Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына
Тәуелсіздіктің жиырма жылдығынаОн жыл бұрын, 2001 жылдың көктемінде басылым бетінде «Тәуелсіздік толғауы» атты айдар ашылып, оның аясында тәуелсіздіктің қадір-қасиеті, артар жауапкершілігі, қояр талабы, берер мүмкіндігі туралы мақалалар жариялана бастаған болатын. Сол айдардың аясында кезінде жүзеге асқан жобаның бірі – тәуелсіздік белестерін жыл-жылымен әңгімелеп шығу еді. «1991», «1992», «1993»… «2001» деген тақырыптар ғана қойылған ол мақалалар авторларының арасында Зейнолла Қабдолов, Камал Смайылов, Манаш Қозыбаев, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, Қуаныш Сұлтанов сияқты айтулы қаламгер-қайраткерлер болып еді. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына «Егемен Қазақстан» осы дәстүрді жалғастырып, 2002-2011 жылдар аралығындағы белесті кезеңдерді қамтитын мақалалар циклын жариялауды бастағалы отыр. Ол мақалалар жұртшылық күтіп жүретін «етжеңді» нөмірлерде жарияланбақ. Алғашқы мақаланы оқырман назарына ұсынамыз. 2002 жыл, соған дейінгі және осы кездегі іс-әрекеттерімізді, жоспарлар мен нәтижелерімізді сарапқа салсақ, сол амалды тапқан елдің өмірді түбегейлі өзгертуге батыл бет бұрған жылы болыпты. Қазақстан дербес ту көтеріп шыққан сонау тоқсаныншы жылдарда есімдері жаһанға мәшһүр кейбір қайраткерлер экономикасы құлдыраған (1990 жылы инфляция 3000 пайыздан асып түсті) көп ұлтты елдің саяси ғұмыры ұзақ болмайды деген болжамынан бас тартып, республикамызда жүргізілген реформаларды ТМД мемлекеттеріне үлгі етуге көшіпті. Бізде жүзеге асырылған, жедел әрі нәтижелі жүзеге асырылған шараларға әлемнің дамыған елдері назар аудара бастаған. Кешегі Одақтың тұсында өнеркәсібі айтарлықтай дамыған Ресей, Украина, Беларусь секілді елдерді бар-жоғы он жылда артта қалдырған Қазақстанның әр жылы зерттеу нысанына айналды. Алыс та, жақын да ұшқыр заманға тез бейімделген елді сенімді әріптес деп таныды. Соның көп айғағының бірі – Америка Құрама Штаттары Конгресінің жиырма бір мүшесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа осы елге ресми сапарынан соң жазған хат. Аталған хат «Егемен Қазақстан» газетінің 2002 жылғы 1 ақпан күнгі санында жарияланды. «Құрметті Президент мырза! – делінген онда. – Бізге Сізді халықты тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығымен және басқа көптеген ұлы жетістіктермен құттықтау бір ғанибет. Біз орталықтандырылған жоспарлы экономикаға негізделген тоталитарлық коммунистік қоғамнан күн сайынғы өсімді көрсетіп отырған қауырт даму үстіндегі экономикасы бар шынайы ашық және демократиялық қоғамға көшу барысында Қазақстан қол жеткізген таңданарлық табыстармен құттықтаймыз… Біз Құрама Штаттар Қазастан арқылы шынайы дос тапты деп білеміз. Біз Қазақстанда және оның төңірегінде бейбітшілікті, демократияны және тұрақтылықты орнықтырудағы Сіздің көшбасшылығыңызды жоғары бағалаймыз. Біз Сізге және Қазақстан халқына алдағы барлық онжылдықтарда көптеген табыстарға жетуді тілейміз». Қазақстан 2002 жылды әлемнің ең әлді мемлекетінің алдындағы осындай зор беделмен бастады. Экономикалық көрсеткіштер бойынша Шығыс Еуропа елдерімен үзеңгі қағыстырды. Ішкі жалпы өнімнің осы тұстағы нақты өсімі Польша мен Венгрияда 25 пайыз болса, Қазақстанда 26 пайызға жетті. Батыс сарапшылары бізде қалыптасқан қаржы жүйесін ТМД-дағы үздік жүйе деп бағалады және әлемдік стандартқа сай келетіндігін атап көрсетті. Экономиканың тұрақты өсуіне барлық негіз қаланды. Президент «Независимая газетаға» берген сұхбатында елдегі осы оңтайлы ахуалды сипаттай келіп: «Нобайлап айтқанда, бұл дамудың «экстремалдық», «дағдарыстық» моделінен жұрт «тірлік ету» емес, қалыпты өмір сүріп, еңбек ететін үйлесімді адами қоғам құруға біртіндеп өту», деген еді. Сол тұста «Қазақстан» телерадиокорпорациясында жұмыс істеген біздер, журналистер, осы игі өзгерістер елдің көңіл-күйін көтере бастағанын аңғарып жүрдік. Студияға әр өңірден әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтар туралы ағылып келіп жататын шағым-талаптар күрт азайды. Оның орнына жер үлесін пайдалану, несие алу, өндірілген өнімді өткізудің жолдарын сұрастырған хаттар көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ел өзінің шаруасын дөңгелете бастаған еді. Нарық санаға да, тұрмысқа да бойлап еніп келе жатты. Мемлекет жаңа даму кезеңіне қадам басты. Енді бұрын мүмкін болмаған міндеттерді шешуге кірісу керек еді. Президент ол міндеттерді жылдың басында, қаңтар айында Үкімет мүшелері, барлық деңгейдегі әкімдер бас қосқан кеңесте айқындап берді. Олар: республикалық бюджеттің әлеуметтік бағытталуы, терең экономикалық талдау мен жоспарлау, концепциялар мен бағдарламалардың орын-орнына қойылған жүйесі, өндірістік емес саланы және әлеуметтік қорғау жүйесін реформалау. Осы орайда айта кетейік, мемлекет 2002 жылы халыққа әлеуметтік қарыздарды алғаш рет толығымен өтеді. Бірінші қаңтардан бастап айлық пен зейнетақы өсірілді. Мұнымен қатар елдің алтын-валюта қоры артты. Республика енді қаржыны экономикаға бөлумен бірге білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына мақсатты түрде бағыттай бастады. 2002 жыл Президент Жарлығымен Денсаулық жылы деп жарияланды. Үш негізгі міндет таңдалып алынды: халықтың денсаулық жағдайын жақсарту, денсаулық сақтау жүйесіне мемлекеттік қолдау көрсету, саламатты өмір салтын насихаттау. Көптеген өмірлік маңызы бар шараларды қиын-қыстау жылдардың өтінде жүріп жүзеге асырған Қазақстан сол күндерде соншалықты биік болмаса да ең ауыр, ең тайғақ асудан асып, қарсы алдындағы Алатаудай асқарға жігерлі көз салып отырған жолаушыны елестетіп еді. Ат-тұрманы сай, тек желдіретін жерде желіп, аяңдайтын жерде тізгін тартып отыру керек. Елбасының сөзімен айтсақ: «Жай жүрсең – қасірет қуып жетеді, қатты жүрсең – қасіретті қуып жетуің мүмкін». Әр істің, ол кезеңдік пе, әлде ұзақ мерзімді ме, өз кезегі бар. 2002 жылы мемлекеттің назары ауылға ауды. Мұның да себептері мен дәйекті негіздері бар еді. Аграрлық секторда 1998-2001 жылдар аралығында жүргізілген реформа барысында 2284 шаруашылық тоқырауға ұшырады, яғни банкрот деп жарияланды. 2002 жылдың қарсаңында 1981 шаруашылық таратылды. Соның нәтижесінде, ауыл алғашқы дағдарыс кезеңінде белшеден батқан қарыздан құтқарылды. 35 мың жеке шаруа қожалықтары құрылды. Олар ойдағыдай нығаюы үшін несиемен тиімді жұмыс істеуі керек еді. Алайда, ипотекалық несие алу үшін жерді кепілге салудың нормативтік-құқықтық базасы реттелмеген. Жерге жеке меншік заңдастырылмаса, оны жасау да мүмкін емес-ті. Осыған сәйкес Президент 2002 жылы сәуір айында жарияланған Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке «Жерге жеке меншік туралы» заң жобасын жасап, Парламентке ұсынуды тапсырды. Бұл жылды еске алғанда осыған арнайы тоқталуымыздың себебі бар еді. Заң жобасы Парламентте барынша қызу талқыланды. Жерге мемлекеттік меншікті жақтаушылар халықтың едәуір бөлігінің қолдауына ие болды. Ұлттық мүддеге жүрекпен қарайтын шығармашылық элита жер сату отанды сату деп дабыл қақты. Қайсыбір топтар оған саяси астар беріп, қазақ халқының тарихи құқына қол сұғу түрінде айыптады. Ал Парламенттегі пікірталас негізінен жер телімдерін оларды шартты иеленушілерге тегін бөліп беру, жеке меншікке сатылатын жердің көлемі, оны анықтап бөлудегі жергілікті биліктің құқы секілді өткір мәселелер төңірегінде өрбіді. Жерді сатудан түсетін қаржы туралы да дау туды. Осы және басқа ой мен мүдде қайшылықтары шиеленісе келіп, жыл өткеннен кейін Үкімет отставкаға кетті. Соңы осылай аяқталған жер заңы 2002 жылдың елеулі оқиғасы болды десек қателеспейміз. Бұл тәуелсіздіктің ел ұғымындағы кейбір құндылықтары нарық атты экономикалық жүйенің қағидаларымен бірден қабыса қоймайтынын көрсетті. Ұлттық сезім мен сана нарықтануы үшін уақыт керек еді. * * * Еңсесін тіктеп, қазақ есімді байырғы халықты жаһанға жария еткен, Президент сөзімен айтсақ: «Ұлттың беделін қайтарып берген» жас мемлекет өткен он жылда игерген жетістіктерін одан әрі баянды ету үшін ғаламмен қанаттаса өркендеуге тиісті. Сондықтан да 2002 жыл Қазақстанның әлеммен тығыз қарым-қатынас орнатуға арналған іс-шараларына толы болды. Елбасының ақпан айында қауырт дамып келе жатқан Үндістанға сапары Еуропа мен Қытайда жалғасты. Осы алғашқы сапарда Президент Үндістан – Қазақстан бірлескен декларациясына қол қоюмен бірге 15 миллион халқы бар Дели қаласындағы бір көшеге қазақтың ұлы ақыны Абай есімінің берілу салтанатына қатысты. Миллиардтан астам үнді халқы қазақтың ұлттық рухына осылай құрмет көрсетті. Бұл Алаш жұртының жаһанға экономикалық әл-қуатымен, саяси парасатымен танылумен бірге рухани жақындасуының жарқын көрінісі еді. Халықаралық қатынаста осылай жемісті басталған жыл Қазақстанның, оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық қана емес, әлемдік мәнге ие болған аса маңызды идеяларының салтанат құрған жылына айналды. 2002 жылдың 7 маусымында Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. 1996 жылы Елбасы тікелей ұйытқы болып, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай мен Тәжікстан мемлекеттері Скачать |