Қошағаш немесе Шүй Қазақтары


Қошағаш немесе Шүй Қазақтары

 

Әуелхан Жатқамбаев

Таулы Алтай Қазақтары

қауымдастығының төрағасы

 

ҚОСАҒАШ НЕМЕСЕ ШҮЙ ҚАЗАҚТАРЫ ТУРАЛЫ

 

Құрметті Отандастар!

Қадірменді қонақтар!

          Ең алдымен үшінші дүниежүзілік Қазақтар құрылтайында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Асқақ Алтайдың биігінде, Қосағашта дәстүрін, тілін сақтаған шоқтай он мың қазақ тұрады деп еді, бүгінде он бір мыңға жеткен сол қазақтардың Сіздерге шын жүректен жолдаған сәлемін жеткізуга рұқсат етіңіздер.

Құрметті Отандастар!

Қадірменді қонақтар!

Отанымыздың Жүрегі, халқымыздың мақтанышы, әлем қазақтарының арқа сүйері Астананың он жылдығы мен Алаш қозғалысының тоқсан жылдығына арналған мерейтойға хош келдіңіздер демекпін.

Бүгінгі халықаралық конференцияға халқымызға ыстық, өзекті әрі ең қасиетті мәселелер тақырып етіп алыныпты. Бұл – елдіктің көрінісі. Әлем қазақтары рухани сұхбат құрып жатса, Алаш мұрасын, тіл мен мәдениет мәселесін бірге көтеріп жатса, бұған тең келетін, бұдан артық біздерді жақындастыратын жағдай болмайды деп ойлаймын. Ұйымдастырушыларға осы тақырыптардағы конференция дәстүрге айналып жалғасын тапса деген ұсыныс айтамын.

Дана халқымызда «Күн сәулесі Шығыстан тарайды» деген нақыл сөз бар. Ендеше Отанымыздың ең Шығысында, Мұзтаудың арғы бетінде Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы, Қосағаш ауданында тұратын қазақтар атынан біраз ой айтуға рұқсат етіңіздер. Біздерді Қосағаш қазақтары, немесе Шүй қазақтары деп атайды. Оның себебі, біз Мұзтаудың шығыс бетіндегі түркілердің төрі Шүй даласын қоныстанып отырмыз. Шүй даласы әлемге танымал шың басындағы құт мекен Үкекпен жалғасып жатыр. Сол Үкектегі жалғыз елді мекен Жазотырда негізінен қазақтар жайлаған. Қосағаш қазақтарының қалыптасу тарихына келсек, үш түрлі жорамал бар:

– біріншісі, саяси ахуалдағы айтылар әңгіме, осыдан үш жүз жыл бұрын біздің аталарымыз Алтай асып, Алтай зайсандарынан жер сұрап келіп, орнығып қалған делінеді;

– екіншісі, тарихқа терең барсақ, таңбалы тастар (мәселен, түйе көші тағы басқалар), ескі обалар, аңыз әңгімелер қазақтардың жергілікті халық екенін меңзейді;

– үшінші, ең өкініштісі, атақты Үкөк даласы (онда түркі-сақтардың жүздеген обалары сақталған) ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін Шығыс Қазақстанға қарап тұрған, түрлі себептермен Кеңес дәуірінде РСФСР-ге өтіп кеткен. Қазір Мұзтау толығымен Ресей Федерациясындағы Алтай Республикасына қарап қалды. Енді олар Мұзтауды ежелгі атымен Қатын Басы десе, орыстар Белуха деп атайды.

Аталған жердің негізгі тұрғындары қазақтар, алтай мен орыстар да орныға бастады. Қосағаш қазақтары Мұзтау дегенімен, ресми олай еш жерде жазылмайды. Қазақстанда Мұзтауды аңсап, алтайдағы Мұзтауым деп жырлаған ән-жырды естімедім. Тұтас түркінің алтын бесігі Алтайдың ең асқақ шыңы Мұзтау, оның етегінде қазақ тарихын жоғалтпай отырған біздер Қазақстанның, яғни Үлкен Отан санасынан өшпесек екен деген тілек айтамын. Ол үшін тарихта, өнерде, саясатта, экономикада, жарнамада Мұзтау атауы жиі аталуы тиіс. Сонда Мұзтау қайда деп халық іздейтін болады.

Қосағаш қазақтары небір қиын тарихи кезеңдерді басынан өткізсе де жүз пайыз ана тілінде таза сөйлетінін атап айтқым келеді.  Қосағаш, яғни Шүй қазақтарының мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін өзіндік стилі қалыптасқан десем артық айтқандық емес. Бізде тіл мәселесі қиындық туғызып тұрған жоқ. Қазақстаннан тыс қазақтардың ішінде бірінші болып өз энциклопедиямызды шығардық. Онда Қазақстанда шыққан энциклопедиялар, кітаптар материалдарын көп пайдаландық. Онда бірнеше мақсатты көздедік. Бірінші мақсат, Москва, Санкт-Петербург, Томск, Омск, Оренбург, Новосибирск, Кемерово, Барнаул, Горно-Алтайск тағы басқа қалаларда шашырап оқып жатқан жастар кіндік қаны тамған жерін, арғы ата-бабасын ұмытпасын деген ойдан туындады. Екінші мақсат, Қазақстан туралы мәліметті көптеп беріп, оқуға негізінен Қазақстанға бет бұрсын деген ойдан туындады. Өкінішке орай, бұл бағытта келген жастарымызға қолдау көрсеткеннің орнына, ана қағаз керек, мына қағаз керек деп мазасын кетіретін жағдайлар көрініс тауып қалады. Жастың аты жас емес пе, жылы қабақ көрмегеннен кейін Ресейдің бір қаласына тайып тұрады. Онда жатақханасын беріп, қағазын толтырып беретінін бірінен-бірі сымсыз телефон (мобиль) арқылы біле салады. Болашақта осындай қарапайым нәрселерге ерекше көңіл бөлу керек сияқты. Ата-ананың, Алтайдың қойнауынан ұшқан өр қазақтың баласын Үлкен Отанға келгенде жасытпаса екен деймін. Қалғанын өзі тауып алады. Бірақ жасытқанды көтермейді. 

Дәстүр жайына келсек, «Мирас» қазақ мәдениетіорталығы жұмыс істейді. Онда шілдеханаға қажетті, одан қыз ұзатқанда қажетті, қыл аяғы дүниеден қайтқанда қажетті дүниенің барлығы сол жерде дайындалады. Бір ғана мысал келтірейін, қызын ұзатқанда дүниені дүкеннен алмайды, ол қатты сын болады, қыздың жүгін  қолдан тігіп дайындайды. Қыз жасауын дайындау ең жауапты іс болып есептеледі. Ол – міндет.

Ең бастысы, жалпы Алтай Республикасы, Қосағаш ауданындағы қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін жоғалтпаған. Дін-Исламға құрмет ерекше. Ораза ұстау, айт мерекесін өткізу, Қадыр түнін қарсы алу және отау құрған жастардың мешітте некесін қию қатаң сақталады.

Алла қаласа, келесі жылы Алтай қазақтары мұражайының онжылдығын тойлаймыз. Мұражай 1999 жылы 31 шілдеде Ресей қазақтарының құрылтайы күні ашылған болатын. Мұражайға арғы ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрлі бұйымдардың барлығы қойылған. Мақсатымыз келешек ұрпаққа ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміз жайлы мағлұмат беріп, оларға тәлім-тәрбие беру болды. Бүгінде музейдегі экспонаттар саны үш мыңнан асады. Мұражай қызметкерлері мектептерге барып, қосымша дәріс оқиды. Балалар өздерінің ұлттық байлығын ұмытпай, оны жалғастыратын деңгейде болу негізгі міндет болып есептеледі. 

Алтай қазақтары Кеңес дәуірінде, одан ертеректе де басынан көп нәубет өткізді. ХІХ ғасырдағы, одан кейін ХХ ғасыр басындағы түрлі тарихи төңкеріс кезеңдерді өздеріңіз білесіздер. Одан біз де сырт қалмадық. Бірақ біздің бабаларымыз, аналарымыз сол нәубеттерден ұрпағын, дәстүрін жоғалтпай абыроймен өтті. Құдайға шүкір дейміз.

ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында Алаш ұранды қазақтар өткір қазақтар Шүй даласы, Мұзтау етегінде  мол болған. Шәкірт Қажы Абдоллаұлынан бастап Алаш Қожабайұлына дейінгі аталарымыз Алтайдағы қазақтардың амандығы үшін қатты қам қылған бабаларымыз. Ол жеке және арнайы зерттейтін ауыр мәселе. Ол бабаларымыздың аты аталғанда, жер-су мәселесі бірге көтеріліп кетеді.

Алтай қазақтары мұражайында батыр бабаларымызға арналған жеке бөлме бар. Онда батыр бабамыз Қаракерей Қабанбай батырдан Совет Одағының батыры Елеуісов Жәнібекке дейін тарихтары жазылып қойылған. Алтайдағы бүгінде он мыңға жетіп отырған қазақтардың ішінен төрт бірдей Совет Одағының батыры шыққанын жастарға үлгі етіп отырамыз.

Спортқа, оның ішінде ұлттық спорт түріне де ерекше көңіл бөлеміз. Соны ескеріп ұлы еліміз – Қазақстан мені дүние жүзі қазақтары қазақша күресінің президенті сайлаған болатын. Сенімдеріне мың рахмет. Қосағашта қазақша күрестен дүние жүзілік күрестен жарыс өткіздік. Онда дүние жүзінің қазақ балуандары бас қосты. Басқа да спортқа қатысты шаралар өткізіп тұрамыз.

Өзіміздің «Шүй нұры» деген қазақша газетіміз жарық көріп тұрады. Онда жергілікті ақын-жазушылардың, журналистердің мақалалары мен шығармалары, сондай-ақ өлеңдері жарық көріп тұрады. Сондай-ақ Қазақстанда болған аса ірі оқиғалар, жалпы қазаққа қажетті үлкен жаңалықтар газетке бірінші беріледі.

Сөз соңында айтарым, сол өзіміз қоныстанып отырған жердегі барлық атау таза қазақ тілінде. Шұбарланбаған. Мәселен, Кіндіктас, Ары аққан, Бері аққан өзендері, Шүй даласы, Қосағаш тағы басқа мыңдаған атаулар. Ендігі біздің мақсат – сол атауларды арнайы зерттеп, шоқтай қазақтың санасынан өшірмеу.

 

Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі

Бауыржан Момышұлы

 


Скачать