Өтеген батыр Өтеғұлұлы
Өтеген батыр ӨтеғұлұлыӨтеген батыр Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) – XVIII ғасырдың І жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр. Ұлы жүздің дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін жаудан азат етуге зор еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты. Осы ұрыстарда қалмақтың Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді аты шулы батырларын жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының біріне айналды. Төле бидің, Абылай ханның серігі болды. Батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсен, Майкөт, Сүйінбай, Жамбыл, Тілеміс секілді ақындардың жыр-дастандарына арқау болды. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны. Өтеген батыр туралы дерек-аңыздарды әдебиетшілер Е.Ысмайылов, Қ.Тұрғанбаев, Н.Смирнова, С.Бегалин зерттеді. Кейбір зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, батыр Бұқара, Самарқанд, Кабул, Исфахан, Тегеран, Ыстамбұл сияқты қалаларда болып, білім алған. Өтеген батырдың соңында атағы ғана емес, Қосағал, Қосдәулет, Асау, Ылау, Бердіс, Тарпақ, Базарбай, Аюса, Жақұлы, Төке, Тоқтарбай есімді балаларынан тараған үрім-бұтағы да қалды. Атақты Байсерке күйші, Тілеміс шешен Өтеген батырдың ұрпағы. Батыр әуелі Іле өзенінің бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының табаны) жерленген. Кейін оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерлеген. Жерленген жері Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы бірсыпыра жер батыр есімімен аталады. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында ескерткіш орнатылды. Батыр туралы екі телефильм түсіріліп, екі кітап жарық көрді. Алматы қаласының бір көшесіне, Іле ауданының орталығы Энергетический кентіне Өтеген батыр есімі берілді. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том ӨТЕҒҰЛҰЛЫ ӨТЕГЕН Өтеғұлұлы Өтеген (1699- 1773) – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Шыққан тегі – Ұлы жүз Дулат тайпасының Жаныс руынан. Өтегеннің ата-бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет қазақ ханы Салқам Жәңгірдің Самарқан әмірі Жалаңтөспен бірігіп, жоңғардың 50 мың әскерін талқандайтын әйгілі шайқасына қатысқан батыр. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Осындай тектілерден жаралған Өтеген де 15 жасында-ақ есімі елге танылып, батыр атанады. Оның Тарпаң есімді баласы мен Шаншар атты немересі де ел қорғап, жат жерліктерге найза түйреген белгілі батырлар. Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді» - деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі - Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екнішісі - батырдың елді «ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтар соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге : «өлгенде сен су астында қаласың» деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен. Скачать |