ҚАЗАҚ ТІЛІ


ҚАЗАҚ ТІЛІ

 

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі.  Қазақстан тілі XV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Ол 1989 жылдан бастап Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болды. Қазақ тілі осы мемлекеттің түпкілікті тұрғындары қазақтардан басқа Қытай Халық Республикасы, Монғолия, Иран, Ауғанстан, Түркия мемлекеттері мен ТМД-ның Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан сияқты республикаларында тұратын қазақтардың да ана тілі. Қазақ тілі батыс түркі тілінің қыпшақ тармағына жатады. Бұл тармаққа кіретін тілдер – қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт, қырғыз, Қырым татары, қарашай, балқар, құмық және т.б. тілдері.

Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Қазақ тілінің байлығы, көркемдігі ауыз әдебиетімізден, ХV-ХVІІІ ғсырлардағы жыраулар поэзиясынан, би-шешендердің сөздерінен, Махамбет, Дулат, Мұрат толғауларынан бастап байқалды. Тіліміздің жаңа көркемдік деңгейге жетуіне Абай ұлы үлес қосты. Қазақ тілінің көркемдік байлығын арттыруға М.Жұмабаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, І.Жансүгіровтердің, одан беріде М.Мақатаев, Қ.Мырзалиев, С.Мұратбеков, Қ.Жұмаділов, М.Мағауин, М.Шаханов, Ұ.Есдәулет, Е.Раушанов т.б. қаламгерлердің еңбектері ерекше. Тіліміздің көпқырлылығы мен икемділігі баспасөз тілінен, ғылыми, іскери стильдерден анық байқалады. Қазіргі кезде қазақ тілінде көптеген салалық сөздіктер, синонимдер, фразеологиялық, түсіндірме сөздіктер көптеп жарық көруде. Осылардың барлығында тіліміздің тереңдігі мен мазмұндылығы, жалпы байлығы көрініп жатыр. Тіл – әрбір ұлттың тарихы, мінезі, болмысы, кәсібі, дүниетанымы, ойлау қабілеті сақталатын асыл қазына. Ол ата-анадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Сондықтан әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы, оның орынсыз шұбалануына қандай жағдайда да жол бермеуі керек. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді.

 


Скачать