Қазақстанның конституциялық дамуы мәселесіне


Қазақстанның конституциялық дамуы мәселесіне

 

Өзінің 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы Н. Назарбаев: «Қазақ халқының тарихы, кейбіреулер айтып жүргендей, кешегі қазақ хандығы шаңырақ көтерген ХV ғасырдан басталмайды. Хандықтың құрылуы бір басқа, бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ тұлпарларының тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ежелгі ғұндардың, байырғы түріктердің ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын ата жұртта сақтап қалған халық» – деп басып айтқаны ақиқат.

Бүгінгі археологиялық қазба жұмыстарының жәдігерлері мен ғылыми-зерттеулердің нәтижелері, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қол жеткізген жетістіктері қазақ халқының тарихы үш мың жылдық тұңғиықтан бастау алатынын дәлелдеді. Олай болса, біздің Даламызда қалыптасқан хақтық қатынас мәселелелерінің де тамыры тереңде.

Қазақ халқын  құрайтын түрлі ру-тайпалардың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігін реттеп келген әдет-ғұрып нормаларының «Қасым ханның қасқа жолы сияқты» бір жүйеге келтірілуі өз кезегінде бір орталыққа біріккен мемлекеттілік орнауының жемісі, нағыз саяси билік қызметінің нәтижесі деп айтуымызға толық негіз бар. Осылайша, қазақтардың әдет-ғұрып құқығының нормалары «Жол» деген атпен тарихта мәңгі сақталып қалды.

ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының тәуелсіздікке талпынысы талмас саяси-құқықтық бастамалар мен әрекеттерге толы болды. Нәтижесінде, олар салған даңғыл жол қанша қазақтың баласына күш-қуат пен биік рух берді. Ақыры 1991 жылы еліміз қазақтың бірнеше ұрпақтарының ұмтылған азаттығына қол жеткізді.

Бүгінгі тақырып аясында айтар болсақ, заңгер ғалымдар ортасында Қазақ елінің 20 ғасырдағы конституциялық даму тарихын бірнеше кезеңдерге бөлу үрдісі бар. Мысалы белгілі заңгер ғалым  А.К. Котов Қазақстанның Конституциялық даму жолын мынадай кезеңдерге бөледі:

1. Кеңес дәуіріне дейінгі  (1900-1917  ж.ж. ұлттық демократиялық идеялардың Алаш конституциясының жобасына ұласу);

  1. Кеңес дәуірі (20-шы жылдар мен 80 жылдардың аяғы);
  2. Кеңес дәуірінің аяқталуы  (80-ші жылдар мен 1990 жылдардың аралығы);
  3. Кеңес дәуірінен кейінгі (1991-1993 жылдар);
  4. Қазақстан дамуының алғашқы сатысы (1993 жылдың қарашасынан бастап).

Біз бұл жерде тәуелсіз Қазақстанның конституциялық дамуынң алғышарттары мен одан кейінгі тарихи оқиғаларға кеңінен тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Сондай-ақ бұл  кезеңнің өзін бірнеше кезеңге бөліп  қарастыратын боламыз.

Қазақстанның жаңа констуциялық заңнамасының қалыптасу тарихы Қазақ КСР Қонституциясына Қазақ КСР-нің 1990 жылғы 24 сәуіріндегі «Президент лауазымын енгізу» туралы заңымен өзгеріс енгізуден бастау алады. Бұл заң мемлекетті басқару жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізді. Президент лауазымы Қазақстан Республикасындағы терең саяси және экономикалық реформаларды қамтамасыз ету және конституциялық құрылымды нығайту мақсатында енгізілген еді. Конституциялық дамудың алғашқы кезеңінің аса маңызды қадамы 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің  мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы» болды. Бұл Декларация нормативті-құқықтық сипатқа ие болғанын айта кету керек. Декларацияда алғашқы рет Қазақ КСР-і КСРО-ның басқа да  республикаларымен ерікті түрде біріге отырып, олармен келісім-шарт арқылы өзарабайланыс орнататындығы жарияланды. Мысалы 1937 жылғы Конституцияда Казақ КСР-і КСРО-ның басқа да теңқұқылы республикаларымен ерікті түрде бірікті делінсе, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы конституциясында Қазақ КСР-і КСРО құрамындағы теңқұқылы республика болып табылады делінген болатын. Ал Декларацияда Қазақстанның егемендігі ғана емес сондай-ақ, Одақ республикалары арасындағы келісім-шарттық қатынастың қажет екендігі туралы конституциялық идея жарияланды. Сонымен қатар, Декларацияда алғашқы рет ұлттық мемлекеттілік туралы да мәлімделді. Ол жерде «Қазақ КСР-і ұлттық мемлекеттілікті қорғау және оны нығайту бойынша шаралар қабылдайды» делінді.

Декларация Қазақ КСР-дегі бұрын буржуазиялық саяси институт деп қабылданбай келген биліктің бөліну принципі орын алған алғашқы құқықтық акт болған еді. Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы Жоғарғы Кеңестің толық билікке ие екендігін бекіткенмен, бұл органның толықтай билікке ие болмағандығы жалпыға мәлім. Декларацияға сәйкес заңшығару билігі Жоғарғы кеңеске берілді. Президент жоғарғы нұсқаулық-атқарушы билікке ие болды, яғни  Президентке атқарушы билік бағынды. Жоғарғы сот билігі Жоғарғы сот қарамағында болды.

Декларацияда Қазақ КСР-інде бұрын болмаған суверенді құқық  бекітілді. Яғни Республиканың Конституциясын және суверенді құқығын бұзатын Одақтың заңдары мен жоғарғы органдардың басқа да актілерінің қүшін өз территориясында тоқтатуға құқық алды. Сондай-ақ Қазақ КСР-і өз территориясында орналасқан барлық табиғи ресурстар, барша экономикалық және ғылыми-техникалық әлеует қатаң түрде Республика меншігі екендігі жария етілді. Яғни Қазақстан экономикасы Одақтың бірыңғай халықшаруащылық кешенінен бөліне бастағынын білдірді.

Бұл Декларацияда мемлекеттің әлеуметтік негізін анықтауда таптық анықтауышқа орын болмады. Қазақ КСР-нің Конституциясында болған «жұмысшы», «шаруа», «интелегенция» ұғымдары алынып тасталды. Ендігі жерде мемлекеттік биліктің негізі халық деп жарияланды. Бұл ереже кейін қабылданған қос конституцияда да бекітілгендігін айта кету керек. Белгілі заңгер ғалым Ғ.Сапарғалиевтің жетекшілігімен дайындалған ҚР Конституциясына берілген түсініктемеде Қазақстан халқын мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы деп тануына мынадай түсініктеме береді. «Біріншіден мемлекеттің және оның басқару органдарының халықтың еркі бойынша қалыптасатындығын білдірді. Президентті, Парламентке депутаттарды халықтың өзі сайлайды, осылайша мемлекеттің жоғарғы заң шығарушы органы  Парламентті және жергілікті өкілді органдарды  құрады және қалыптастырады. Екіншіден, қалыптасушы, дамушы  ұлттық құқықтың негізінде Қазақстан халқының мемлекеттендірілген еркі жататындығын білдіреді. Республикалық референдумда Конституцияны қабылдай отырып, халық тек мемлекеттік құрылым нысандарына, басқару, мемлекеттік биліктің жоғары және жергілікті органдары нысандарына  қатысты еркін ғана білдіріп қоймайды. Халық сонымен бірге қоғамның экономикалық құрылымдарына, олардың құрылу және қызмет ету принциптеріне қатысты еріктерін де білдіреді. Конституцияда қоғамдық қатынастарды  құқықтық жағынан реттеудің басты қырлары айқындалған. Демек, Конституцияны  қабылдай отырып, Қазақстан халқы қалыптасушы ұлттық құқықтың негізін қалады».

Сонымен қатар Декларацияға сәйкес Қазақ КСР-і халықаралық қатынастардың өз алдына субъектісі болу құқы болды. 1978 жылғы КСРО және Қазақ КСР-нің конституциялары бойынша Қазақстан халықаралық қатынастардың өз алдына бөлек субъектісі болған жоқ. Қазақ КСР-нің  сыртқы істер министрлігі болғанымен, ол халықаралық аренада қарым -қатынас орнатып, келісім-шарттар жасасқан жоқ. Қазақ КСР-нің Конституциясның 28-ші бабына сай, Республика сыртқы саяси әрекетінде КСРО Конституцисында анықталған сыртқы саясаттағы мақсат-міндеттерді және принциптерді басшылыққа алады  деп көрсетілді.

Осылайша Қазақстанда тәуелсіздікті жариялаудан бір жылдан аса уақыт бұрын КСРО Конституциясының негізгі нормаларының әрекетін тоқтатып, тәуелсіз дамудың бастамасы болған конституциялық сипаттағы актілер қабылданды. Сондай-ақ Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясына айтарлықтай өзгерістер енгізген бірқатар заңдар қабылданды.

Конституциялық заңнаманың қалыптасуының келесі кезеңі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атауын өзгерту туралы» заңының қабылдануынан бастау алды. Аталған заң конституциялық деп аталмаса да ол нақты алғанда конституциялық сипатқа ие болды. Өйткені  ол Қазақ КСР-нің Конституциясына және мемлекеттік суверенитет туралы  Декларацияға өзгерістер енгізді.

1991 жылғы 16 желтоқсан күні ҚР-ның «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Аталған конституциялық заңда алғаш тәуелсіздік жария етілді, сондай-ақ тәуелсіз мемлекетке сай территориялық оқшаулығы, бірыңғай азаматтық, өзіндік мемлекеттік органдар жүйесі, өзіндік экономикалық жүйе, қарулы күштері сынды элементтер бекітілді. Осылайша Қазақстан әлемдік қауымдастыққа өз алдына мемлекет ретінде енді. Алайда Қазақстан Республикасының конституциялық дамуының алғашқы қадамдары социалистік Конституцияға  өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүргізілгендігін айта кету керек.

Конституциялық дамудың келесі кезеңі Жоғарғы кеңестің 1993 жылғы 28 қаңтарда жаңа Конституцияны қабылдаудан басталды. Бұл Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық құрылымын жаңаша анықтаған тарихи құқықтық акт болған еді. Әрине бұл Конституция Қазақстанның өз суверенитетін жариялаған сәттен бастап шыққан конституциялық заңдардың құқықтық нормаларын, принциптері мен идеяларын қамтыған болатын. Олардың қатарына халықтық суверенитет, мемлекеттің тәуелсіздігі, биліктің бөліну принціпі, қазақ тілін мемлекеттік тіл деп тану, Президентті мемлекеттің  және бірыңғай атқарушы билік жүйесінің, Жоғарғы, Конституциялық, Жоғарғы Арбитраждық соттың, және Прокуратура органдарының  басшысы ретінде таныды. Сондай-ақ жаңа Конституция қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясының кейбір ережелерін де қамтыған еді. Мысалы Жоғарғы Кеңес бір палаталы өкілетті және заң шығару орган болып қала берді. Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы бірқатар жаңа ережелерді де қамтыды. Мысалы, бұл Конституцияда «зайырлы» және «унитарлы» ұғымдары қолданылды. Мемлекеттің зайырлы сипатта болуы діни бірлестіктердің мемлекеттен ажыратылғандығын білдірді. Діни ұйымдардың саяси мақсат міндеттерді көздеуіне тиым салынып, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұ 



Скачать