ТҰТЫНУШЫЛАР ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫ АНЫҚТАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ
ТҰТЫНУШЫЛАР ҰҒЫМЫ ЖӘНЕ ОНЫ АНЫҚТАУДЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІТұтынушылардың құқықтарын қорғайтын нормалар құқықтың әртүрлі салаларын қамтиды. Бұл нормативтік құқықтық актілер Конституциядан бастау алады. Өйткені, Конституцияның өзінде, біздің еліміздің ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары болып табылады деп көрсетілген. Сонымен бірге Конституцияда әркімнің тынығу, денсаулығын, тұрғын үйін заңсыз қол сұғушылықтан қорғау, білім алу және өзге де құқықтары бекітілген. Бұл құқықтарға кепілдік беріледі, өйткені қолданыстағы заңнамада тұтынушының өмірінің қауіпсіздігін, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін тауарларға, жұмыстар мен қызметтерге қойылатын талаптар жүйесі, мемлекетік білім беру және денсаулық сақтау жүйесі, сонымен бірге тауарларды, жұмыс пен қызметтерді бақылау және қадағалау бекітілген. Ал тұтынушылардың құқықтарының бұзылуынан әкімшілік және қылмыстық құқықтық нормалар қорғайды. Тұтынушыға қатысты қатынастарды реттеуде азаматтық заң шығармашылығы, атап айтқанда Азаматтық кодекс нормалары басты роль атқарады. Азаматтық кодекстің жалпы бөлімінде азаматтардың және ұйымдардың азаматтық айналымға қатысуының құқықтық негіздері, азаматтық-құқықтық шарттарды жасаудың негізгі талаптары анықталады. Негізінен, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнаманың құрамына Азаматтық кодекстен басқа әртүрлі дәрежедегі нормативтік құқықтық актілер енеді. Оларға 1991-жылғы 5-маусымда қабылданған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс, әрі өзге де заң актілері мен заңға тәуелді актілер жатады. Алайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы ұлттық нормативтік базаның көлемі ауқымды болғанымен, олар әлі толығымен қалыптасып біткен жоқ, әрі қоғамдық қатынастар бір жерде тоқтап тұрмай өмір талабына сай үнемі дамып және өзгеріп отыратындықтан, нормативтік базаны да үнемі жетілдіріп отыру қажет. Заң шығармашылығында, тұтынушылық қатынастарды реттейтін нормативтік актілердің екі тобын бөліп қарастыруға болады. Бірінші топқа тұтынушы тікелей қатысушы болып табылатын актілерді жатқызуға болады. Бұл топқа тұтынушының тауардың (жұмыс, қызмет) тиісті сапасына құқығын, олардың өмірге және денсаулыққа қауіпсіздігін орнататын актілер, сатып алу-сату, мердігерлік, тасымалдау және өзге де шарттарда қөрініс алатын қатынастарды реттейтін, шарттарды орындамау немесе тиісті дәрежеде орындамау салдарын, тауарды дайындаушының не сатушының жауапкершілігін айқындайтын актілер жатады. Екінші топқа өз қызметі шегінде тауарларға (жұмыстар, қызметтер) қатысты талаптарды анықтайтын және осы талаптардың сақталуын қадағалайтын мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін актілер жатады. Оларға «Сақтандыру қызметі туралы», «Сертификаттау туралы», «Техникалық реттеу туралы», «Табиғи монополиялар туралы» және өзге де көпетеген заңдар жатады, әрі олар тұтынушы үшін маңызды ережелерді орнатады. Бұл жерде бір қатынасқа бірнеше нормативтік құқықтық акт қатысты болса, яғни барлығы бір қатынасты реттесе, әрі олардың арасында қайшылық туындаса қайсысы қолданылуы тиіс деген заңды сұрақ туады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесін қалыптастыру және тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау бойынша жүргізілетін шараларды дамыту және жетілдіру мақсатында 1995-жылғы 22-маусымда Министрлер Кабинеті № 864 «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жүргізілетін жұмыстардың белсенділігін арттыру туралы» Қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша заң жобаларының және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы қатынастарды реттейтін нормативтік құжаттардың тізімі бекітілді. Осы қаулы жергілікті әкімшілік басшыларына тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында бөлшек сауда жүйесіндегі мемлекеттік кәсіпорын үшін алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың міндетті тізімін бекіту құзыретін жүктеді. Аталған атқару органдары сауданың, қоғамдық тамақтану және халыққа қызмет көрсету саласындағы жекешелендірілген кәсіпорындарының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес жұмыс істеуін жүйелі түрде тексеріп отырды. Негізгі заңымыз Конституцияның ең жоғарғы заңдық күші бар және ол Республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылуға жатады [1]. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы нормалардың ішінде маңызды роль атқаратын «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңда, тұтынушылардың құқықтары мен оларды жүзеге асыру механизмі осы Заңмен және Қазақстан Республикасының осы заңға сәйкес шығарылған басқа да заң актілерімен реттеледі деп көрсетілген [2, 3-б. 1-т.]. Сонымен бірге Азаматтық кодексте, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актілерінде қамтылған нормалары осы Кодекстің ережелеріне қайшы келген жағдайда осы кодекстің ережелері қолданылады деп көрсетілген [3, 3-б. 2-т.]. Аталған нормалардан көріп отырғанымыздай, әр актіде әртүрлі айтылған. Бұл коллизияның шешімін «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңнан табамыз. Өйткені осы заңның 6-бабына сәйкес, әр түрлі деңгейдегі нормативтік актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады. Заңдар нормаларының кодекстердің нормаларымен алшақтығы болған жағдайларда олар кодекстерге тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормаларында қайшылықтар болған кезде қолданысқа кейінірек енгізілген актінің нормалары қолданылады [4]. Осы нормадан азаматтың негізгі құқықтары Конституцияда бекітіледі, ал тұтынушы Азаматтық кодексте бекітілген құқықтарды пайдаланады, яғни тұтынушы құқығын қорғауға бағытталған өзге заң актілері, соның ішінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң да Конституция мен Азаматтық кодекске қайшы келмеуі тиіс деген қорытынды шығады. Ал халықаралық шарттарға келетін болсақ, онда Жоғарғы Соттың 1996-жылғы 25-шілдедегі № 7 «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңдарды соттардың қолдану тәжірибесі туралы» нормативтік қаулысында Қазақстан Республикасының Конституциясының 4-бабының 3-тармағына сәйкес республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басым болатындығын соттар ескеруі тиіс. Тиісінше, егер республикамыз бекіткен халықаралық шартта тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы республикамыздың заңдарында көзделген құқықтардан өзге құқықтар көрсетілсе онда халықаралық шарт ережелері қолданылады деп көрсетілген [5]. Енді келесі маңызды мәселе, осы заңнаманы дұрыс түсіну, әрі қолдану үшін біз, тұтынушы деген кім екенін және оның басқа субъектілермен қатынасқа түсу жағдайын анықтап алуымыз керек. Заңға сәйкес тұтынушы — жеке өзі тұтыну немесе өзі жеке меншік шаруашылықта пайдалану мақсатында тауар сатып алатын және жұмыстар мен қызметтерді пайдаланатын азамат. Аталмыш анықтамадан көріп отырғанымыздай тұтынушыға үш талап қойылады. Оның біріншісі жеке өзі тұтыну және пайдалану мақсатында тауар сатып алу, яғни тауар пайда табумен байланысты емес жеке қажеттіліктер үшін алынуы тиіс. Сондықтан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң азаматтар арасындағы жеке тұрмыстық емес қажеттіліктерін қанағаттандыруға қатысты қатынастарды реттемейді. Толығырақ айтар болсақ, азаматтардың тауарды, жұмыс пен қызметті кәсіпкерлік қызмет үшін, яғни пайда табу мақсатында және негізгі қызмет қажеттіліктерін не өз жұмысшыларының әлеуметтік тұрмыстық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында алуы осы Заңмен реттелетін қатынастар қатарына жатпайды. Тұтынушыға қойылатын екінші талап — ол міндетті түрде жеке тұлға болуы тиіс. Ал заңнамаға сәйкес, жеке тұлғаға Қазақстан Республикасының азаматтары, шетел азаматтары, азаматтығы жоқ тұлғалар жатады, әрі Азаматтық кодекстің 3-бабының 7-тармағына сәйкес, шетелдiк жеке тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi [3]. Ал заңды тұлғалардың тауар алу кезіндегі бұзылған құқықтары жалпы заңнама нормалары арқылы қорғалады. Олардың мұндай бөлінуін заңды тұлғалардың мүдделері мамандармен (экономистер, заңгерлер және тағы басқалармен) қорғалатындығымен, ал тұтынушыға ешкім мұндай көмек көрсетпейтіндігімен түсіндіруге болады. Заң бойынша қызмет пен тауарды алатын адам ғана емес, осы өнімді пайдаланатын адам да, сонымен бірге тауарды алуға ниет білдірген адам да тұтынушы болып есептеледі. Яғни, адам сатушыдан тауарды көрсетуді және ол туралы ақпарат беруді өтінгеннен бастап тұтынушы болып есептеледі. Тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын ұйымдардың болуы бүгінгі қоғамымызда өте маңызды және олардың осы салада алатын орны да зор. Өйткені кез-келген тұтынушы, тіпті ол құқықтық жағынан сауатты болса да ұйымның моральдық қолдауынсыз өз құқығын қорғай отырып, сот тартысын бастай да жеңе де алмайды. Ал ұйым бір мақсатта үнемі жұмыс істейтіндіктен, ондағы адамдар тұтынушыларға қатысты барлық мәселелерді жақсы түсінеді, құқық қорғаушылық қызметте зор тәжірибе жинайды, олар үшін тиісті сараптаманы ұйымдастыру, өзі қойған талапты сотта дәлелдеу еш қиындыққа соқпайды. Қоғамдық ұйымның ерекше психологиялық потенциалы да бар, өйткені оның шешімін сатушы ескереді. Егер жеке тұтынушы сотқа дейінгі талап қойса онда сатушы оны қайтіп болса да алдап жеңемін деп сенеді, ал егер талапты тұтынушының атынан ұйым қойса, онда бұл жерде сатушы мамандармен кездіккенін түсініп, залалдың орнын сөзсіз толтырады.
Пайдаланылған әдебиеттер: | ||
скачать работу |