміндегі әрбір сөз қолданысы мен ой образының мәні терең. Сөз арқылы адам түзетпек болған сөз зергері шығармашылығының көркемдік поэтикасын ғылыми саралаудың аса маңызды қажеттілігі де осыдан туындайды. Өйткені барлық замандарға тән мәңгілік тақырыптарды (жан мен тән, өмір мен өлім, адам мен жаратылыс) бейнелеудегі поэтикалық үлгілер көнеден күні бүгінге дейін түрлі даму сатыларын басынан өткерді. Бұл жағдай Шәкәрім өмір кешкен аумалы-төкпелі трагедияға толы заманда ғана емес оған дейін де, бүгінгі күні де адамзат үшін аса маңызды тақырып. Ақын қалам тербеген аса елеулі тақырыптарда қоғам, әлеумет мәселелері терең ойшылдықпен көркемделіп ақын поэзиясы философиялық және терең әлеуметтік мазмұнға ие болады.  Сонымен бірге руханиятымыздың өзгеше сипатты поэтикалық көркемдік болмысын қалыптастырып, аясын кеңейтеді. Әдебиеттің ежелден бергі обьектісі адам болмысы, адамды тәрбиелеу, жетілдіру болса Шәкәрім бұл тарапта қазақ қоғамының азаматын тәрбиелеудің өркениетті үлгісін әлдеқешан-ақ  сомдаған, жеке адамды түзету арқылы қоғамды түзету, адам баласының өмір сүру барысындағы үздіксіз іздену, өзін-өзі жетілдіру мәселесіне ден қойғанда ғана тіршілікте үйлесім болатындығын ақындық шеберлікпен көркем бейнелеген. 




Скачать