Студенттердің педагогикалық практикасын жетілдіру


 

Зерттеудiң көкейкестiлiгi.  Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағдыға қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеге лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады» - делінген. Елбасы қол қойған мемлекетік білім бағдарламасында жоғары білім мен ғылымды ұштастыра жүргізу жан-жақты айқындалған. Осы міндеттерді жүзеге асыруда, біріншіден педагогтың кәсіби білімін арттыру, екіншіден, жоғары оқу орындары студенттеріне қойылатын талаптарды күшейту басты назарда болуы тиіс.Сондықтан педагогикалық білімі бар маманның кәсіптік-педагогикалық шеберліктерін шыңдаудың педагогикалық шарттарын, заңдылықтарын және ерекшеліктерін зерттеу айырықша мәнге ие.

Педагогикалық практика кәсіптік оқыту педагогының кәсiби даярлығы жүйесiнде мынадай маңызды қызметтер атқарады: оқытушылық; дамытушылық;  тәрбиелiк;  диагностикалық. Осыған орай кәсіптік мектептегі педагогикалық практика университеттегi теориялық оқыту мен студенттердiң оқу-тәрбие мекемелерiндегi өзiндiк жұмысы арасындағы байланыстырушы буын болып табылады, студенттердi алғашқы, әрi өте құнды педагогикалық iс-әрекет тәжiрибесiмен қаруландырады, теориялық бiлiмдердi  бекіту мен тереңдету құралы ретiнде қарастырылады.

Практика ұғымының философия, психология, педагогика ғылымдарында өзіндік қалыптасу тарихы болғандықтан теориялық талдау мен практиканың рөлі жөнінде В.И.Лениннің, К.Маркстің, Ф.Энгельстің, И.Т.Фроловтың, Ә.Нысанбаевтың, Д.Кішібековтердің еңбектерінде философиялық тұрғыда теория мен практика ұғымдарының мәні талданып, А.Н.Леонтьев,  С.Л.Рубинштейн, Б.Ф.Ломов, Л.С.Выготский, Б.Г.Ананьев, Н.К.Вахтомин,  Т.Тәжібаев, А. Темірбеков, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Алдамұратов, Х. Шериязданова, С.М. Жақыпов және т.б. еңбектерінде практика  таным процесінде ақиқатқа жетудің көзі  деген тұжырымдар жасалған.

А.В.Усова,  Г.А.Бакулина, Е.Б.Весна,  Ш.А.Абдраман, О.А. Абдуллина, В.А.Сластенин, С.Я. Батышев,  Б.К. Момынбаев, В.В. Егоров, Б.Ә. Әбдiкәрiмов, Н.Д.  Хмель, Н.В. Кузьмина, Л.К. Керімов, Т.П. Смолкина, А.А. Калюжный, Г.К.Нұрғалиева, Б.Р. Елманова, А.И. Пискунов, С.Яковлев, Б.Р. Айтмамбетова, Қ.Қ. Шалғынбаева, Л.И. Гусев, Г.К. Байдельдинова, Н. Иванова және т.б. ғалымдар жоғары мектеп педагогикасында педагогикалық практиканың орны мен маңызы туралы, А.И.Щербаков, В.В.Воробьева, Г.И. Михалевская, А.И.Панталеева және т.б. жалпы теориялық мәселелері, мазмұны, ұйымдастыру әдістері; А.П.Упорова, Н.А.Шамков, М.К.Танасейчук, Н.Е.Жақсылықова, Г.М. Сарсенбаева, А.Б.Бекманова практиканың оқу процесі мен студенттердің өзіндік жұмыстарындағы рөлін және орнын анықтау; В.А. Радионова, А.Ф. Линенко, К.С. Төребаева,  А.Б. Нургожина, К. Әбдімәжитұлы, К.І. Аманқұлов, А.И. Балабаева,  С.А.Жолдасбекова кәсіби маман даярлауды жетілдіру; Н.З.Еловая, В.К.Розов, С.Ш.Әбенбаев және т.б топ кураторы профессиограммасын құрастыру туралы ғылыми зерттеулер жүргізілген. Сонымен бірге А.П.Сейтешев педагогикалық практиканы теориялық білімдерін, педагогикалық іскерліктері және дағдылармен ұштастырып, кәсіби сапаларды қалыптастырушы маңызды алғышарты ретінде көрсеткен. Зерттеу барысында аталған ғалымдардың еңбектері мен педагогикалық практиканы жетілдіру туралы ғылыми тұжырымдары басшылыққа алынды.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес жастардың бойында адамгершілік қасиеттердің: ұлттық мақтаныш, патриоттық сезім, адамдарға гумандық қарым-қатынас, ұлттық үрдістегі өзіндік мәдениетін  сыйлауды, адамгершілік мінез-құлықтың қалыптасуын талап етеді. Бұл болашақ кәсіптік оқыту педагогтарының жеке тұлғасын тәрбиелеуші ретінде қалыптастырудың жаңа  тәсілінің дәріптелуін,  кәсіптік-педагогикалық білім берудің заман талабына сай жаңа мақсаттарын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінуін,  тұлғаның қоғам дамуының белгілі бір деңгейге жетуін талап етеді. Осы мәселелердің іске асуы жоғары оқу орындарында кәсіптік мектептерде педагогикалық практиканы өткізудің дұрыс жолға қойылуына тәуелді.  Әзірге, жалпы тәрбие мәселесі, оның ішінде педагогикалық практика білім беру процесімен, оның мазмұнымен, жаңа бағдарламалармен, оқулықтармен, оқыту технологияларымен шектеліп отыр. Тәрбие мәселесінің кәсіптік жоғары оқу орындарында көлеңкеде қалып қойғаны жөнінде айта кеткен жөн. Қазіргі қалыптасқан жағдай екі әртүрлі, бірақ өзара байланысқан оқыту мен тәрбиелеу процесін бір «білім беру» терминіне біріктіреді. Соның нәтижесінде жалпы тәрбие процесі, оның ішінде педагогикалық практика барысындағы тәрбие мәселесі назардан тыс қалып қойды. Егер білім берудің құраушылары үнемі жаңаланып отыратын білім беру жүйесімен байланысты мазмұнды танымдық контекске бағытталған болса, онда тәрбие құраушылары жеке тұлғаның құндылық құрамына, оның адамгершілік, рухани мәдениетіне бағытталған кәсіптік мектеп тәрбие жұмысын ұйымдастырудың қазіргі жағдайын қанағаттанарлық деп есептеуге болмайды, ол кәсіптік мектеп оқушыларына  тәрбиенің жеткіліксіздігімен тікелей байланысты. 




Скачать