Орыс жылнамаларындағы түркі текті есімдердің әлеуметтік мәні мен тарихи-этимологиялық сипаты


 

Көне түркі ономастикасына қатысты маңызды материалдар  түркілер  мен славяндардың ұзақ уақыт бойы тығыз қарым-қатынаста болғанын дәлелдейтін ежелгі славян ескерткіштерінде көрініс тапқан. Бұл қарым-қатынас пен өзара тығыз байланыс Киев Русінің қалыптасу кезеңінде және оның тарихи даму кезінде Шығыс Европада мекендеген, осы территорияда бірқатар мемлекеттік билігін жүргізген түркі тайпасымен тығыз қарым-қатынас орнату кезеңінде ерекше мәнге ие болды. Н.А. Баскаков славяндар мен көне түркі тайпаларының арақатынасын былай көрсетеді: «Ежелгі орыс жазба ескерткіштерінде, оның ішінде негізінен қолжазба ескерткіштері мен көркем шығармаларда Шығыс Европадағы  көне түркілердің  топонимдері, антропонимдері мен этнонимдері сақталған. Бұл мәліметтер филологтардың, этнографтардың, тарихшылардың қызығушылығын арттырып, зерттеуге септігін тигізген». Ежелгі орыс мұраларынан табылған түркілер ономастикасына қатысты бұл құнды материалдар зерттеушілердің бірқатар еңбектерінде айқын жарық көрді. Мысалы, Н.А.Баскаковтың еңбегінде қыпшақ антропонимдері мен этнонимдеріне дәйекті талдау жасалды, Шығыс Европадағы көне түркілер этнонимдері мен антропонимдерінің моделіне типологиялық сипаттама берілді, түркілердің мифологиялық және эпикалық кісі есімдері әртүрлі аспектілерде зерттелді, т.б. Кең көлемді бұл материал ғалымның «Слово о полку Игореве» деген монографиясы мен «Русские фамилии тюркского происхождения» кітабында, бірқатар мақалаларында жан-жақты қарастырылды. 

Ежелгі орыс тіліндегі түркі лексикасын зерттеуші И.Г.Добродомов ежелгі орыс мұраларындағы түркі ономастикасы мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Оның зерттеулерінде функционалды және этимологиялық тұрғыдан бірқатар қыпшақ антропонимдері талданды, ежелгі орыс этнонимдеріндегі булгаризмдер, ежелгі орыс мұраларындағы түркілік топонимдер мәселелері қарастырылды.

К.Менгестің «Восточные элементы в «Слово о полку Игореве»  еңбегінде түркі ономастикасы мәселесіне қатысты бірқатар құнды ескертпелерін көрсетеді. Тіліміздегі антропонимдердің шығу, даму негізі халқымыздың өткендегі тарихымен тікелей байланысты. Қазіргі тіліміздегі кісі аттарының көбінің көне түркі есімдермен түбірлес, мағынасы ұқсас, жасалу тәсілі мен құрылысы жағынан бірдей болып келуінің сыры - есімдердің шығу тарихы жағынан көне түркі заманы мен орта ғасырларда пайда болған антрополексемалық жүйенің  жалғастығы болып саналатындығында. 




Скачать