Ауылды көркейту – басты міндетіміз


Ауылды көркейту – басты міндетіміз

 

Ауылға көңiл бөлу және оның жағдайын жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Кез келген экономикалық реформаның түпкi мақсаты – халық­тың әл-ауқатын арттыру. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғалы бері экономикамызда едәуір құрылымдық өзгерістер болды. Орталықтан­ды­рылған жоспарлы экономикадан бас тартқаннан кейін түпкілікті қайта құруларға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылды. Солардың нәтижесінде мемлекеттік меншік жеке меншік болып өзгертілді, сондай-ақ нарықтық экономиканың құқық­тық негізі қаланды. Бәрімізге белгілі, нарықтық экономика ұғымы өнді­рістік және жер қатынастарын өзгер­туді, баға белгілеу мен кредит жүйе­сін ырықтандыруды, бәсекеге қабі­летті нарықтық инфрақұрылым құ­руды қамтиды. Ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі дамыту аграрлық сектордың даму стратегиясын тұжы­рымдамалық тұрғыдан белгілеуді талап етті.

Осындай күрделі өтпелі кезеңде бәсекеге қабілетті ауыл шаруашы­лығы өндірісінің өсуін қамтамасыз етуді және ауыл шаруашылығы өнім­дерінің негізгі түрлерінің өндірісін тұрақтандыруды көздеген Ауыл шаруашы­лығын дамыту бағдарлама­сы іске асырылды. Агроөнеркәсіптік кешендегі жағдайдың біршама тұ­рақ­танғанына қарамастан, салада өтпелі кезеңнің бірқатар пробле­малары сақталып қалды. Аграрлық саладағы одан арғы экономикалық өзгерістердің қисыны сапалық жа­ғынан жаңа өсу деңгейіне өтуді талап етті. Аграрлық сектор мен ауыл адамдарының проблемаларын кешенді шешу үшін 2003 – 2005 жылдар Ауыл жылдары болып жария­ланды. Алда тұрған міндеттерді шешу мақсатында Қазақстан Республикасының 2003 – 2005 жыл­дарға арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы әзірленіп, іске асырылды. Осы жылдары агро­өнеркәсіп кешенінің нарыққа бағдар­ланған заңнамалық базасын қалып­тастыру, оны халықаралық тәжіри­бенің нормаларына сәйкес келтіру жөнінде біршама жұмыс жүргізілді. Бағдарламаның іске асырылуы тамақ өнімдерінің негізгі түрлері бойынша елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге, тиімді, бәсекеге қабі­летті агроөнеркәсіптік өндірісті да­мыту үшін қажетті жағдайлар жа­сауға мүмкіндік туғызды.

Қазақстанның кәсіби Парламенті еліміздің саяси-экономикалық да­муы­на негіз болып отырған заңдарды дер кезінде қабылдап келеді. Ауыл шаруа­шылығына қатысты заң жоба­лары түгелдей Мәжілістің Аграрлық мәсе­лелер комитеті арқылы өтеді. Өзім Аграрлық мәселелер комитетінің мү­ше­сі ретінде заңдарды жетілдіруге атсалысып келемін. Ал қабылданған заңдар аграрлық саланы өркендетуге серпін берді. Парламент депутаттары Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін орындап, қоғамға қажетті басқа да заңдарды жедел қабылдап жүр. Күні кешеге дейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақ­тарын дамытудың 2004 – 2010 жыл­дар­ға арналған мем­­­лекеттік бағ­дар­ламасы» бо­йын­ша көптеген жұ­мыстар атқарылды. Бағ­дар­лама шең­бе­рінде ауылдық жерлердегі мектептердің, ден­­саулық сақтау ұйымдарының жә­не мәдени ошақ­тар­дың мате­риал­дық-техникалық не­гізі айтарлықтай нығайып, оларды заман талабына сай жабдықтау жұ­мыстары жүргізілді. 2004 жылдан бері ауылдық жерлердегі даму әлеуеті жоғары елді мекендерде тұратын ха­лық санының 2,2 есе артуы, ауыл хал­қының жан басына шаққандағы жыл­дық ақшалай табысының 3,5 есе өсуі, ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі ауыл тұрғын­дары үлесінің 4,5 есе азаюы осы жұ­мыстардың нәтижесі.

Десек те, ауылдың айналасындағы түйткілдер әлі де жеткілікті. Соның бірі әрі бірегейі – аграрлық секторды қаржыландыру мәселесі. Бүгінгі күні ауыл халқын шағын несиелендіру ша­ғын және орта кәсіпкерліктің көкей­кесті мәселелерін шешудің және мем­ле­кеттің дағдарысқа қарсы саясатының ең қажетті және тиімді тетіктерінің бірі болуына байланысты еліміздің эконо­ми­касында зор маңызға ие болып отыр. Шағын несиелендіру аз мөлшерде қаржыландырудың негізгі элементі ретінде дәстүрлі банктік қарыздар алуға шамасы келмейтін өте кедей «ұсақ кәсіпкерлерге» несие берумен ерекшеленеді. Ауылда халықтың 47 пайызы өмір сүреді десек, олардың 18 пайы­зының табысы өмір сүру деңгейінен төмен екен. Ауыл халқының кедей болуының негізгі себебі үй шаруа­шылығының өнімділігі мен табысты­лығын арттыру үшін қаражат табу мүмкіндігінің шектеулі болуы.

Халықтың кәсіпкерлігін дамытуды қолдаудың біртұтас мемлекеттік жү­йесіндегі тиімді құрал ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан «Ауыл халқын шағын несиелендіру жүйесін ұйымдастыру» бюджеттік бағдарламасы дайындалды. Бағдарла­маны жүзеге асырумен 2005 жылдан бастап «Ауыл ша­руашылығын қар­жылай қолдау қо­ры» АҚ айналы­са­ды, бұл – акцияла­рының 100 пайызы мемлекет иелігіндегі қаржылық институт. Бюджеттік бағдарламаның әлеу­­меттік бағы­тын ескере отырып, ша­ғын несиелер ха­лықтың ны­сана­лы топтарына: та­бысы өмір сүру дең­гейі­нен төмен және табысы орташа үй шаруашы­лық­­та­рына беріледі.

Ауыл ша­руа­шы­лығы министр­лі­гінің мәліметі бо­йынша, 2005 жылдан 2011 жылғы 1 қыркүйекке дейін қор­дың филиалдары және қордың қаты­суымен құрылған ШНҰ арқылы 23,0 млрд. теңге со­масында 73,8 мың шағын несиелер берілді. Бұл табысы орташа және орташадан төмен үй шаруашылықтарының 4,5 пайызын қамтуға және 51,0 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Дегенмен де, ауылдағы кәсіп­кердің жұмы­сын жандандыру мақса­тымен беруге тиісті несиелердің қызы­ғын бүгінгі күні тек саудагерлер көру­де. Біз бүгінде тауар өндіру­шілерге емес, тауар сатушыға жағдай жасап отырмыз. Бөлінген қаржыны тауар өн­дірушіге беруді қамтамасыз ету қажет.

Ауыл шаруашылығын жандандыру шараларының бірі ретінде Қазақстан­ның индустрияландыру картасының жалпы құны 139,1 млрд. теңгені құрайтын, 7,0 мыңнан аса жұмыс ор­нын ашатын агроөнеркәсіптік кешен саласының 140 инвестициялық жобасы іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Белгіленген жобалардан респуб­ликалық индустрияландыру картасына – 32 жоба және аймақтық индус­трияландыру карталарына 108 жоба бөлінеді. Аталған жобалар «ҚазАгро «ҰБХ» АҚ еншілес акционерлік қоғамдарының қаржысы, жоба бастау­шыларының жеке қаржысы, екінші деңгейлі банктердің несиелері және заңнамамен рұқсат етілген көздер есебінен қаржыланды­ры­лады. Ауыл шаруашылығы минис­трлігінің берген ақпаратына сүйен­сек, мал шаруашылығында құны 60,7 млрд. теңгені құрайтын 46 жоба, қайта өндеу саласында құны 42,5 млрд. теңге болатын 58 жоба, өсімдік шаруашылығында құны 22,8 млрд. теңгелік 32 жоба, балық шаруа­шылығында 0,7 млрд. теңгенің 3 жобасы, су шаруашылығында 2,5 млрд. теңгенің 1 жобасы жүзеге асырылуда.

Азаматтардың денсаулық жағ­дайын жақсарту және ауыл тұр­ғындарын ауыз сумен қажетті мөлшерде және кепілді қамтамасыз ету мақсатында ел Үкiметiнiң 2002 жылғы 23 қаңтардағы №93 қау­лысымен 2002 – 2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы бекітіліп, жүзеге асырылды. Аталған әлеуметтік мәселені түбегейлі шешу үшін Үкімет 2011 – 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын қабылдады. Бағдарламада 2020 жылға қарай орталықтандырылған сумен ауылдық елді мекендердің 80 пайызын, қалаларда 100 пайызын қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Алайда, еліміздің агроөнеркә­сіптік кешенінде әлі де болса, бірқатар кемшіліктер бар, олар – саланы құрылымдық-технологиялық жаңғырту қарқынының төмен бо­луы, нарықтық инфрақұрылым­ның жеткіліксіз дамуы, ауыл шаруашы­лығы өндірісінің ұсақ тауар болып келуі, саланың қаржылық тұрақ­сыздығы, саланы дамытуға тарты­латын жеке инвестициялардың жеткіліксіздігі, білікті кадрлардың тап­шылығы. Сонымен қатар, саланың инвестициялық қызметіне әсер еткен қаржы, ал одан кейін азық-түлік дағдарысы қосымша проблемалар тудырды. Бүгінгі күні алдымызда үлкен жауапты міндет тұр, ол – экономиканың аграрлық секторын сапалы да жаңа даму деңгейіне кө­теру, сол арқылы оның бәсекеге қабі­леттілігінің жоғары болуын қамта­масыз ету. Бұл, әсіресе, Ресей, Беларусь елдерімен кедендік бірігу жағдайында, ал кейіннен Бүкіләлем­дік сауда ұйымына кіру кезінде өзекті болып табылады.

Ауылды өркендету туралы сөз қозғағанда өңірлердегі тарихи мекендеріміз жайлы айтпай кетуге болмайды. Тарихымызды дәріптеп, туризмді дамыту арқылы да ауылдық жерлердің жағдайын жақсартуға болады.            Мысалы, Сарайшық тарихи-мемориалдық кешенінің салынуы қазақ халқының астанасының көш басында Сарайшық қаласының тұрғанын тағы бір растап, ұлты­мыздың тарихи тамырының өте тереңде жатқанын, елдігіміздің сал­та­натын көрсетеді. Бұл жастарға та­ғылым, өзгелерге сабақ болуға тиіс.

 


Скачать