Қуатты Қарулы Күштер – ел тыныштығының кепілі
Қуатты Қарулы Күштер – ел тыныштығының кепіліОсыдан он тоғыз жыл бұрын 7 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылған. Осы уақыт аралығында қазақ әскері қуатты қарулы күшке айнала алды ма? «Айқын» газеті сауалдарына Қазақстанның төртінші Қорғаныс министрі, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Парламенттегі фракциясының мүшесі, генерал Сәт Тоқпақбаев жауап береді. «ӨЗ ӘСКЕРІН АСЫРАМАҒАН ЕЛ, БАСҚА ЕЛДІҢ ӘСКЕРІН АСЫРАЙДЫ» - Сіз бірнеше жыл бойы республиканың қорғаныс саласын басқардыңыз. Қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ әскерінің ең осал тұсы қандай? - Одақ тараған уақытта бізде жеке әскер болған жоқ. Қазақ әскері тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, нығаюда. Қазіргі таңда ең басты міндеттердің бірі — әскери техниканы жаңартып, жетілдіре түсу. Себебі бізде Кеңес дәуірінен қалған, ресейлік қару-жарақтар әлі де бар. Ал әлемде қорғаныс саласындағы жаңа технологиялар жылдам дамып, кемелдене, шыңдала түсуде. Өзіміз қару шығармағандықтан, оларды басқа елдерден сатып аламыз. Бірақ әскери техниканы бір елден емес, жетістігі мол көптеген мемлекеттерден алған дұрыс. Ресей стратегиялық әріптес саналғанымен, НАТО күштерінің техникасын да пайдаланған жөн. Біздің Қарулы Күштерімізде де осындай іс жүзеге асырылып жатыр. - Қазіргідей ақпараттық технология заманында бактериологиялық, лазерлік, генетикалық және тағы басқа да қарудың қитұрқы түрлері пайда болуда. Осындай жағдайда қазақ әскерінің қорғану қауқары қаншалық? - Ядролық, бактериологиялық қару-жарақ түрлерін қолдануға тыйым салатын арнайы халықаралық келісім-шарттар бар. Бірақ қорғаныс мақсатында жаңа, жақсы қаруды алуды дұрыс жолға қойған жөн. Әрине, өте жоғары деңгейдегі қару-жарақтар жасырын сақталады әрі өте қымбатқа түседі. АҚШ, Ресей, Қытай сияқты ірі державалар қауіп төнуі мүмкін елдерге қатысты өз қаруын әзірлеп, құпия ұстайды. Сондықтан мұндай заманауи қорғаныс құралдарын даярлау үшін жан-жақты ғылыми-зерттеулер мен техникалық ізденістер қажет. - Еліміз үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама қабылдап, әлеуметтік және саяси реформалар жасамақ. Неліктен қорғаныс саласы осындай реформалардан тысқары қалады? Әлде бұл сала күрделі өзгерістерге зәру емес пе? - Реформалар әр салада қажет. Конституция бойынша Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы — Президент. Мемлекет басшысы елімізге сан жағынан көп емес, бірақ ықшам әрі әмбебап Қарулы Күштер жасақтау міндетін қойған. Әскер заман талабына сай болуы үшін күнделікті техникасы жаңартылып, жаңа технологиялардан сырт қалмауы тиіс. Екіншіден, Қарулы Күштер құрамында білікті мамандар, арнайы дайындығы бар сарбаздар қызмет етуі керек. Ол үшін әскерде келісімшартпен жұмыс істейтіндердің болғаны маңызды. Біз алғаш осы жүйені енгізе бастаған кезде мұның қосымша қомақты қаржы көздерін қажет ететіндігін түсіндік. Он жыл бұрын, мәселен, Италия өз әскерін толықтай келісімшартпен жұмыс істейтіндермен қамтамасыз ете алмады. Себебі маманданған әскери қызметкерге дұрыс жалақы төленіп, оның отбасы материалдық жағынан толық қамтамасыз етілуі тиіс. - Сіз айтып отырғандай, жаңа техника сатып алып, әскерге мамандар жалдау мемлекет қазынасын ойсырататыны анық. Бейбіт заманда мұндай артық шығын қажет пе? - Әрине, Қарулы Күштер мемлекеттік қазынадан тек «жей» беретін, ештеңе бере алмайтын «арамтамақ» құрылым болып көрінеді. Бірақ «өз әскерін асырамаған ел, басқа елдің әскерін асырайды» деген ескі нақыл бар. Қазақстан — барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынаста. Дегенмен «жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында». Кез келген қиын жағдайға әзір болуымыз керек. Мемлекеттің осы салаға үнемі қаражат бөлуі Қарулы Күштердің деңгейін көтеріп, шеберлігін арттырып отырады. Мәселен, осыдан он жыл бұрын қорғаныс саласына мемлекеттен 11,5 млрд теңге бөлінсе, қазір бұл қаржы 200 млрд теңгеден асып кетті. ӘСКЕРИ РЕФОРМАЛАР ҚАЛАЙ ЖАСАЛДЫ? - Ол кездегі Қазақстанның Қарулы Күштерінің жағдайы да соған лайық ондаған есе төмен болған шығар? - 1999 жылы Қорғаныс министрі болып тағайындалғаннан кейін ең алдымен гарнизондарды аралап, жағдайды өз көзіммен көріп қайтқан едім. Содан соң елдің бірінші басшылары қатысқан Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы баяндама жасадым. - Онда қазақ әскеріне қандай баға беріп едіңіз? - «Қарулы Күштерді реформалау емес, оны қайта жасақтау керек. Қазақстанда Қарулы Күштер жоқ!» дедім. Бәрі тым-тырыс болып қалды. Нұрекең: «Бір министр — былай, екіншісі — басқаша айтады» деді. Сосын: «Отырысқа қатысып отырған генералдар, штаб басшылары шынайы жағдайды баяндасын» дедім. Егер жауынгерлері екі жылда бір оқ атып көрмесе, бұл қандай әскер?! Солдаттардың жейтін тамақтары жоқ, жататын жерлері — 14 градус суық. Әуе Қарулы Күштерінің 99 пайызы ұшпайды. Әскери техниканың басым бөлігі не жүрмейді, не оқ атпайды, бәрі тоқтап тұр. Ал офицерлердің әлеуметтік жағдайы сын көтермейді. Осының барлығын басшылар алдында ашық айттым. Қауіпсіздік кеңесінің осы жиынынан кейін Мемлекет басшысы ІЖӨ-нің 1 пайызын Қарулы Күштерге жұмсау туралы шешім шығарды. Әскери қызметкерлердің жалақысын ТМД елдеріндегі әскерилердің жалақысынан ең жоғары еттік. - Дәл сол жылдары Әскери доктрина да қабылданды емес пе? - Доктрина әзірлеуге алғаш рет шетелдік мамандар мен сарапшылар тартылғанымен, басты әскери құжатты өзіміздің озық ойлы жігіттер жасап шығарды. Доктринаға сүйене отырып, әрі қарай реформалар жүзеге асты. Шетелден оқып келген Әбдімомынов деген бір жас жігіт Президентке Қазақстанның қорғаныс саласы туралы өзінің тұжырымдарын жазып жіберіпті. Біз хатпен танысып шықтық. Оның ұсыныстары көкейімізге қонды. Ақыры оны іздеп, тауып алдық. Ол «Қазақойл» ұлттық мұнай компаниясында сараптама бөлімін басқарады екен. Кездесіп сөйлескеннен кейін оны жұмысқа шақырдым. Бірақ ол пәтер сұрады. Бізде ондай мүмкіндік жоқ қой. Сосын компанияның сол кездегі басшысы Нұрлан Балғымбаевқа хабарластым. Оған қалжыңдап, қызметкерін «үй-жайы, бала-шағасы, мал-қорасымен» қоса жіберуін өтіндім. Ол келісімін беріп, сол жігіттің үй алуына жәрдемдесті. Бірақ ол әскери штабта жұмыс істеп, құжаттар қарауы үшін оның әскери атағы болуы шарт. Сосын оған бірден майор дәрежесін беріп, ол марқұм генерал Сапаровпен және басқа сарапшылармен бірге 2-3 айдың ішінде еліміздегі әскери бетбұрыстарға негіз болған құжаттарды әзірлеп шықты. Біз оны Қауіпсіздік кеңесінде қорғап, құрылымдық өзгерістер жасауға кірістік. - Қазақстанның әскери доктринасы қабылданғандықтан, мемлекеттің әскери идеологиясына да өзгерістер енгізілген шығар? - Иә, он жыл бұрын аймақтағы геосаяси жағдай мүлдем басқа болса да, еліміздің әскери стратегиясы бұрынғы күйінде қалыпты. Яғни Кеңес Одағы кезінде бір жылы АҚШ-ты, екінші жылы Қытайды «бірінші жау» санап, барлық қорғаныс күшін соған қарай бағыттайтын. Соған сәйкес қауіп Қытайдан төнеді деп, әскери күштеріміздің бәрі еліміздің солтүстік шығысына қарай шоғырландырылған. Басқа жақта, мәселен, дәл сол кезде бізді айрықша алаңдататын оңтүстік өңірде әскери комиссариаттан өзге бірде-бір әскери бөлімше жоқ. Сондықтан бұл жүйені түбімен өзгертіп, әскери күштерді төрт округке бөлдік. Бұл құрылымдық бетбұрыстар қосымша шығын мен қауырт жұмысты талап ететін. Сол кездегі жергілікті әкімдер: Таразда — Серік Үмбетов, Ақтөбеде — Аслан Мусин әскерилерді баспанамен қамтамасыз етуге, ғимараттар тауып, оларды іске қосуда теңдессіз көмек көрсетті. Одан кейін әскери басқару жүйесіндегі қажетсіз буындар алынып тасталды. Мәселен, сол кезде Бас штабпен бірге Жалпы мақсаттағы күштер жұмыс істейтін. Мұндай мекеменің не үшін құрылғаны түсініксіз. Сөйтсек, бұл мекеме Бас штабтан алынған хабарларды басқаларға жеткізіп отырумен ғана шұғылданады. Яғни генералдар үшін — Алматыдағы ең бір жайлы орын. Біз бұл мекемені қажетсіз деп тауып, қысқарттық. Сонан соң айдалада жұмыс істеп тұрған кіп-кішкентай әскери қорғандар бар екен: әскери ғимараттарында бір-екі офицер отырады, алпыс солдат сырттан күзетіп жүреді. Бұл — Кеңес Одағынан қалған тәжірибе бойынша тек соғыс жағдайында ғана жұмыс істейтін әскери бөлімшелер. Бейбіт күндері оларға жөнсіз шығын кететіндіктен, қысқартуды күн тәртібіне қойдық. Екіншіден, Қытай шекарасына жақын жерлерде жекелеген батальондар орналасқан. Бұл жерлерге қатынау да, адамдарды тамақпен, сумен қамтамасыз ету де қиынға соғады әрі қомақты шығын әкеледі. «Сонда осындай шағын батальондар неге керек?» деп сұрасам, ондағылар: «Қытай соғыс ашса, қарсы тұрамыз!» дейді. Қытайдың халқы — 1 жарым миллиард. Егер тіпті қытайлар ешқандай қарусыз шекарадан өте бастаса, оларға 500-600 адамдық батальон төтеп бере ала ма?! Ондай бекеттерді де таратып, елдің ішкі аймақтарына қарай көшірдік. Тағы да әскери реформалар барысында келісімшартпен жұмыс істейтін әскерилерді қызметке ала бастадық. Әскери гарнизондарда тамақпен қамтамасыз ету ісі жолға қойылып, тендерлер арқылы олар жеке кәсіпорындарға берілді. Жекеменшік иелеріне асханаларды толық жөндеп, бүкіл ыдыс-аяғын жаңартып, санитарлық талапқа сай қайта жасау міндеттелді. ӘСКЕРИЛЕРДІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ ҚАШАН ОҢАЛАДЫ? - Әскери салада құрылымдық өзгерістер жасалғанымен, соңғы он жылда әскерилердің әлеуметтік жағдайы толық түзелді деп айтуға бола ма? Мәселен, баспанасыз әскерилердің БОМЖ сияқты қоғамдық ұйымдары әлі бар… - Рас, әскерилердің баспана мәселесі қиындау. Өйткені Одақ тарқағаннан кейін дағдарыс ушығып, бұл мәселені түбегейлі шешуге Қазақстанның Скачать |