Қазақстан экономикасының тарихы


Қазақстан экономикасының тарихы

 

Қазақстан экономикасының тарихы

 

    Экономикасы. Қазақстан экономикасы көне заманнан бастап Қазан төңкерiсiне дейiнгi кезеңде көшпелi мал ш-на негiзделдi. Мал жыл бойы өрiсте бағылады. Жер көшпелi қауымның ортақ меншiгi болып саналып, қазақ шаруалары оны қауымдасып пайдаланды. Мал жеке меншiкте болды. Шын мәнiнде малдың иесi жайылымға да иелiк еттi. Қазақстан Ресейге қосылған, одан мемлекеттiлiгi жойылған кезеңнен бастап, әсiресе, 1891 ж. Дала ережесi өмiрге енгiзiлгеннен кейiн, көшпелi ш-тың сипаты өзгердi. Тауар-ақша қатынастарының дамуы көшпелiлердiң едәуiр бөлiгiн жерсiз қалдырды, ал шұрайлы жайылымдық алқаптар ауқаттылардың қолына шоғырланды. Көшу ұзақтығы едәуiр қысқарып, табынның құрылымы және малды бағып-күту жағдайлары өзгердi. Тұрақты тұрғын үйлер мен мал қоралары пайда болды. Болыстар мен ауылдарға бөлiнген жерлердiң шекарасы айқындала бастады.

 

    9 ғасырың аяғы мен 20 ғ-дың басында көшпелi ш-ты дағдарыс шарпыды. Бұқараның кедей топтары қайыршылыққа ұшырап, мал басы кемiп кеттi. Көшпелiлердiң кедейленген бөлiгi отырықшыға айналды. Дағдарыстың тереңдей түсуiне патша өкiметiнiң ең шұрайлы жерлердi тартып алып, қоныс аударушыларға берген отаршылдық саясаты қатты әсерiн тигiздi. Шын мәнiнде бұл байырғы халықты ата мекендерiнен күшпен ығыстырып, құнарсыз жерлерге қуу болды. 1917 жылға дейiн патша үкiметi қазақтардан 45 млн. гектардан астам жердi тартып алып, iшкi Ресейден келген жаңа қоныс тебушiлерге алып бердi. Патша үкiметiнiң қоныс аудару саясаты жергiлiктi халықтың экон. мүдделерiне нұқсан келтiрдi. Ол қазақтардың ата-бабаларының құнарлы қоныстарын қоныс аудару қорына күшпен алып қосу арқылы жартылай отырықшы мал ш-на және егiншiлiкке бейiмделмеген қазақ көшпелiлерiнiң табиғи дамуын тежедi. Көшпелi ш. дағдарысы құнары аз аймақтарға ығысқан жұрттан мал ш-н анағұрлым тиiмдi жүргiзудi, сондай-ақ, егiншiлiк пен отырықшылыққа көшу мәселесiн шұғыл күн тәртiбiне шығарды. Қазақ халқының жерге қоныстану, оны пайдалану жолындағы күресi, атап айтқанда, жердi әдiл бөлу, орталықтан көшiрiп келген шаруаларға кепiлдi жер телiмдерiн қазақтардан тартып алып берудi доғартуға ұмтылу аса маңызды мәселелердiң бiрiне айналды. Қазақтардың Мемл. Думаға, басқа да мекемелерге жазған көптеген арыздарында жер иелену құқықтарының нақты еместiгi салдарынан көшпелi ш-тар жағдайының тиянақсыз болып отырғандығы атап көрсетiлдi. Мұның өзi олардың еңсесiн түсiрдi, ертеден орныққан үй-жай, қора-қопсыларынан айрылып, шөл және шөлейт, басқа да қолайсыз аймаққа қайта орнығуға, шаруашылықты жетiлдiруге деген ықыласын кемiттi. Отырықшылыққа көшу қазақ шаруалары үшiн қиын үдерiс болды. Жер иелену құқығымен қоса бұған белгiлi бiр мөлшерде қаржы-қаражат та қажет едi. Ал патша үкiметi қандай да бiр көмек көрсетуден бас тартты. Осындай себептерге байланысты қазақ жерiнде отырықшылыққа көшу кең таралмады. Бұл үдерiс егiншiлiктi дамытуға анағұрлым қолайлы жағдайлары бар солт.-шығыс облыстарда, қоныс аударған орыс шаруаларымен тығыз араласқан жерлерде өрiс алды. Сөйтiп, Қазақстанда әрқилы табиғи-геогр. және тарихи жағдайларға байланысты шаруашылықтың көшпелi, жартылай көшпелi және отырықшы сияқты үш түрi қалыптасты. Соңғы екеуiнде шөп шабу мен егiншiлiктi дамыту нәтижесiнде а. ш. машиналары пайдаланыла бастады. Қазақ ауылдарында бұл машиналарды алдымен бiрлесiп, кейiнiрек жекелеген адамдар несиеге сатып алды. 1908 ж. тек Ақмола обл-ның қазақтарында 6160 шөп шабатын машина болды.

 

    Тауар-ақша қатынастары қазақ ауылына дендеп енiп, бiр жағынан, шаруалардың шаруашылық қызметiнiң ауқымын кеңейттi, екiншi жағынан, өсiмқорлық сауда-саттықтың дамуына жол ашты. Дәулеттiлер бүкiл малды, қауымдық жерлердi өз қолдарына шоғырландырып, барлық су көздерiн, қыстақтар мен жайлауларды иемденiп алды. Қазақ қоғамының көпшiлiгi iс жүзiнде өндiрiс құрал-жабдығы жоқ кедейлер едi. Сауда-саттықты кәсiп етушiлер мен өз шаруашылығында жалдама еңбектi пайдаланушылардың қатары молайып, саудагерлiк-кәсiпкерлiк өрiс алды. Сөйтiп, қазақ жерiндегi нарықтық қатынастардың алғашқы нышандарының шаруашылыққа, шаруаның жеке тұтыну қажетiне ықпалы күшейдi.

 

    Тауар-ақша қатынастарының дамуына, қазақ ауылының экономикасындағы басқа да өзгерiстерге байланысты, жер жекелеген адамдардың жеке меншiгiне айнала бастады. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында Қазақстан экономикасында әр түрлi экон. ұстындардың астасуы байқалды.

 

    Столыпиннiң аграрлық реформасы Қазақстанға қоныс аударушылардың шаруашылығында жеке меншiктi қалыптастыруға негiзделдi. Қоныс аударушылар жаңа қоныстарда жердi қауымдасып пайдаланды, көптеген жұмыстарды бiрлесiп атқарды. Орыс кулактары хуторлық шаруашылық жүргiздi. Шұрайлы жерлердi кесiп алып, тағылықпен пайдаланды. Қоныс аударғандардың анағұрлым жетiлген еңбек құралдары және егiншiлiк мәдениетiнде жинақтаған едәуiр тәжiрибесi болды.

 

    Халықтан жиналатын түрлi алым-салықтар жылдан-жылға өсе түсiп, еңбекшiлерге ауыртпалық әкелдi. Сол кезеңдегi елге салынған негiзгi салық түрлерi: мемл. төлемдер (түндiк басы алымы, земство жарнасы), болыстық жарналар (шығын, қарашығын, т.б.), натуралды мiндеткерлiктер. Түндiк басы алымы (түтiн салық) мемл. жердi пайдаланғаны үшiн төленетiн салық-рента болатын. Ресми түрде ол халықтың әл-ауқатына қарай салынуға тиiс болса, iс жүзiнде билеп-төстеушiлер оны түндiк иелерiнiң бәрiнен бiрдей мөлшерде алып отырды. Шығын салығы болыстың және болыс кеңсесiнiң мұқтаждарына жарату үшiн жиналды. Оның көлемiн алдын ала бiлу мүмкiн емес едi, өйткенi оны кез келген сылтаумен, тiптi сылтаусыз да жинай беретiн. Ақшасы жоқтығынан кедейлер өсiмқорларға жүгiнуге мәжбүр болды, мұның өзi алым-салық ауыртпалығын бұрынғыдан әрi күшейттi.

 

    Қазақстанда қолөнерi кәсiбi ғасырлар бойы көшпелi ш-пен байланысты дамыды. Өздерi тұтынатын қажеттi өнiмнiң көбiсiн әр отбасы өзi немесе ағайын-туыс, көршi-қолаң көмегiмен өндiрдi. 19 ғ-дың 2-жартысында қолөнердi (киiз үй, ер-тұрман, зергерлiк бұйымдар, т.б. жасау) негiзгi кәсiбi еткен шеберлер мен iсмерлер пайда бола бастады. Олар ауыл-ауылды аралап жүрiп жұмыс iстедi. 19 ғ-дың аяғы мен 20 ғ-дың басында өндiрушiлер тауарды тұтынушылардың тапсырысы бойынша ғана емес, базарға сату үшiн де өндiретiн майдагерлiк дами бастады.

 

    Қазақ елiне орыс капиталының енуi өлкеде өнеркәсiптiң дамуына түрткi болды. Қарағанды көмiр кенiшi, Успен мыс өндiрiсi, Спасск мыс қорыту з-ты, Қалба алтын кен орындары, т.б. iрге көтердi. Кәсiпкерлер өлкенiң аса бай табиғи қорларын рәсуа етiп, бей-берекет пайдаланды. А.ш. өнiмдерiн өңдейтiн: терi илеу, былғары жасау, май шайқау, май айыру, сабын қайнату, т.б. өнеркәсiп орындары дами бастады. Әдетте, мұндай кәсiпорындар қарапайым ғана техникасы және 3 — 5 жұмысшысы бар жартылай қолөнерлiк шағын майдагерлiк сипатта болды. Бұл кезеңде а. ш. шикiзатын өңдейтiн қарапайым қолөнер шеберханалары мен ұстаханалары сипатындағы алғашқы ұлттық өнеркәсiп орындары қалыптасты. 1900 ж. Қазақстанда 2668 өнеркәсiп болса, 1913 ж. олардың саны 6000-ға жеттi. Орыс капиталынан кейiн iле-шала Қазақстанға (әсiресе 19 ғ-дың аяғында), негiзiнен кен өнеркәсiбiне, шет ел капиталы да ене бастады. Орыс және шет ел монополияларының Қазақстандағы акцион. капиталы 71 млн. сомға жеттi. Ол негiзiнен кен және мұнай өнеркәсiптерiн қамтыды. Зауыттарды, кенiштер мен бай кен орындарын иемденiп алған шетелдiктер Қазақтанда өндiрiс салаларын дамытуды мақсат етпедi. Олар мүмкiндiгiнше мол пайдаға кенелудi ғана көздедi. Осы кезеңде Қазақстанның едәуiр жерiнде темiр жол тартылды (қ. Темiр жол көлiгi), Сiбiр және Орынбор – Ташкент темiр жолы салынды. 1917 ж. оның жалпы ұз. 2793 км-ге жеттi. Мұның өзi Қазақстанның түрлi аудандарының арасындағы экон. байланыстарды күшейтуге мүмкiндiк ашты. Солт. аймақтарда саудалық егiншiлiк аудандары және бүкiл Қазақстан аумағы бойынша тауарлы мал ш. аудандары пайда болып, Қазақстан а. ш-ның тауар-ақша қатынастарына тартылуы күшейе түстi. Т. ж. ст-лары мен аймақтардан iшкi аудандарға жүк таситын және жүк алып қайтатын жергiлiктi көлiк, пошта байланысы кәсiпкерлiк қызмет аясына айнала бастады. Кәсiпқой жүк тасушылар пайда болды, ал қазақ кәсiпкерлерi ұстап отырған пошта бекеттерiнде 8 — 10 ат айдаушыға дейiн жұмыс iстедi. Алайда, өнеркәсiп пен көлiктiң дамуы өте төмен деңгейде қалды. Өлкенiң жалпы ұлттық табысындағы өнеркәсiп өнiмiнiң өзiндiк үлес салм. 10%-дан аспады. Капитал, маман жұмыс күшi, байланыс және көлiк құралдары жетiспедi. Оның үстiне патша өкiметi қазақ өлкесiн өзiнiң шикiзат көзi, тауар өткiзетiн рыногi, отарлық шылауы ретiнде ұстауына мүдделi болды.

 

Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда байланыстары әуелгi кезде тек орыс бекiнiстерi мен қалаларындағы айырбас орындарында ауыс-түйiс жасау жолымен ғана жүзеге асырылды және мұнда тауарлардың құнын көрсететiн балам ретiнде тек қой ғана пайдаланылды. Тауар-ақша қатынастарының дамуына орай жергiлiктi сауда жедел өркендеп, Қазақстан бүкiлресейлiк, сонан соң дүниежүз. рынокқа қосылды. Көлiктiң нашар дамуына, халықтың басым көпшiлiгiнiң көшпелi тұрмыс кешуiне байланысты сауда-саттық көбiне-көп жәрмеңкелер арқылы жүргiзiлдi. Жәрмеңке көшпелiлер көбiрек шоғырланған аймақтарда, әдетте, жылына екi рет – көктемде және күзде өткiзiлiп отырды. Олардың ең iрiлерi – Қоянды, Троицк, Шар, Қарқара, т.б. жәрмеңкелерi. Қалалардың рөлi күшейiп, тұрақты сауда орталықтарына айнала бастады. Қазақ саудагерлерi бiрнеше санатқа бөлiндi. Алып-сатарлар орыс көпестерiнiң тауарларын сатып алып, ел iшiнде қымбатқа өткiзумен шұғылданды. Сондай-ақ, мал ш. шикiзатын – терi, жүн, т.б., кейде қолөнер бұйымдарын да сатып алу-сатумен шұғылданатын қазақ саудагерлерi де пайда бола бастады. Қазақстанда сауданың өсiмқорлық қарыз түрi етек алды. 



Скачать