мұхиттағы тіршілік


Мұхит суында организмдердің тіршілігіне қажетті барлық заттар бар.Мұхиттың барлық қабатында тіршілік дамыған.11мың м тереңдіктегі Мариан науасында да,тіпті,жаңа жер қыртысы түзілетін,Жердің терең қабатындағы жарықтар арқылы магма шығып жататын,температурасы жоғары және қысымы өте үлкен болатын жерлерде де тіршілік бар.

Мұхиттағы тіршілік жағдайлары полюстен экваторға,су бетінен аса үлкен тереңдікке дейін алуан түрлі болады.Сондықтан мұхиттағы тіршіліктің алуан түрлігі таңғажайып.Онда жай көзге көрінбейтін бактериялар,бір клеткалы өсімдіктер және ұзындығы 80 метрге дейін жететін теңіз балдырлары,өте ұсақ жәндіктер мен алып көк киттер тіршілік етеді.Онда тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің алуан түрлігі жөнінен мұхитты құрлықпен салыстыруға болады.

Мұхит адамның қиялын қайран қалдыратын беймәлім тіршілік пен құпияларға толы.Олардың көпшілігі әлі күнге дейін ашылған жоқ.Теңіздің тұңғиығын зерттеу барысында қазіргі кезде де ғылымға белгісіз организмдер табылуда.

Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша,біздің планетадағы тіршілік атаулының бәрі мұхиттан шыққан,сондықтан мұхитты Жер шарындағы тіршілік бесігі деп атайды.Онда тіршіліктің дамуы судың қасиеттерін өзгертуге себепші болды.Мысалы:мұхитта оттегі бөліп шығаратын жасыл өсімдіктердің таралуы судағы оттегінің мөлшерін арттырды.Оттегі судан атмосфераға шығып,оның құрамын өзгертті.Атмосферадағы оттегі мөлшерінің артуы теңіз организмдерінің құрлықта да тіршілік етуіне мүмкіндік берді.

Мұхит түбінде және оған жақын аймақтарда тіршілік ететін организмдерге балдырлар,маржандар,шаян тәрізділер,құрттар,моллюскалар,теңіз жұлдыздары және басқалары жатады.Мұнда балықтардан камбала,палтус тіршілік етеді,сегізаяқтар кездеседі.Күн сәулесі жақсы түсетін және жақсы жылынатын жағалау аудандарда да тіршілікке өте бай болады.Мұнда толқындар мен ағыстардың жағаны жуып-шаюіы салдарынан құрлықтан қоректік заттар көптеп келеді.Теңіз түбінде тіршілік ететін өсімдіктер мен жануарлардың 99%-тен астамы осында шоғырланған.Мысалы,балдырлар орасан зор су түбі шалғындарын құрайды.

Тропиктегі жылы судың түбінде теңіз омыртқасыздары-рифтер мен аралдар түзетін маржандар тіршілік етеді.

 

 




Скачать