Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында


Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында

 

Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысында.

 

1941 жылы 22 маусымда фашистік Германияның әскерлері Кеңес Одағына басып кірді.

Ұлы Отан соғысына Қазақстан біртұтас елдің бір бөлігі ретінде қатысты. Соғыс қарсаңында оның стратегиялық маңызы бар мол адам және табиғи ресурстары болды. Қысқа мерзімнің ішінде таптық, ұлттық және отарлық езгі, сауатсыздық және орта ғасырлық мешеулік жойылды, әйел теңдігі, ұлтаралық татулық пен келісім жүзеге асырылды. Осының бәріне қол жеткізуде халықтардың патриоттық дәстүрлері маңызды рөл атқарды. Қазақ халқы көп ғасырлар бойы өзінің байтақ даласының шекараларын ойдағыдай қорғап келген болатын. Отаршылдыққа қарсы күрес, орыстың үш төңкерісі жылдарында, азамат соғысының майдандарында, бесжылдықтың құрылыстарында халықтар достығы қалыптасып, нығайды. Соғыстың алдындағы жылдардағы фашизмге қарсы насихат адамдарға зор ықпал жасады.

Кеңес адамдарының көпшілігі жауға қызмет істеу деген ойдан аулақ болды. Отанға берілгендік, патриотизм жаңа дүниені жасаушылардың саяси пафосымен астаса отырып, халықтың көпшілігіне сталинизмнің қайғылы әсерін жеңе отырып, Отанды қорғау үшін топтасуға мүмкіндік берді.

1941-1945 жылдары әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жіберілді, республика жерінде тұрған 27 әскери оқу орны толық емес мәлімет бойынша 16 мың офицер даярлап шығарды.

Республиканың экономикасы әскери бағытқа көшірілді: бейбіт мақсаттарға жұмсалатын қаржы мейлінше қысқартылды, көптеген кәсіпорындар қорғаныс өнімдерін шығара бастады, жұмысшы күші, шикізат, станок жабдықтары сондай кәсіпорындардың пайдасына қайта бөлінді.

Қазақстандықтар соғыстың алғашқы минутында батыс шекарада жаумен шайқасқа қатысқандардың арасында да, Берлинде Рейхстаг үйіне шабуыл жасағандардың арасында да бар еді. Басқалармен қатар Брест қорғанын шекарашылар К.Әбдірахманов В.Лобанов, атқыш К.Иманқұлов, пулеметші Е.Качанов, минометші В.Фурсов, зеңбірекші Ғ.Жұматов және басқа қазақстандықтар қорғады. Қазақстандықтар Лиепая, Перемышль, Саарема аралы, Минск, Одесса мен Севастополь үшін шайқасты.    

КСРО-ның жау қолында қалған аудандарында соғыстың алғашқы күнінен бастап-ақ партизандар қозғалысы пайда болды, ол бұқаралық сипат алуы, ұйымшылдығы, өз жоспарларын Кеңес Армиясы қолбасшылығының міндеттеріне бағындырып отырулары арқасында стратегиялық маңыз алды. Оған қазақстандықтар да қатысты. Ленинград облысында 220, Смоленск жерінде 270-тен астам, Украина мен Беларуссияда 3000-дай қазақстандық болды. 300-дей қазақстандық қарсыласу қозғалысына қатысты.

Қазақстандық саяси қызметкерлер Г.Акмолинский, Т.Жангельдин, Ж.Саин, Б.Оразбаев және басқалар партизандар мен тұрғын халық арасында үлкен жұмыс жүргізді. Г.Ахмедияров, Қ.Қайсенов, Н.А.Морозов, С.А.Олексенко, С.О.Төлешев, В.И.Шаруда партизан отрядтары мен құрамаларының командирлері болды.  Партизандар командирлері А.С.Егоровқа, Н.В.Зебницкийге және Ф.Ф.Озмительтге (өлгеннен кейін) Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін 11600 адамға Кеңес Одағының батыры атағы берілді, олардың 497-і қазақстандық, соның 97 қазақ. Қазақстандықтардың ішінен бірінші болып, 1941 жылы 22 шілдеде Кеңес Одағының батыры атағы 19-танк дивизиясының командирі генерал-майор К.А.Семенченкоға берілді, ең соңында мұндай атақ панфиловшы, аға лейтенант Б.Момышұлына берілді, ол 1941 жылы Мәскеу түбіндегі ұрыстарда өз батальонымен жау қоршауын үш рет бұзып шықты. Соғысты Б.Момышұлы полковник атағымен, 9-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі болып жүріп аяқтады.

Ерекше ерлік көрсеткен төрт жауынгер: ұшқыш-штурмовиктер Т.Я.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов және ұшқыш-истребитель С.Д,Луганский Кеңес Одағының батыры атағын екі реттен алды. Батырлардың қатарында пулеметші М.Ж.Мәметованың, мерген Ә.Н.Молдағұлованың, атқыштар С.Баймағамбетовтың, С.Лұтфұллиннің, Мие Сен Юрдың, зеңбірекшілер С.Мүткеновтың, И.К.Новиковтың, брон бұзушы П.К.Миллердің, минометші Қ.Сыпатаевтың, атты әскер М.М.Қатаевтың, сапер П.И.Гонардың, торпеда катерінің командирі Ғ.Б.Сафиуллиннің есімдері бар; 110 қазақстандық Даңқ орденінің үш дәрежесіне де ие болды. Соғыс бітерге қарай сақталған барлық қазақстандық 12 дивизия құрметті атаққа ие болды, олардың бесеуі бір орденге, төртеуі екі, екеуі үш орденге ие болды.

         Қазақстандықтар соғыстың Қиыр Шығыстағы соңғы ошағын жоюға да белсене қатысты. Жапонияның тізе бүгуімен Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы және екінші дүние жүзілік соғыс аяқталды. Адамзат фашистік– милитаристік диктатураның дүние жүзіне үстемдік жүргізу қаупінен сақталып қалды.

         Агрессорлардың герман-италия-жапон одағын талқандау антифашистік одақ халықтарының аса зор күш-жігер жұмсауы және шығын беруі арқасында мүмкін болды. КСРО ең көп шығынға ұшырады – 27 млн. астам адам мерт болды. Шамамен олардың 410 мыңы қазақстандықтар. Соғыстың тарихынан алған сабақтар мен қорытындылар ешқашан ұмытылмауға тиіс. Соғыстардың ішіндегі ең ауыр соғыс жылдары және ең Ұлы жеңіс адамзаттың онан кейінгі дамуына ықпалын тигізіп келеді.

 


Скачать