Қазақтың асылы – Асылы ханым
Қазақтың асылы – Асылы ханымАна тілі ананың сүтімен келетіні белгілі. Тіл – адам жанының ажырамас бөлігі. Әрбір халықтың тек өзіне тән тілі, ділі, діні, түр-тұлғасы, бейне-болмысы, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, мәдениеті болатыны белгілі. Бір халықтың екінші халықпен түр-түсінде, әдет-ғұрпында, салт-дәстүрлерінде мейлінше жақын ұқсастық та, бір дінде болуы да мүмкін. Алайда олардың тілдері мүлдем басқа болса, онда оларды бір халық деп айта аламыз ба? Айта алмайтын шығармыз, сірә? Олай болса, тілді кез келген халықтың өзіндік ұлттық болмысы, оны өзгелерден ерекше етіп көрсететін бірден-бір атрибуты десек, қателеспейтініміз анық. Тілін жоғалту, өзін жоғалтумен пара-пар. Тілі жоғалған талай халықтың тарих сахнасынан аты өшкенін жақсы білеміз. Тілін, ділін, дінін сақтап қалу тек рухы мықты, ұлы халықтардың ғана маңдайына жазылған бақыт екендігі тарихта дәлелденген. Сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан тілін жоғалту – халық үшін үлкен қасірет, орны толмас өкініш. Небір қилы замандарды, «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны», халқымыздың тең жартысын жұтқан сұмдық нәубеттерді басынан өткізіп, ғасырлар бойы бодандықта болып, мың өліп, мың тірілген халқымыз қалай ана тілін, дінін, ділін сақтап қалғанына қайран қаласың. Тек сақтап ғана қалған жоқ, тағдырдың түрлі тауқыметімен қазақ жерін паналаған түрлі халықтардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін оята білді. Елімізде қазақ тілін жақсы білетін 60-қа жуық бірнеше өзге ұлт өкілдері бар екен. Олардың ішінде орыс қызы – қазақ ақыны Надежда Лушникова, неміс ұлы – қазақ жазушысы Герольд Бельгер, қазақ тілінен диссертация қорғаған әзірбайжан қызы – қазақ ғалымы Асылы Осман бар. Бұл кісілер ерекше бағалауға, ерекше құрметке ие. Бәріне шын жүректен риза боласың. Өйткені, бұл үшеуі тіліміз өз жерінде өгейсіген кешегі кеңес заманында-ақ қазақ ақыны, қазақ жазушысы, қазақ ғалымы атанды. Әсіресе, Асылы Әлиқызының ер азаматқа бергісіз еңбегін ерекше атағым келеді. Қазақ баласының ол кісіні білмейтіні сірә, жоқ шығар. Ұлтын сүйген, ана тілін сүйген өз еліміздің азаматтарына ғана емес, шет елдердегі қандастарымызға да аты жақсы таныс. Ол кісіге деген халқымыздың ықыласы ерекше, жұртымыз қатты қадірлейді, жақсы көреді. Мен Асылы апайдың осыдан бірнеше жыл бұрын ең бірінші рет теледидардан «қазағым», «қазақ тілім», деп жұрттың санасын оята сөйлеген отты сөзін естіген болатынмын. Сондағы өткір де тартымды сөздері менің бүкіл жан дүниемді билеп алған еді. Өз ойымда жүрген, әрбір мен қазақпын деген азаматтың ойын тап баса айтқан сөздері жанымды жадыратып, кеудемдегі ұлтыма, ана тіліме деген сүйіспеншілігімді одан әрі күшейте түскен-тін. Әдемі де келісті келген түр-тұлғалы, бір көргенде-ақ адамды өзіне баурап алатын қасиеті бар жан екені сезіліп тұрды. Дауыс ырғағы бауырлас түркі халқының өкілі екендігін білдіріп, жүрегіме жылылық ұялатты. Япырмау, бұл кісі сонда қай ұлттың өкілі болды екен! Қазақ халқының қастерлі тілі үшін күрескен кім болды деген ой мені мазалай берді. Сөйтсем, қазақ үшін жанын отқа да, суға да салып жүрген бауырлас әзірбайжан халқының қызы болып шықты. Осыдан кейін ол кісіге деген сүйіспеншілігім бұрынғыдан да бетер еселеп арта берді, жақсы көруімде шек болған жоқ. Ұлылығына бас иіп, мың рахметімді айтып, іштей амандығын тіледім. Асылы Әлиқызы 3 жасар кезінде, 1944 жылы Грузияның Түркиямен шекаралас Ахалкалак деген қаласынан Сталиннің қанқұйлы саясатының салдарынан отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылған екен. Арып-ашып келген бауырлас әзірбайжан отбасына өзінің даласындай дархандығын, пейілінің кеңдігін көрсете білген халқымызды апайымыз шын жақсы көрді. Сол себепті де болар, Қазақ елі үшін, оның қасиетті тілі үшін жан аямай қызмет етіп келеді. Соғыс кезінде жер аударылған талай халыққа қазақтар, ол кісінің өзі айтқандай, бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып бергенін талай өзге ұлт өкілдерінен естіп те, біліп те жүрміз. Қазір қазақша айтысқа қатынасатын, сөз сөйлейтін, ән салатын өзге ұлт өкілдері күннен күнге көбейіп келеді. Оған да шүкір! Дегенмен, қайталап айтсам, өзге ұлт өкілдерінің ішінен Асылы Әлиқызының алатын орны ерекше. Ұлттық ғылым академиясының қазақ филологиясы бойынша «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 10 томдығын шығаруға белсене қатысты. Осы томдарға 300-ге жуық ғылыми мақалалар жазған екен. Асылы апайымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясы Әзірбайжан бөлімінің меңгерушілігі қызметіндегі еңбегі де бір төбе. Ол Қазақстандағы Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы. Тек бауырлас екі қазақ пен әзірбайжан халықтарын ғана емес, бүкіл Қазақстан халқын қазаққа жақындастыру жолындағы қызметі орасан зор, ел мен ел арасындағы алтын көпір болып отыр. Ол Түлкібас ауданының және Алматы облысының құрметті азаматы. Бірнеше орден, бірнеше медаль, грамоталармен марапатталған. Қазақ тілінің мәртебесі, оның тек Қазақстанда ғана дамитынын, оны ұлтына қарамастан, Қазақстан мемлекетінің әрбір азаматы білуге тиіс, деген Асылы Әлиқызының жалынды сөздері әрбір қазақтың жүрегінде. Ортамызда осындай тамаша адамның жүргеніне тәубешілік жасайсың. «Қаным қазақ болмаса да, жаным қазақ!» деп қазақ тілін қорғау жолында қан майданға шығуға бармын», деген сөздері де әрбір азаматқа үлгі болатыны, намысын қайрайтыны сөзсіз. Асылы Әлиқызының: «Қазақ халқы – ұлт құраушы халық, яғни барлық өзге ұлттар оның айналасына топтасуға тиіс. Қазақ халқының тілі мен мәдениетін, әдет-ғұрпын білуіміз, сыйлауымыз керек», деген сөздері бүгінгі таңда үлкен маңызға ие болып отыр. Ғасыр кемеңгері, сарабдал саясатшы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақтар өз ана тілін білуі тиіс», деген болатын. Қандай сөз! Бұдан артық қалай айтуға болады. Тек, естір құлақ, түсінетін сана, сезінетін жүрек болсын десеңізші! Тіл мәселесі төңірегінде айтылмай қалған сөз жоқ-ау, сірә! Айтылудай-ақ айтылып жүр. Дегенмен, оны іске асыру жағы баяу, кемшін тұстарымыз аз емес. Біз бәрін өзімізден бастауымыз керек. Өз қандастарымыздың санасы оянбай, алысқа бара алмайтынымыз ақиқат. Осыған дәлел ретінде Асылы апайымыздың: «Ана тілін сақтап, оның абыройын көтеру ұлы соғыспен тең. Бұл да майдан. Қан төгілмегенімен, жаға жыртылады, жан қиналады. Ұлттық намыс сыналады. Намыстарыңды қылыштай қылшылдата қайраңдар, қаһарман қазақтар. Сөйтіп, жеңіске жетіңдер, бауырларым, туыстарым, жаны бірге жақындарым менің! – деген сөздерін келтірсек те жеткілікті болар деп ойлаймын. Биыл Асылы Әлиқызы 70 жасқа толады. Әрине, бұл мерейтой елім, жерім, ана тілім деп жүрген күллі қазақ баласы үшін де айтулы оқиға болары сөзсіз. Себебі, бұл халықтың ерекше ықыласына бөленген, тіпті шетелдердегі қазақтарымыз да жақсы біліп, жақсы көретін Асылы апайымыздың тойы. Қазақта «асыл» деген сөз бар. Бұл өзі қасиетті сөз. Халқымыз заттың болсын, малдың болсын, адамның болсын, жалпы кез келген нәрсенің ең жақсысын, ең тазасын, ең мөлдірін «асыл» деп атаған. Ал апайымыздың аты затына сай емес пе? Олай болса, апайымызды қазақтың асылы емес деп кім айта алады? Біз маңдайымызға біткен жарық жұлдызымыз, қазақтың асылы Асылы Әлиқызының қадіріне жете білейік. Динар НӨКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы. Скачать |