Сотталған әскери қызметшілерге қатысты әскери қызмет бойынша шектеу, қамау мен тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазаларды өтеу


Сотталған әскери қызметшілерге қатысты әскери қызмет бойынша шектеу, қамау мен тәртіптік әскери бөлімде ұстау түріндегі жазаларды өтеу

 

Әскери қызмет бойынша шектеу әскери қызметті шартпен жасап жүргендерге және әскери қызметке шақырылуы бойынша істеп жүрген офицерлерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің айрықша бөлімінің баптарына сәйкес көрсетілген әскери қызметке қарсы қылмыс істегені үшін, сондай-ақ түзеу жұмыстарының орнына әскери қызметті шартты түрде істеп жүрген сотталған әскери қызметкерлер тағайындалады.

Соттың үкіміне сәйкес әскери бөлімнің командирі соттан үкімнің көшірмесі мен оны өтеу туралы өкім келіп түскен соң үш күннен кешіктірмей бұйрық шығарады, онда сотталған әскери қызметкер қандай негізде және қандай мерзім ішінде лауазымды өсіруге және әскери атақ беруге ұсынылмайтыны, кезекті әскери атақ беру үшін еңбек сіңірген жылдарына қандай мерзім есептелмейтіні түсіндіріледі. Сонымен бірге сот үкіміне сәйкес сотталған әскери қызметкердің ақшалай үлесінен әскери қызмет бойынша шектеуді өтеу кезеңінде тиісті бюджетке қандай мөлшері ұсталып қалатыны көрсетіледі. Бұйрық әскери бөлімде жарияланады, сотталған әскери қызметкерге мәлім етіледі және атқаруға қабылданады.

Егер жасаған қылмысының сипаты мен өзге де мән-жайлары ескеріле отырып, сотталған әскери қызметкерді бағыныштыларға басшылық етуге байланысты қызметте қалдыру мүмкін болмаса, ол тиісті әскери бөлім командирінің шешімі бойынша әскери бөлімнің шегінде де, басқа бөлімге ауыстырылуына байланысты да басқа лауазымға ауыстырылуы туралы үкімді шығарған сотқа хабарланады.

Әскери бөлімнің командирі сотталған әскери қызметкермен оның қылмысының сипатымен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеке басын, сондай-ақ мінез-құлқы мен әскери қызметке көзқарасын ескере отырып тәрбие жұмысын жүргізеді.

Соттың үкімімен және әскери бөлім бойынша жарияланған бұйрықпен белгіленген мерзім аяқталуына дейін үш күннен кешіктірмей әскери бөлімнің командирі әскери бөлім бойынша шектеу түріндегі жазаның өтелуін тоқтату туралы, оның тоқтатылатын күні көрсетілген бұйрық шығарады. Бұйрықтың көшірмесі үкімді шығарған сотқа жіберіледі.

Сотталған әскери қызметкерлерге қатысты қамауды атқару - қамауға сотталған әскери қызметкерлер жазаны абақтыда өтейді. Офицерлер, прапорщиктер, мичиандар, сержанттық, старшиналық және қатардағы әскери құрамдардың қызметкерлері бөлек-бөлек және басқа да негіздерде отырғандардан да бөлек ұсталады.

Қамауға сотталған әскери қызметкерлер жазаны өтеу үшін үкімді өтеу туралы соттың өкімі алынғаннан кейін әскери жарғыларда белгіленген тәртіппен үш күн мерзімде абақтыға жіберілуі тиіс.

Абақтыда ұсталатын сотталған әскери қызметкерлерге қатысты қамау түріндегі жазаны өтеуде Қазақстан республикасының Қылмыстық-атқару кодексінің 64-бабында, сондай-ақ әскери жарғыларда белгіленген тәртібі мен жағдайлары қолданылады.

Сотталғандарға үлгілі мінез-құлқы үгшін алғыс айту немесе бұрын қолданылған жазаны мерзімінен бұрын алу түріндегі мадақтау шаралары қолданылады.

Жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін сотталғанға сөгіз жариялау немесе он тәулік мерзімге дейінгі жалғыз адамдық камераға ауыстыру түріндегі жазалар қолданылуы мүмкін.

 


Скачать