ҚАЗАҚСТАН


ҚАЗАҚСТАН

 

Қазақстан Республикасы – Еуразия деп аталатын құрлықтар кеңістігінің дәл ортаңғы бөлігінде орналасқан ел. Оның батыс аймақтары Еуропа құрлығының жерінде жатыр. Қазақтар Жайық деп атайтын Орал өзені – Еуропа мен Азияны бөліп тұратын шекара. Ал еліміздің солтүстігі, шығысы мен оңтүстігі Азия құрлығында орналасқан. Қазақстан Республикасының  аумағы – 2 миллион 724 мың шаршы  километрді құрайды. Жерінің аумағы жөнінен ол бүкіл дүниежүзінде 9-орында тұр. Мұндай жерге Франция сияқты 5 мемлекетті сыйғызып жіберуге болады. 1999  жылғы  ресми санақ бойынша Қазақстанда 15 миллион  шамасында халық тұрады. Жыл өткен сайын бұл цифр ұлғая түсуде. Елімізде халықтың 53,4 пайызын құрайтын байырғы халық қазақтардан басқа ұлттардың да өкілдері тұрады. Шамамен алғанда, орыстар – 30, украиндар – 3,7, өзбектер – 2,5 пайызды құрайды. Сондай – ақ елімізде немістер, ұйғырлар, кәрістер, дұнғандар, түріктер және басқа халықтардың өкілдері бар.

Қазақстан Республикасының астанасы 1998 жылы Алматы қаласынан Астана қаласына көшірілген. Ел басшысы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1999 жылы бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде сайланған Президент.

Қазақстан Республикасында 14 облыс, 159 аудан, 85 қала, 195 кент, 2150 ауылдық және селолық округтер бар. Еліміздің Еділ өзенінің төменгі ағысынан Алтай тауына дейінгі ұзындығы 3000 километрдей болса, Батыс Сібір жазығынан Іле Алатауына дейінгі аралығы мың жарым километрден астам. Ал Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығы 15 мың километрге жетеді. Еліміз батысы мен солтүстігінде Ресей Федерациясымен, оңтүстігінде Түркіменстан, Өзбекстан және және Қырғызстан республикаларымен, ал шығысында Қытай Халық Республикасымен шекаралас. Азаттық үшін болған екі жарым ғасырдан астам уақыт күрестен кейін қазақ халқы тәуелсіздікке 1991 жылдың 16 желтоқсанында қол жеткізді. Сондықтан да жыл сайын 16 желтоқсан Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі ретінде ресми аталып өтеді. Қазақстан – Біріккен Ұлттар Ұйымының тең құқықты мүшесі.

Қазақстанның табиғаты мейлінше алуан түрлі. Оның байтақ жерінде тау да, төбелер мен жазықтарда бар. Қазақстан жерінің ең биік нүктесі – Хан Тәңірі шыңы теңіз деңгейінен 6995м жоғары, ал ең төменгі нүктесі – Қарақия ойпаты теңіз деңгейінен 132 м төмен жатыр.

Қазақстандағы өсімдіктердің жалпы түрлері 6 мыңнан астам. Олардың ішінде емдік қасиеті барлары, сирек кездесетін түрлері де аз емес. Ал құстардың түрі 500-ден астам. Өзен-көлдерде балықтың 107 түрі өсіп-өніп жатса, далалар мен ормандардағы жабайы аңдардың түрі 178-ге жетеді екен. Атырау теңізінің ең терең жері 600 м-ге жетеді. Ел аумағының 10-нан бір бөлігін таулар алып жатыр.

 


Скачать