Астана-Қазақстанның бас қаласы


Астана-Қазақстанның бас қаласы

Астана-Қазақстанның бас қаласы.
Көк туды көкке ілгізген,
Ғаламға құлақ түргізген,
Заманға пырақ мінгізген,
Түндері бірдей күндізбен
Бұл Астана менікі!
Д. Мәсімхан.

Шыңдары көкті тіреген асқақ Алатау баурайынан Ұлы даланың кіндігіне көшіріліп, ерке Есілдің жағасынды бой түзеген әсем Астана-жаңа ғасыр ғажабынан жаралған жас қала. Жер шарының картасынан Астана атауы да өз орнын алды. Қара шаңырақ астында дүниеге келген қазақ көк әлеммен тілдескен үйлерді құтты қонысқа айналдырып, қысылып-қымтырылмай жаһан халықтарымен иық тірестіріп тұратындай дәрежеге жетті. Үшінші мыңжылдық табалдырығын ұлт болып ұйып аттаған қазақ елі болашаққа нық қадам басып, алыс қияндарға жанарын жіті қадайды. Қазақстанды асқар асуларға бет алған керуен десек, Астана оның адастырмас темірқазығы іспетті. Жұлдызы оңынан туған сапардың сәтті болары анық.
Астана сөзінің елдің орталығы мағынысында қолданылуы да тегін емес. Өйткені Астана сөзі ықылым заманнан сақталған ,,Орда,, ,,Ел-жұрт,, дегенді білдіретін ауқымды ұғым. Астананың елді, халықты  мемлекет етіп ұйымдастыруға қатысты ықпалды ұғым екендігінің дәлелі ауыз әдебиеті үлгілері мен жыраулар поэзиясынан кездеседі. Мысалы Мұрат ақын:
Алас болып алдасқан,
Мұнар болып тұлдасқан,
Мұсылман болып дінді ашқан
Мұның бәрі ,жігіттер,
Бір кісіден табылмас
Астана жұртқа жарасар!-
деп  жырлайды. Осы арқылы Астананың ұйымшыл, ақыл-кеңесшіл ұғым екендігін аңғартады.
Тарих қойнауына саяхаттасақ, қазақ елінің астаналарында атау өзгерту аз болмағанын көреміз. Қызыл кеңес кезіндегі алғашқы астанамыз  Орынбор қаласының неміс сөзінен шыққан Оренбург атауын тілімізге икемдеп өзіміз бір өзгертсек, сол тұстағы кеңестік атау өзгерту қатарына ілігіп ол қала Чкалов атанған көрінеді. Екінші астанамыз патша өкіметі тұсында Перовск атанған, қызылдардың келуімен Астана болған  Қызылорда, Верный болып келген Алматы, ойлап қараса өзгертулердің барлығы тікелей ел орталығы болуымен байланысты. Ең бастысы мұнда ешбір арам пиғыл жоқ, қайта жаңашылдыққа деген ұмтылыс бар. Сонау тың игеру кезінен Целиноград атанып, тәуелсіздіктің ақ таңымен тарихи Ақмола атауын еншілеген Сарыарқа төріндегі қайсар қала бүгінде елорда мәртебесіне орай Астана деп арайландырылып, Есіл жағасында еңсесін тіктеп келеді. Астанамызды әйгілеу- дербестігімізді тағы бір мәрте дәлелдеуімізбен тең. Астананың еліміздің бас қаласы болып жариялануында үлкен саяси-экономикалық мән де жатыр. Өйткені Астана еліміздің  кіндігінде, күре жолдардың қиылысында орналасқан. Бұл бір елорданың емес, жалпы Қазақстанның геосаяси дамуының негізі. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев осы сынды ерекшеліктерді көрегендікпен болжап, ел астанасын Алматыдан Сарыарқа төріне көшіруді ұйғарған еді.
Сан ғасыр бойы қазаққа құтты мекен болған Сарыарқа мен Есіл дүбірге толы беймаза  шақты екінші мәрте бастан кешіріп отыр. Күні кеше болат түренмен киелі жердің жон терісін сыпырып, ұрандаған тың игерушілердің үнінен өзгешелеу, бейбіт әуенділеу көкке мойнын созған крандар мен сансыз техниканың дамылсыз дүбірі бұл атыраптың  мимырт тіршілігін бұзғалы қашан. Бірі ана, бірі әкедей болып кеткен Жер мен Өзеннің бұл ұлы дүбірге тамсана құлақ түріп, алғашқы сәбиінің сыңғыр күлкісін естігендей елітуі игі бастама мен ізгі ниеттің әсерінен болар.
Бас аяғы бес жылда бәйтеректей биіктеген Астананың сұлу күйі әлем назарында. Елорданың түлеу мен түрлену кезеңі әлі алда. Елбасының ,,Астананың өркендеуі-Қазақстанның өркендеуі,,  деген терең тұжырымдамасын қағида етіп ұстанған жасампаз күш иелері қала келбетін одан әрі сұлуландыруда. Еуропаның сәні мен шығыстың нәзік нақышы қатар өрілген, өркениеттің сәтті қабысуы нәтижесінде ажарланып, абаттана түсетін асқақ Астана ұлтымыздың мақтанышына айналмақ. Елордада бой түзеген ,, Астана-Бәйтерегі,, тәуелсіз Қазақстанның бейнелі белгісі іспетті. Франция еліне Париж қаласына барған жан ең алдымен Эйфиль мұнарасын іздейді. Бәлкім  Бәйтерек болашақта Астанамыздың бейнелі белгісі  болар.
Үш жүздің билігін тізгіндеген әз-Тәуке алаш қамы үшін сахараның кіндігі- Сарыарқаға орда тіктірген екен. Араға төрт ғасыр салып сол даналық қайталанды.
Нұр ағамыз өзінің көрегендігімен жаңғыртқан игі бастама  әлі талай игілікке ұласар істің басы. Астана тарихын айғақтайтын осындай игіліктің бірі- данышпан бабамыздың асыл арманын орындатып, елорда іргесін ғибадат ететін айбынды белгі орнатты. ,, Астана-Бәйтерегі,,- ұрпақтар сабақтастығы мен тарихтың көркем тоғысуының белгісі екені рас.
Экономикалық және саяси-әлеуметтік маңызы зор елорданы осы заманға сай үлгіде абаттандыру - әлемге еліміздің жаңашыл үрдісте дамығандығын, жаһан өркениетінен қалыс қалмағандығын танытады. Қалай дегенімен де Астана Қазақстанның бет пердесі. Сол себепті Астананың өркендеуі-Қазақстанның өркендеуі.
Кеше ғана қан ғасырда Сталиндік кісенді салдырлатқан Ақмола- бүгін,міне, әлем халықтары көзін тіккен Астана.
Астана елорда ғана емес, рухани орда, мәдени орда да болса деп армандаймын. Астанаға шоғырланған қазақ жастары  күні кеше есіктен сығалаған тілімізді елорданың төріне, мінбелерге шығарса деген үміт болат түренмен ақтарылған жердің қаңсығанын көріп, жүректері қоса тілінген әр қазақтың кеудесіндегі үміт сәулесі. Сол сәуле құлан иек құла таңмен  Қазақстанға нұр болып себезгілесе бұдан асқан бақыт барма, сірә!
Осынау байтақ даланың шығыс өңірі Ертіс жағасынан Сарыарқа мен Есілдің төл сәбиіндей еңселі қалаға деген сүйіспеншіліктен туған ниет қабыл болғай!







 


Скачать