Қазақстан Республикасы топырағы, өсімдіктері, жануарлары


Қазақстанда өзге елдерде кездесетiн топырақ түрлерiнiң түгелдей дерлiгi тараған. Мұнда тайга, тундра топырағына дейiн бар, тек ылғалды субтропик белдемiне тән топырақ қана жоқ. 

  Солтүстік Қазақстандағы Батыс Сiбiр ойпатынан оңт-тегi Алатау өңiрлерiне дейiнгi аралық 1500 — 1600 км, Батыстағы Атырау алқабынан Алтай тауларына дейiнгi 3000 км-ге жуық өңiрлердi әр түрлi топырақтар жамылғысы басқан. Бұл топырақ жамылғысының әр аймақтарда түзiлiп, орналасуы геогр. белдемдiлiк заңына байланысты. Мыс., Қазақстанның 86% жерiн алып жатқан жазық алқаптарында климаттың, топырақтың солт-тен оңт-ке қарай өзгеруi көлденең белдемдiк заңына сәйкес өзгерсе, Қазақстанның 14% жерiн алып жатқан оңт., оңт.-шығыс таулы алқаптарында — тiк белдемдiк (биiктiк белдеулiк) заңына сәйкес болады. 

  Жазық алқап топырағы. Ауд. 235 млн. га. Қазақстанның жазық аймақтарында солт-тен оңт-ке қарай мынадай топырақ белдемдерi кездеседi:

1) республиканың қиыр солт-н орманды дала белдемi алып жатыр. Негiзiнен бұл жерлер Батыс Сiбiр ойпатында орналасқандықтан жер бетi жазық, ойпатты, сондықтан орманның шайылған сұр топырағы мен шайылған сiлтiсiзденген қара топырағы тән. Бұл аймақтың топырақтары құнарлы, негiзiнен жаздық бидай егiледi. Қалған жерлерiн орман, шабындық пен жайылымдар алып жатыр. Ауд. 400 мың га;

2) осы белдемнен оңт-ке қарай даланың қара топырақты белдемi (Жалпы Сырттан Ертiс өңiрi жазықтығына дейiн 2000 км-ге созылған) жалғасып жатыр. Аум. 25,7 млн. га, оның 15 млн. га-сы жыртылған жерлер, негiзiнен астық дақылдары егiледi. Қара топырақты белдем солт-тен оңт-ке қарай 2 белдем аралығына бөлiнедi: кәдiмгi қара топырақты белдем аралығы Батыс Сiбiр ойпатының оңт-н Сарыарқа өңiрiнiң және Жайық биiк шығыс жазығының солт. бөлiктерiн қамтып (енi 100 — 140 км-дей), батыстан шығысқа созылып жатыр. Аум. 11,8 млн. га. Жер бетi жазық, топырағы құнарлы, негiзiнен астық дақылдары егiлiп, еттi-сүттi мал өсiрiледi; оңтүстiктiк қара топырақты белдем аралығы — кәдiмгi қара топырақты белдем аралығының оңт-н бойлап батыстан шығысқа созылып жатыр, енi 50 — 125 км-дей, аум. 13,9 млн. га. Жер бетi жазық, топырағы құнарлы. Бұл негiзiнен ылғалы жеткiлiктi, дәндi дақылдар егуге қолайлы жерлер. Құрғақшылық әрбiр 7 — 9 жылда бiр-екi рет қайталанады. 

  3) Республиканың оңт. бөлiгiндегi шөлдi белдемге дейiнгi орт. аймақты құрғақ-далалы және шөлдi-далалы қара-қоңыр топырақты белдем алып жатыр. Аум. 90,5 млн. га, яғни республика жерiнiң 33,2%-ы. Мұнда солт-тен оңт-ке қарай 3 белдем аралығына бөлiнедi: күңгiрт қара-қоңыр топырақты белдем аралығы — қоңыржай қуаң дала, мұнда жыл сайын егiннен тұрақты өнiм алынбайды. Топырақтағы қара шiрiк мөлш. 3 — 4%-дай. Аум. 27,7 млн. га. Топырақ құнары жап-жақсы болғанымен құрғақшылық әрбiр 3 — 4 жылда бiр қайталанып болып тұрады. Соңғы 10 жылда бұл белдем аралығындағы жыртылған жер көлемi оларды пайдаланудың тиiмсiздiгiнен, бұрынғы 10 млн. га-дан 3 — 4 млн. га-ға азайтылған; жай қара-қоңыр топырақ орын алған алқаптың аум. 24,4 млн. га. Топырақтың беткi қабатындағы қарашiрiк мөлш. 2 — 3%. Құрғақшылық кейде жыл сайын, кейде 2 жылда бiр рет қайталанады, сондықтан суарылмайтын егiншiлiкпен айналысу тиiмсiз, ал суару үшiн тұрақты су көздерi жоқ. Тың игеру кезiндегi асыра сiлтеушiлiкпен бұл белдем аралығында астық үшiн игерiлген 4 — 5 млн. га жерге соңғы 10 — 12 жылда егiс егiлмейтiн болды, тек аз ғана малазықтық жем-шөп егiлетiн жерлер қалдырылды. Мұнда соңғы жылдары тек мал өсiрiледi; ашық қара-қоңыр топырақты белдем аралығы — өте қуаң шөл (шөлейт) дала, негiзiнен мал ш-на жарамды. Аум. 38,4 млн. га. 

4) Шөл дала белдемiнiң аум. 119,4 млн. га, немесе республика аумағының 44%-ы. Мұнда 2 белдем аралығы бар. Қоңыр топырақты белдем аралығы — шөлдi аймақ, оның жусаны мол, жайылымы жұтаң жерлер. Аум. 57,4 млн. га. Жылдық жауын-шашын мөлш. 120 — 150 мм. Топырақтың беткi қабатындағы қарашiрiк мөлш. 1 — 1,5%. 




Скачать