Қытайдағы ұлтаралық қақтығыстардың шығуы
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қытай Халық Республикасы дүниежүзі бойынша ең халқы көп және көпұлтты мемлекет. ҚХР құрылған кезден бастап Қытайда, оның ішінде автономды аймақтарда болып жатқан ұлтаралық процестеріне, ондағы өзгерістерге, халықтың демографиялық жағдайына және хан ұлтынан басқа аз санды ұлттарға жүргізіп отырған саясатына және де ҚХР жаңа ғасырдан бастап батыс аймақтарында жүргізе бастаған «Батысты ауқымды игеру» стратегиясына салыстырмалы талдау жасалады. Тақырыптың өзектілігі. Қытай Халық Республикасы дүниежүзі бойынша халқының саны жағынан дүниежүзіндегі ең ірі мемлекет болып табылады. Осы тұрғыдан да ондағы мекендеуші ұлттар мен ұлыстардың, жалпы ҚХР-дағы ұлтаралық байланыс жағдайды зерделеу бүгінгі күнгі өзекті де, қызықты тақырыптардың бірі болып отыр. ҚХР тек халқының саны жағынан алдыңғы орынды иеленіп қана қоймай, халық санының тез өсуімен де әлем демографиясына ықпал етіп отыр. Әлемнің басқа елдерінде ұлтаралық фактор Қытайдағыдай маңызды рөл атқармайды. Қытайдағы ұлтаралық фактор елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай қиындықтар туғызуда. Қазіргі Қытайдағы оның ішінде автономды аймақтарда болып жатқан әлеуметтік-экономикалық оң өзгерістер ұлтаралық байланыстардың өсуін қамтамасыз етті. Бұл өз кезегінде ең бірінші ішкі қытайдың азұлттарға жасап отырған саясатына көңіл аударуларына негіз болды. Қытай Халық Республикасы құрылған кезден бастап қазіргі кезге дейін халық саны туу мен табиғи өсуді азайтуға байланысты қатаң әкімшілік және экономикалық шараларға қарамастан 1949 жылғы 563 млн. адамнан 2000 жылы 1 млрд. 285 млн. адамға, яғни шамамен 1.5 есеге өскен. Жоспарлы туу саясатының жүзеге аса бастауымен негізінен хандықтардың санының өсуінде азайған жағдайларды көретін болсақ, аз санды ұлттардың ішінде керісінше халық санының өсу процесі байқалады. Бұл қытайдағы ұлтаралық қақтығыс пен байланыстарға өз әсерін тигізеді. Ал осы аз санды халықтардың 70%-ы батыс аудандарда шоғырланғанын және жаңа ғасырдан бастап аталмыш аймақта халық санының жылдам өсіп келе жатқанын естен шығармау керек. Жас құрылымын жасанды деформациялау әлеуметтік және этникалық негативтің күшеюіне, түрлі ұлттың табиғи ынтымақтастық процесінің бұзылуына әкелуі мүмкін. Халық санының тым көп болуынан Қытайдың технологиялық және мәдени жетілдіру процестері тежеледі және халықтық тұрмысының деңгейі мен сапасын жақсартатын процестер баяулайды. Бұл өз кезегінде хань жерінде мекендеген басқа ұлт өкілдерінің тынышын бұзады. Оған қоса экономикалық реформалар жүргізіле бастаған кезбен байланысты ұлтаралық байланыс ерекше жалпылау мен ұғынуды қажет етеді. Қытайдағы ұлтаралық байланыстарға талдау жасау, оны түсіну, идеологиялық, әкімшілік, экономикалық және мәдени ықпал ету арқылы әлеуметтік-этникалық процестерді басқарудың мол тәжірибесін сараптау және түсіну қазіргі Қытайдың әлеуметтік-экономикалық, ұлттық саясатын зерттеуде ерекше орын алады. Онымен қатар Қытайдың әлеуметтік-экономикалық процестерді басқарудағы тәжірибесі дамушы және өтпелі экономикасы бар елдер үшін таптырмас бағыт болмақ. Әлем тарихында көлемі жағынан және жүйелілігі жағынан саяси, идеологиялық және әкімшілік болып бөлінетін ұлтаралық байланыс саясаттың «қытайлық феномені» еш жерде кездеспейді. Осы тұрғыдан да оны зерттеу Қытай үшін ғана емес, әлемдік әлеуметтік тәжірибе мен ғылым үшін маңызы зор. Әлемдік ғылымға жұмбақтау болып келетін Қытайдың көлемі жағынан үлкен және әр алуан болып келетін демографиялық тәжірибесін, идеология мен саясат, мәдениет пен дәстүрді қолдау шаралары арқылы халықты өсіру және неке саласында шектеу шаралары арқылы оны шектеу, көп адамдардың ерікті көші-қоны, оларды қайта тәрбиелеуге ауылдарға баруы және өндірісті дамыту үшін жасалған ондағы урбанизация процестерін зерттеудің өзектілігі мен қажеттілігі Қытайдың дамуына септігін тигізумен қатар бүкіл адамзаттың дамуына әсер ететіні күмән тудырмайды. Диссертациялық зерттеу нысаны –ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қытай Халық Республикасының ұлттық аудандарындағы ұлтаралық байланыстар жағдайы болып табылады. Жұмыстың зерттеу пәніне – ҚХР-дың ұлттық аудандарындағы ұлтаралық процестер және аз санды халықтарға жүргізіп отырған мемлекеттік саясат жатады. Онымен қатар батыс аймақтағы ұйғыр сепаратизмі, ШҰАА экономикалық дамуы, халық саны, жастық, жыныстық және халықтың әлеуметтік құрылымдары, көші-қонның қарқындылығы мен бағыты секілді ұлттық сипаттардың өзгерісі бітіру жұмыстың зерттеу пәнін анықтайды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бітіру жұмысында қарастырылған мәселелерді зерттеумен негізінен шетелдік және отандық ғалымдар айналысады. Алайда бұл мәселемен айналысатын отандық зерттеушілер айтарлықтай көп емес, жоқ деуге де болады, яғни Кеңес Одағының ыдырауымен оның орнына он бес елдің құрылуынан бастап шығыстану ғылымы республикамызда кенжелеп қалды. Сондықтан да қазіргі таңда осы саланы зерттеумен айналысатын көптеген шығыстанушы мамандар басқа шет мемлекеттерде ғылыми жұмыспен айналысуда. Бұл жұмысқа қатысты батыстық әдебиеттерді зерттеу барысында ол құжаттарда Қытайдың ұлттық байланыс мәселелері толығымен көрсетілмегенін, терең түрде зерттелмегенін байқауға болады. Бұл еңбектерде тек бір ғана бөлігі көрсетіліп, қарастырылып отырған мәселе толығымен объективті түрінде берілмей, оқырмандарға біржақты болып көрсетілді. Бірақ олардың ішінде де құнды деректерді кездестіруге болады. Аталмыш диссертация жазу барысындағы ғылыми зерттеу жүргізуде біз отандық зерттеушілердің де еңбектерін пайдаландық. Скачать |