Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғым
Тәуелсіздік – ұлы мұрат, қастерлі ұғымЖаңа дәуір 1991 жылдың желтоқсанынан басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің сын сағаттарында нар жүгін мойымай көтеретін қажырлы қайраткер, дана саясаткер ретінде елімізді сеніммен алға бастады. Елбасымыз ұлтының үмітін ақтап, елді ел қылды, дербес, егеменді Қазақстан мемлекетінің негізін қалады, іргелі мемлекет құрды. Ең бастысы, мұның бәріне жанжалсыз, жағалассыз, жасампаздық арқылы жетті. Бұндай жетістік бірлікті елі, білікті төрі, ең бастысы, дана басшысы бар қоғамның ғана қолынан келеді. Тәуелсіз елдің адамдары арасында абыржушылықтар, уақытша күйзелістер мен дағдарыстар кездеспей қоймады. Демек, тәуелсіздігіміз елге де, Елбасына да үлкен сын болды. Ол дүниежүзіндегі елдерге, олардың басшыларына өзін танытуға, мойындатуға тиіс болды. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін онымен түбі бір туысқан Түркия бірден қуана құптап, қолын созды. Одан соң басқа елдер бірінен соң бірі Қазақстанды дербес, тәуелсіз мемлекет деп ішкі және сыртқы саясат арасында қарым-қатынастар орнату қажет екендігіне мойын бұрды. Географиялық, аумақтық жағынан алғанда жер көлемі жөнінен Қазақстан дүние жүзінде тоғызыншы орын алатындығы талай шетелдік әріптестерді тамсандырмай қоймайтын еді. Өйткені, қос құрлықты – Еуропа мен Азияны алып жатқан біздің Отанымыз өзінің табиғи байлығымен ғана емес, сондай-ақ байырғы қазақ жерінде алуан түрлі ұлттар мен ұлыстар, тілдер мен діндер өкілдері ешқандай қақтығыссыз, қағажу көрмей, тату-тәтті, достастық, туыстық жағдайында өмір сүріп жатқандығы өзге елдердің қай-қайсына да өнеге боларлық қоғамдық негізде топтасудың толыққанды үлгісі еді. Ел экономикасында батыл да жүйелі, жігерлі де жедел өзгерістер жүргізуді өмірдің өзі талап етті. Бұл ретте экономикамыз бен адамдарымыздың өмірінде тоталитарлық жүйенің сарқыншақтарынан батыл арылу, дамуымыздың жолын айқындау жүзеге асырылды. Қалада да, ауылда да, далада да адамдарымыздың әл-ауқатын біртіндеп көтеру бағытында игі істер атқарылды. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу, Астананы Алатаудан Арқаға ауыстыру, еліміздің ұлттық қорын жасақтау және Қазақстан-2030 стратегиясын құру. Кеңес Одағынан еншісін алып, сол сәтте жан бағудың өзі мұң боп тұрған кезде, Қазақстан Президенті осындай батыл бастамаларды қолға алды. Бүгінде еліміз өз мемлекеттілігін біржолата бекітіп, дамудың қазақстандық моделін қалыптастырды. Осы кезеңде ғасырға бергісіз жолдан өтті, ауқымы жағынан орасан табыстарға қол жеткізді. Қазақстанның жаңа Конституциясының (1995 жылы) қабылдануы тәуелсіздігіміздің аса биік саяси белесі болды. Онда билік құрудың жаңа қағидалары бекітілді, азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау қолға алынды. Қазірдің өзінде біздің басты жетістіктеріміз – бүкіл халық болып қабылдаған осы Конституцияның жемісі деп айта аламыз. Ата Заң деген атқа ие болған Конституциямыз – біздің Негізгі Заңымыз. Ол – мемлекетіміздің басқа заңдарына жол көрсетудің, жөн сілтеудің қайнар көзі, түп қазығы. Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылдануы мемлекеттіліктің заңды түрде рәсімделгенін айғақтап, елдегі тың өзгерістерге жол ашты. Президент сол кездегі күрделі жағдайға қарамастан, өз халқына дамудың сара жолын ұсынды, бұл оның жеке ерлігінің дәлелі. Қазақстандықтар өзінің көшбасшысына, оның гүлдену мен өркендеуге тезірек жету мақсатында елдің конституциялық құрылысын өзгерту қажеттігі туралы идеясына сеніп қана қоймай, іске де асырды. Міне, осындай көзқарас бейбітшіліктің, тұрақтылықтың, өзіне деген сенімділік пен өркендеудің, яғни бүгінде шетелдіктердің аузынан түспейтін «дамудың қазақстандық жолының» тиімді кепіліне айналды. Негізгі заң ұлт құралатын негізгі принциптерді: адам тұлғасының жоғарғы құндылығын, адамдардың тең құқылығын, кез келген себеп бойынша кімді де болсын кемсітуге тыйым салынуын, меншікке қол тигізуге болмайтынын, пікір алуандығын, адамдарды өз құқықтары мен бостандықтарынан айыруға болмайтындығын, халықтың егемендігін, т.б. айқындайды. Қазақстанды президенттік республика деп жариялаған да сол Ата Заңымыз. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдар қабылдап, Парламенттің заң шығару функциясын жүзеге асыратын республиканың жоғары өкілді органы болып табылатынын да бекітіп берді. Сөйтіп, біздің елімізде тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн, екi палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұратын Парламент өмірге келді. Өткен жылы осы Парламенттің 15 жылдық мерейтойын атап өтіп, бүгінге дейінгі атқарған істерін қорытындыладық. 1996 жылы 28 маусым күні бірінші шақырылымның бірінші сессиясы аяқталғанда сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев: «Парламент кәсіби және жеткілікті түрде құзырлы заң шығарушы орган ретінде республикалық және аймақтық мүдделерді үйлестіруді қамтамасыз етуге, жеткілікті дәрежеде сапалы заң жобаларын жасау жұмысына қабілетті екенін көрсетті», – деп заң шығару органының алғашқы қадамына жоғары баға берген болатын. Сол жылдары заң жобаларын талқылау барысында кейбір министрлердің Парламентке келіп, заң жобасы жөнінде түсіндірме беруден қашқақтап жүргенінен хабардар болған Елбасы бұл мәселеге жеке тоқталады. Үкімет мүшелерінің Парламентке дереу келуі керек екенін айта келіп: «Барлық қалыпты мемлекеттерде министрдің Парламентке келуі кәдуілгі, құрметті іс деп саналады. Қазақстан Парламентінің шын мәнінде құрметті орган болуын жақтайтынымды әрқашан айтып жүрмін, ал оның екі палатасы іс жүзінде сондай орган болып отыр. Осындай бола беруі үшін мен бәрін істегім келеді», – деген еді. Алғашында Мәжiлiс 67 депутаттан сайланса, кейін 1998 жылғы конституциялық өзгерістерге орай 77, ал 2007 жылғы мамырда жаңартылған Конституцияға сәйкес 107 парламентшіден тұратын болды. Олардың 98-і саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланды. Ал 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері болып табылады. Кәсіби Парламенттің басты ерекшелігі – заң жобаларын жан-жақты қарап, талқылаудан өткізіп, тұрақты жұмыс жасайтындығы. Депутаттың ең негізі міндеті халықтың көңілінен шығатын, мұң-мұқтажын елеп-ескеретін заңдарды қабылдау екені анық. Қазіргі таңда депутаттық корпустың мақсаты – мемлекеттің алға қойған бағытын заңмен қамтамасыз ету болса, бүгінде кәсіби Парламент сол жұмысын толық атқарып жатыр деп айтуға болады. Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу үрдісі басталды. Алдымен экономикалық реформалар жүргізілді. Қазақстанда жүргізілген экономикалық реформалар республика органдарының экономикалық басқарудағы рөлін, орны мен функциясын түбегейлі өзгерту жолдарын қарастырды. Министрліктердің ендігі міндеттері – басқару емес, өнеркәсіптердің техникалық дамуына, салааралық өркендеуіне дұрыс бағдар таңдау жұмыстарымен айналысу. Егемендік алған жылдар ішінде өзіне тән барлық институттары бар, әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын мемлекет құрылды, оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі қамтамасыз етілді. Конституциялық жолмен мемлекеттік және саяси билік құрылымдарын жаңарту негізінде елдің демократиялық жолмен дамуының берік іргетасы қаланды. Елдің ішкі экономикалық жүйесі түбірімен өзгеріп, дамыған өркениетті елдердің ешқайсысынан кем түспейтін нарықтық қатынастар мен институттар құрылды. Соның негізінде Қазақстан әлемдік экономикада өз орны бар елге айналды. Еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жылдары қатарынан үш бірдей құрылтайын өткізді. Ол бүгінде жаһандық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосуға айналды. Оның мақсаты – жер бетін мекендеген түрлі халықтардың бейбіт үнқатысуын орнықтыру. Мұны әлемдік кең ауқымдағы аса ірі оқиға деп бағалауымыз керек. Оның бейбітсүйгіштік бағыты мен татуластырғыш әлеуетіне әлем жұртшылығы ризашылықпен үлкен мән беріп отыр. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқасында қол жеткізіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа” деген мақал да бүгінгі Қазақстанға жүрмей қалды. Айналасы 20 жылға жетпейтін уақытта беделді мемлекетке айналдық. Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген теңдесі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нартәуекелге бір басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз. Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, басын бәйгеге тігіп жүрген Н.Назарбаевтың ерлігі десе болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның 2010 жылдың сәуір айында Семей полигонына барып, ажал апанының ауызында тұрып: “Қазақстан Президентінің осынау сынақ алаңын жауып қана қоймай, тұтас өңірде ядролық қарудан ада аймақ құрғанына зор қолдау білдіремін. Оның бұл қадамы біздің ядролық қарусыз әлемді құру ісіміздің ең берік іргетасы іспетті. Барлық елдердің басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтан үлгі алып, оның жолымен жүруі тиіс. Мен БҰҰ Бас хатшысы ретінде ядролық сынақ ала&sh Скачать |