Шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындардағы басқарушылық есеп («Алматы ет» және «Семей ет комбинаты» ЖШС-нің мәліметтері негізінде)


КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Нарықтық жағдайда шаруашылықтанудың жаңа талаптары мен олардың әріқарай дамуы ұйымның экономикалық жұмысының барлық жүйесінің елеулі қайта ұйымдастырылуын талап етті. Кеңес үкіметі кезеңінде ұзақ жылдар бойы отандық ұйымдардың көпшілігі жоспарлау, бухгалтерлік есеп және экономикалық талдаудан көп тәжірибе жинақтады. Бірақ бұл тәжірибе нарықтық экономика ұстамдарынан едәуір ерекшеленетін, теориялық негіздегі орталықтандырылған жоспарлы экономика жағдайында қалыптасты.
Жекешелендіру және мемлекет иелігінен алынғаннан кейін, ұйымдар өз қызметінің нәтижесіне толық жауап беретін дербестікке қол жетіп, экономикалық және заңдылық тұрғыдан оқшауланды. Ұйымның өндірістік – қаржылық қызметінің тиімділігіне деген басқарудың барлық буындардың жауапкершілігі арта түсті. Кәсіпорынды банкроттық пен күйзелуден құтқаруға ешкім көмектеспейтін болды. Өндірістік – шаруашылық қызметтің барлық мәселелерін тиісті ақпарат негіздерінде және оларды талдау арқылы, сонымен қатар өндірістік қызмет түрлерін түбегейлі қайта құру арқылы мәселелерді ұйымның өзіне шешуге тура келді. Бірақ, ұйымдық нысандар тұрғысынан кәсіпорындар ішінде бұрынғыдай жоспарлау сақталып қана қоймай, тіпті оның мәні күшейе түсті, бухгалтерлік есеп, сонымен бірге өндірістік-қаржылық қызметті жан-жақты экономикалық талдау да жалғастырылды. Бірақ, олар көпшілік жағдайда айдың соңында жүргізілгендіктен, оның тиімділігі онша жоғары дәрежеде болмады.
Дегенмен де, түбегейлі өзгерістер, ең алдымен бұрынғы жоспарлау, есеп, бақылау және талдау әдістемесінде басқару үшін экономикалық ақпаратты қалыптастыру мен пайдалану жүйесінде қажет болды. Қазіргі жағдайда өндіріс шығындары мен қаржылық нәтижелер туралы ақпараттарды қалыптастырудың, оларды басқарудың жаңа жолдарын құру, жедел талдау үшін алынатын мәліметтердің жеделдігі мен құндылығын арттырудың дәстүрлі емес жүйесін құру – қазіргі шаруашылық қызметтің бухгалтерлік есебі мен бақылауының және талдаудың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Экономикасы жоғары дамыған елдерде нарық жағдайындағы ұйымның оңтайлы экономикалық жұмысын ұйымдастырудың мол тәжірибесі жинақталған, мұны отандық кәсіпорындардың есеп тәжірибесінде пайдалану өте қажет. Ұйымды басқару теориясы мен тәжірибесінің шетелдік жетістігінің бірі басқарушылық есеп болып саналады.
Басқарушылық есепті ұйымдастыру мен жүргізу ұйым басшыларының жедел және стратегиялық шешім қабылдауына керекті қаржылық және өндірістік ақпараттарды сәйкестендіру, өлшеу, талдау, дайындау, түсіндіру және ұсыну процесі болып табылады.
Бұл анықтама халықаралық стандарттарға сай және ұйымды басқару үшін есептің мәні мен мазмұнын ең толық сипаттайтын түсінік. Осыған сай басқарушылық есеп ұйымның, оның бөлімшелерінің қызметін стратегиялық басқаруды, бағалауды, кәсіпкерлік қызметті жоспарлау мен бақылауды, материалдық, қаржылық және еңбек ресурстарын оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етуді қоса алғанда жалпы бизнесті басқару үшін қажетті ақпаратты жедел қалыптастыру мен пайдаланудың барлық жүйесін қамтиды. Бұл жағдайда бухгалтерлік есеп жүйесі, оның ішінде ұйымды басқару үшін пайдаланатын бөлігі басқарушылық есебіне кіреді.
Ғалымдар мен экономисттердің арасында басқарушылық есепті бухгалтерлік есеп жүйесінде және онан тыс та қарайтын әртүрлі көзқарастар бар. Соңғы жылдары басқарушылық есеп кәсіпорын қызметінің қаржылық есебімен, яғни шығындар мен қаржылық нәтижелер, борыштық талаптар мен міндеттемелер, материалдық қорлар мен төлем тәртібін бақылаумен ғана шектеледі. Бірақ өндіріс, өткізу және жабдықтау, сонымен қатар басқарушылық шешімдердің тиімділігін бағалау, оның ішінде кәсіпорын үшін маңызы жағынан кем түспейтін өндірістік инвестициялармен байланысты шешімдер басқарушылық есеп өрісінен тыс қалып қалады.
Басқарушылық есеп шаруашылық қызметтерінің нәтижелері бойынша басқарылатын әрбір объектінің есептік жүйесі, жопарлауы, бақылауы мен шығындары туралы мәліметтерді талдауы болып көрінуі, соның негізінде ұзақ және қысқа мерзімді уақытқа ұйымның қызметін оңтайландыру мақсатында әртүрлі тиімді басқарушылық шешімдерін жедел қабылдау үшін ақпараттың негізі болып саналады. Себебі бұрын бухгалтерлік қызмет ешқашан жедел және стратегиялық жоспарлау мен бюджеттендіру, жабдықтау, өндіріс пен өнімді өткізуді басқару үшін ақпараттарды дайындаумен айналыспаған. Бірақ, соңғы кезде экономикалық ақпаратты қалыптастырудың компьютерлік жүйесі көп жылдар бойы өндірістік – шаруашылық қызметті жоспарлау, болжау, есепке алу және талдау арасындағы көбіне шартты түрде болатын кедергілерді жойып жіберді.
Қазіргі таңда ет және шұжық өнімдері өнеркәсібінің тұрақты дамуына және осы саладағы өнімдердің сапалылығы мен сұранысқа ие болуына саладағы өндірістің тиімділігіне ұйымдық-технологиялық жетістіктермен қатар, өндіріс шығындарының басқарушылық есебі мен бақылауы және жедел талдауының алатын орны өте айрықша десек қателеспейміз. Яғни, саладағы дұрыс ұйымдастырылған басқарушылық есеп пен бақылау және талдау қаржылық, материалдық, еңбек және басқа да ресурстарды тиімді, әрі үнемді пайдалануға, өзіндік құнды төмендетуге, сондай-ақ өндіріс тиімділігін арттыруға толық мүмкіндіктер беретіні анық.
Осы аталған міндеттерді орындау үшін шұжық өнеркәсібінің технологиялық ерекшеліктеріне қарай жабдықтау-дайындау қызметіндегі, сонымен қатар өндірістік және коммерциялық-сату қызметтеріндегі басқарушылық есептің ұйымдастырылу тәртіптерін, шығындар мен пайданың өзара байланысын талдау, шығындарды төмендету жолдарын қарастыру, жұмсалған шығындарға ішкі бақылау мен жедел талдау ұйымдастыруды жетілдіру өзекті мәселелер болып саналады.




Скачать