Халық педагогикасы – этнопедагогиканың зерттеу объектісі




Скачать

Халық педагогикасы – этнопедагогиканың зерттеу объектісі

 

Адам баласы әу бастан өз ұрпағын өмiрге, еңбекке икемдеп, тәрбиелеп келгенi көпке аян. Бүгiнгi қалыптасқан белгiлi ғылыми-теориялық заңдары бар педагогика ғылымы өмiрге келгенше де адамзат тәрбие iсiмен айналысып бақты. Оның қағазға жазылып түспеген, бiрақ халық жадында мәңгi сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа ғасырлар бойы ауызша нақыл-ақыл, өсиет-өнеге, қағида болып тарап келген бiлiм-бiлiк, тәлiм-тәрбие беру тағлымдары бар. Ол халықтық педагогика деп аталады. Халықтық педагогика салт-дәстүр, жол-жора, ырымдар, тағам дайындау, қонақ күту рәсiмдерi мен ауыз әдебиетi үлгiлерi, ұлттық ою-өрнек, өнер түрлерi, спорт ойындары арқылы отбасылық тәрбиеден басталып, ауыл-аймақ, ел-жұрт, ру-тайпа, қала бердi бүкiл халықтық қарым-қатынастан берiк орын алған тәлiм-тәрбиенiң түрi, адам мiнезiн, iс-әрекетiн қалыптастырудың белгiлi нормасы болып табылады. Олай болса, халық педагогикасы қоғам дамуының (алғашқы қауымдық қоғамнан бастап) белгiлi сатыларынан өтiп, ғылыми педагогикалық дәрежеге жеткенше ұрпақ тәрбиесiнiң бастау бұлағы, педагогикалық құралы болып, тәрбие жүйесiнiң қызметiн атқарып келгенiн байқаймыз. Яғни, осыдан келiп ғылыми педагогика мен халықтық педагогиканың тәрбие тәсiлдерiндегi сабақтастығы, принциптiк-идеялық үндестiгi туындайды. Бүгiнгi әлемдiк аренаға жеткен ғылыми-педагогика халықтық педагогикадан бастау алып, оны ғылыми теориялар мен қағидалар тұрғысынан жан-жақты зерттеп, қарастырып, байытты. Сөйтiп, өз қажетiне жаратты. Осы қажеттiлiктен келiп, халықтың эмпирикалық тәжiрибесiне негiзделген ұрпақ тәрбиелеу тағылымдары — халықтық педагогиканы ой елегiнен өткiзiп зерттеп, тәрбие мен оқу iсiнiң өзектi құралы етудiң жолдарын және оның шығу, даму кезеңдерiн өзiндiк ерекшелiктерiн, басқа ғылымдармен байланысын зерттейтiн педагогиканың ғылыми бiр саласы этнопедагогика пайда болды. Академик Г.Н.Волковтың пiкiрiнше, халықтық педагогиканың ерекшелiгi: оның адам баласының дүниеге келген күнiнен бастап бiрге жасасып келуiнде, адамдардың қоғамды құруда, қоршаған ортаны — табиғатты өзiне икемдеп игеруiнде, еңбек тәрбиесiнiң алғашқы адамдар өмiрiнде басты рөл атқарғаны, тәрбиенiң басқа түрлерiнiң кейiн туғандығы, халықтық тәрбие жөнiндегi қағидалары өмiрлiк тәжiрибеге негiздеген эмпирикалық бiлiм болып келуi, оның ұлттар мен ұлыстардың жазу мәдениетi шықпай тұрған кезiнде пайда болып, халық арасында ауызша тарауы, сондықтан да оны шығарушы авторларының аты-жөнi халық жадында сақталмай, бүкiл халықтық мұраға айналып кетуi, халықтың ұрпақ тәрбиелеудегi озық тәжiрибелерi мен ой түйiндерi сол халықтың ой-тiлегiмен, арманымен ұштасып келгендiктен, озық үлгiлерiнiң мәңгi сақталып, ал тозығының бiртiндеп өмiрде қолданудан шығып калуы, халық педагогикасы өнерге, еңбекке негiзделгендiктен, үнемi жетiлдiру, ұшталу үстiнде болуы, сондай-ақ халық педагогикасының ғылыми жүйеге, теорияларға құрылмай, жеке бастық тәрбиенiң озық үлгiлерiне және оның нәтижесiне құрылуы, тәрбие тәжiрибесiнiң ғасырлар бойы жалғасып келуi (преемственность), алғашқы тәрбие түрлерiнiң қоғамда бөлiнбей, синкреттi тұтас түрiнде берiлуi (мысалы, қол, би, музыка өнерлерiнде ой еңбегi мен дене еңбегi, ақыл-ой тәрбиесi мен еңбек тәрбиесiнiң бiрге ұштасып келуiнде)”, деп саралай көрсете келдi де, “халық педагогикасы ру, тайпа, ұлттар мен ұлыстардың ұрпақты тәрбиелеу тәжiрибесiне негiзделiп, халықтың тәрбие құралдары (салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ойын түрлерi, ауыз әдебиетi үлгiлерi) арқылы iске асыруға құрылса, ал этнопедагогика теориялық ойларға, ғылымға негiзделедi. Ол халықтың этнографиялық салт-дәстүрiн, тұрмыс-тiршiлiгiн педагогикалық, логикалық ғылыми жүйе тұрғысынан зерттеп қарастырады... яғни, халық педагогикасы ғылымға шикi материал даярлаушы мәлiметтер көзi болып табылса, сөйтiп педагогика ғылымына қызмет етушiнiң рөлiн атқарса, ал этнопедагогика халықтың бала тәрбиелеу тәжiрибесiн, педагогикалық мәдениетiн зерттеп, оның прогрессивтiк үлгiлерiн бүгiнгi оқу-тәрбие iсiне жаратудың жолдарын ғылыми тұрғыда қарастырады” (16, 7), — дейдi. Ал бұрынғы КСРО Педагогика ғылым академиясының корреспондент-мүшесi, профессор И.Т.Огородников, Г.Н.Волковтың “Этнопедагогика” атты еңбегiне жазған кiрiспесiнде: “Егер халық педагогикасы мен этнопедагогикаға арналып екi хрестоматия жасалған болса, оның бiрiншiсiне бала тәрбиесi жөнiндегi ауыз әдебиетi үлгiлерi мен халықтың салт-дәстүрлерiне арналған этнографиялық тәлiмдiк жазбалары енгiзiлген болар едi де, ал екiншiсiне халық педагогикасы мен халықтың тәлiм-тәрбиелiк ойларын зерттеуге арналған педагог-ғалымдардың еңбектерi енген болар едi” (16, 6), - деп, халық педагогикасының таза тәжiрибеге негiзделген тәрбиенiң эмпирикалық түрi екенiн және оның этнопедагогиканың ғылыми зерттеу объектiсi болып саналатынын ашып көрсетедi. Халық педагогикасында тәрбие мәселесi бiрiншi орынға қойылып келдi. Ол заңды да едi. Себебi, халық педагогикасы ғылым мен мәдениеттiң жетiлмеген кезiнде пайда болғандықтан, тәрбиенi еңбек пен өнерге, оның iшiнде қол өнерiне негiздей жүргiзудi уағыздады. Бертiн келе, оқу-бiлiм дамып, ғылым мен техника өрiстей бастаған кезiнде, XVII ғасырдағы ұлы чех педагогы Я.А.Коменскийдiң атымен байланысты ғылыми педагогика пайда болды. Ғылыми педагогиканың теориялық зандары қалыптасып өмiрге келдi. Я.А.Коменский өзiнiң атақты “Ұлы дидактика”, “Ағайынды чехтарды тәрбиелеу” атты еңбектерiнде тұңғыш бiлiм беру iсi мен тәрбие iсiн бiртұтас процесс деп қарау идеясын ұсынды. Тәрбие мен бiлiм берудi бiрiктiру тенденциясы оқу-тәрбие iсiнiң тұтастығынан туындады. Тәрбие-әлеуметтiк процесс, ал адамның жеке басының өсiп жетiлуi, дамып қалыптасуы — ол әрi әлеуметтiк, әрi биологиялық процесс. Осы ерекшелiктен келiп, педагогикада қоғамтану мәлiметтерiн жаратылыстану мәлiметтерiмен бiрiктiре қарастыру қажеттiлiгi пайда болады. Оның себебi педагогика адам тәрбиесiнiң қажетiн өтеушi, қоғамдық сұранысты iске асырушының рөлiн атқарушы болып отыр. Ал педагогиканың жеке басты (индивидиумды) тәрбиелеп жетiлдiрудегi iс-әрекетi оқу-тәрбие орындары арқылы iске асырылады. Адам тәрбиесiнде бiлiмнiң теориялық жақтары шешушi рөл атқарғанымен, оны (теорияны) жеке басты оқытып тәрбиелеп жетiлдiруге пайдалану үшiн тәжiрибеде қолданудың әдiс-тәсiлдерi керек. Мiне, осыдан келiп, теория мен тәжiрибенiң, оқытудың өмiрмен байланысын, оны iске асырудың жолдарын қарастыратын педагогика ғылымының бiр саласы — оқыту мен тәрбиенiң методикасы туындайды. Бiлiм беру мен тәрбие iсiнiң теориялары мен өмiр тәжiрибесi тығыз ұштасқанда ғана адам қажетiн толық өтей алады. Ғылыми теориялар тәжiрибеге негiзделмесе, ол тиянақты ғылым болмайтыны сөзсiз. Ол жөнiнде XVII—XVIII ғасырларда өмiр сүрген батыстың, орыстың педагог ғалымдары жақсы ой-пiкiрлер айтқан болатын. Мысалы, Я.А.Коменский “Ағайынды чехтарды” тәрбиелеудегi халықтық дәстүрдiң жақсы нәтижелерiне сүйене отырып, баланы жастайынан еңбекке және жақсы мiнез-құлыққа тәрбиелеудiң жолдарын көрсетiп бердi. Ал Швейцарияның кемеңгер педагогы И.Г.Песталоцци тәрбиенi ана тiлiнде оқытатын халықтық мектептердiң бай тәжiрибесiне негiздей отырып жүргiзудi мақұлдады. Ол “Адамның ақыл ойының қалыптасуы, дұрыс дамуы ұлт тiлiндегi оқудың мазмұны мен оқыту әдiсiн дұрыс ұйымдастыруға байланысты” деп ерекше атап көрсеттi. И.Г.Песталоцци: “Бала тәрбиесi оның дүниеге келген күнiнен басталуы керек. Баланың дүниенi түсiнуi отбасынан басталып, мектепте әрi қарай жалғастырылуы шарт” (48, 72),— деген қағиданы ұсынды. Француздың ұлы ағартушысы Ж.Ж.Руссо да бала тәрбиесiнiң көзi еңбекте, сондықтан баланы жан-жақты жетiлген азамат етiп тәрбиелеудi жанұяда еңбекке үйретуден бастау керек деп қарады. Ал әйгiлi орыс педагогы К.Д.Ушинский халықтық тәрбиенiң мақсаты мен мазмұнына және тәрбие мен оқыту әдiстерiне тоқтала келе: “Орыс халқының бала тәрбиесi сол халықтың сан ғасырлық тарихымен тығыз байланысты, тәрбиенiң негiзiн халықтың жақсы-жаман дәстүрiнен iздестiру керек” (82, 482), — дедi. К.Д.Ушинский бала тәрбиелеудегi ауыз әдебиетiнiң рөлiне де ерекше тоқталды. Ол: “Ертегiлер халықтық педагогиканың алғашқы және тамаша үлгiлерi. Ертегiлердегiдей халықтың асқан даналық тәрбиесiмен тепе-тең келетiн бiрде-бiр тәрбие құралы жоқ” (82, 161),—деген едi. Кешегi Кеңестiк дәуiрдегi ұлы педагогтар А.С.Макаренко адамды тәрбиелеп жетiлдiруде еңбектiң, әсiресе ұжымдық еңбектiң маңызына ерекше мән берген болса, ал В.А.Сухомлинский “Баланы iзгi жүректi азамат етiп тәрбиелеуде ойын түрлерiн кеңiнен қолдануды және баланы жазасыз тәрбиелеудi, ертек айтуға, табиғатты тамашалауға, сол арқылы олардың ой-қиялын өсiруге” баса көңiл бөлдi. “Табиғат тамаша тәрбиешi, тек оны түсiне бiлуге үйрету керек” деп қарады. Өткен ғасырлардағы педагогика тарихына көз жiберсек, ұжымдық педагогикалық тәрбиенiң мәнi мен маңызына, халықтық тәрбие жөнiндегi данышпандық ой тұжырымдарына әл-Фараби, Ибин-Сина, Фердауси, Омар Хаям, Я.А.Коменский, И.Г.Песталоцци, К.Д.Ушинский, Н.Г.Чернышевский, Н.А.Добролюбов, Л.Н.Толстой, Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, А.Құнанбаев сияқты ойшыл-оқымысты ғалымдардың бiрде-бiрi көңiл бөлмей өткен емес. Олар халықтың бала тәрбиелеудегi тәжiрибесiнiң, педагогикалық ойларының прогрессивтiк жақтарына ерекше мән берiп, халықтық тәрбиенiң негiздерiне ғылыми талдаулар жасады. Алайда, Қазан төңкерiсiнен кейiнгi Кеңестiк дәуiрде халық педагогикасын зерттеу, оны тәжiрибеде қолдану iсiне керенаулық көрсету, қала бердi адамдардың санасындағы ескi қоғамдық идеялардың қалдығы деп қарау өрiс алды. Ол идея коммунизм кезiнде бiр тiл, бiрыңғай мәдениет болады деп қараушылықтан, пролетарлық жаңа мәдениет жасаймыз деген жалған ұраннан туындаған едi. Көне мәдениеттiң шедеврi шiркеулер мен храмдарды, мешiт-медреселердi қирату, халықты дiннен, ұлттық тiлден, салт-дәстүрден бездiру, тарихи ескерткiштерге мән бермеу, жер-су, ауыл-село, қала аттарын кеңестiк саясатқа негiздеп өзгерту т.б. солақай саясаттың әсерiнен туындаған терiс әрекеттер болатын.

скачать работу