Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесінің принциптері


Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесінің принциптері

 

Қазақстан Республикасының Конституциясы адамның және азаматтың құқықтарының негізіне олардың құқықтық мәртебесін бекітеді және оларды жүзеге асыруға жағдай туғызады. Бұл принциптерге мыналарды жатқызуға болады.

1. Адам құқықтары мен бостандықтарының шеттендірілмеуі. Табиғи деп танылған құқықты мемлекет сыйламайды. Ол тек қана таниды, белгілейді және оларды жүзеге асыруға және сақтауға кепілдік береді. Мемлекет те, оның органдары да, лауазымды тұлға да заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, басқа жағдайларда оларды шеттетуге, шектеуге құқығы жоқ.

2. Конституция құқықтарды, бостандықтарды теріс мақсатта пайдалануға тыйым салады. Конституцияда азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауы, конституциялық құрылым мен қоғамдық адамгершілікке қол сұқпауы тікелей көрсетілген. Әрбір азаматтың кең ауқымды құқықтар мен бостандықтарға ие болуы дегеніміз олардың барлығы сондай құқықтарға ие екендігін білдіреді. Адам құқығы, бостандықтары бұзылған жағдайда заңды, құқықты, бостандықты сақтау, басқа адамның абыройы мен ар-ожданын құрметтеу міндеттерінің бұзылғандығына қарай заң кепілдігі күшіне енеді.

3. Конституциялық құқықтар мен бостандықты заңсыз шектеуге жол берілмейді. Мұндайда Конституция шектеудің шегін және негізін көрсетеді. Біріншіден, құқықтар мен бостандықтар тек заңмен ғана шектелуі мүмкін. Екіншіден, құқықтар мен бостандықтар конституциялық құрылысты қоғамдық тәртіпті қорғау, адам құқықтарын және бостандығын, халықтың денсаулығын және құлықтылылығын қорғау мақсатында қажетті шеңберде ғана шектелуі мүмкін. Үшіншіден, азамат ешқандай шектеусіз саяси құқықтар мен бостандықтарды толығымен пайдалана алады. Конституция ешқандай нысанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына саяси негіз бойынша шектеуге жол бермейтіндігін анық көрсетеді.

4. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының тікелей іс-әрекеті олардың өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалану мүмкіншілігін және нақтылығын білдіреді.

5. Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды принципі олардың тең құқықтығы болып табылады. Конституцияда осы принцип адамның және азаматтың өмірінің барлық салаларына қолданылатыны бекітілген.

6. Заңдар мен нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылу принципі. Бұл конституцияда жарияланған адам құқығы мен бостандығын білдіреді. Олар осы құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыру жағдайын және тәртібін белгілейтін заңдарды және нормативтік құқықтық актілерді дайындау және қабылдау кезінде негізгі болып табылатындығын білдіреді.

7. Адамның және азаматтың құқықтық мәртебесінің маңызды принципі құқықтардың, бостандықтардың және міндеттердің біртұтастығы және ажырамастығы болып табылады. Әр адам конституцияны және Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға міндетті. Әрбір адам және азамат адамдар қауымдастығында өмір сүреді. Адамдар тек бірдей құқықтар мен бостандықтарға ғана ие емес, сондай-ақ бір біріне, қоғамға, мемлекетке қатысы бойынша бәрі бірдей міндетті болады.

 


Скачать