ҚАЗАҚ ЖАЗУЫ
ҚАЗАҚ ЖАЗУЫҚазақ жазуы – қазақ тілінің әріп таңбаларынан тұратын жазу жүйесі. Көне заманнан бері қазақтар әртүрлі жазу жүйесін пайдаланып келген. Олардың алғашқысы қазақпен бірге басқа да түркі халықтарына ортақ болған руна жазуы. Осы жазу үлгісінде Күлтегін, Білге қаған ескерткіштері сияқты көне түркі мұралары сақталған. V-ХІІ ғасырларды қамтитын руна жазуы Орхон, Енисей, Талас өзендері бойынан табылып отыр. Мұның өзі біздің ата-бабаларымыздың өмір сүрген географиялық орындарын көрсетеді. VІІІ-ІХ ғасырларда қазақ даласына мұсылман дінінің келуі – араб жазуын ала келді. Араб графикасына негізделген жазу үлгісі 1929 жылға дейін сақталып келді. Яғни осы тұсқа дейін жазылған еңбектер араб жазуы негізінде хатқа түсті. Оны Махамбет, Шоқан, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сияқты ұлы тұлғалар қолданды. ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынұлы араб жазуын қазақ тілінің заңдылықтарына орай бейімдеп, қазақ әліпбиін жасады. Осы әліпби негізінде кітаптар жарық көрді, шәкірттер білім алды. Мағжан, Мұхтар сияқты алыптардың еңбектері осы әліпби негізінде жазылды. 1929-1940 жылдар аралығында халқымыз латын графикасы негізіндегі әліпбиді пайдаланды. 1940 жылдан бастап қазіргі қолданыстағы кирилицаға негізделген әліпби қолданылуда. Қазіргі кезде қоғамда латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілу үстінде. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттілігі бар туысқан халықтар осы латын әліпбиін қолданады. Дүниежүзілік ақпаратта латын әліпбиінің орны үлкен. Сондықтан латын әліпбиіне көшу мәселесі өз кезегінде шешімін табуы мүмкін. Әлемдегі қазақтар өздерінің тұратын мемлекеттеріне қарай араб, латын, кирилица таңбаларына негізделген әліпбиді қолдануда. Осы тұрғыдан келгенде ортақ әліпбидің болуы халқымыздың бір-бірін түсінісуіне оң ықпал етпек. Скачать |