Сырымда әлі сыр бар


Сырымда әлі сыр бар

 

 

Әбілсейіт МҰХТАР, тарих ғылымдарының докторы.

 

Бүгінде Сырым Датұлын, оның тікелей басшылығымен болып өткен күресін, ел басқарған әділ билігін, қол бастаған батырлығын білмей­тін қазақ жоқ десек те болғандай. Бірақ бұл тақырыптағы күрделі мәселелер әлі де баршылық. Олардың бастылары мыналар дер едік.

 

Алғашқы нақтылап, баршамыздың міндетті қабылдауға тиісті мәселеміз – С.Датұлының дүниеге келген жылы. Өйткені, 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті Сырым батырдың 250 жылдығын атап өту туралы шешім қабылдағанымен, кейінгі оқулықтар, энциклопедиялар оқырман қауымды әбден шатастырып болды. Мәселен, бабамыздың туған жылын 1998 жылғы “Қазақтар” атты көпшілікке арналған тоғыз томдық анықтамалық (ІІ том, 88-б.), 2000 жылғы Атырау энциклопедиясы (345-б.), 2001 жылғы “Елтұтқа” оқу құралы (169-б.) – 1712 жыл, 2002 жылғы Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы (475-б.) – 1723 жыл деп берген. Бұдан басқа 1733 жылды ұсынушылар да бар. Осындай ұсыныстарға негізгі тірек фольклорлық мұрамыздағы атадан балаға жеткен түрлі аңыз-әңгімелер болып отыр. Ал Алматы, Орынбор, Астрахань, Москва, Санкт-Петербург, Уфа, Қазан қалаларындағы мұрағаттық құжаттар ештеңені жайып салмайды. Ендігі жағдайда неге арқа сүйеуіміз керек, қай жылға тоқтағанымыз жөн, оны қалай анықтаймыз?

 

Біздіңше, мұрағат қорларындағы Сырым балаларының туған жылдары арқылы және оған шежіредегі деректерді өзара салыстыра пайдалана отырып, қорытынды (онда да шамамен) шығаруға болады. Бұл арада 1992 жылғы Үкімет шешімінде көрсетілген 1742 жыл көңілге қонымды келеді. Оған тарихта белгілі Сырымның үш ұлы – Жүсіп, Қазы, Қамбардың (мұрағатта-Қабылан – Ә.М.) өмірі мен қызметін саралау арқылы да кейбір пайымдаулар жасауға мүмкіндік бар. Орынбор мұрағатындағы 1852 жылғы 24 сәуірдегі мәліметте: “Қазы Сырымов әскери старшын, Байбақты руын басқарушы, 62 жаста. Жазда Үленті, Бұлдырты, Шідерті өзендерін жайласа, қыста Бұлдырты өзені тармағы – Тұзды көлді мекендейді. Ол Байбақты руы Батақ бөлімінің Шолан бөлімшесін басқарады”, — делінген. Яғни, Қазы 1790 жылы дүниеге келген. Ал оның ағасы Жүсіп алғаш рет 1790 жылғы мамырдағы Сырым батырдың мүфти М.Хусаиновпен болған келіссөзінде аталады. Келіссөз барысын жазған журналында мүфти сәуір айының соңында кездесуге алдымен келгендер ішінде Жүсіп тарханның 5 адаммен бірге өз үйінде қалғандығын хабарлайды (Вяткин М. Журнал Оренбургского муфтия. — С.157). ХVІІІ ғасырдың соңғы ширегіндегі шиеленіскен қазақ-орыс қатынасын реттеуге бағытталған келіссөзге оңы мен солын танитындардың жіберілетінін ескерсек, Жүсіп шамамен 15-20 жас аралығында болған. Жүсіптен кейінгі Сырым балалары 1778 жылғы казак-орыс атаманы Чагановтың шабуылы кезінде қаза тапқан. Міне, енді осындай мұрағаттық деректерге фольклорлық мұрамыздағы:

 

Арқаң көп мінген жауыр болсын,

Мінезің қара жерден ауыр болсын,

Өкпең жоқ – бауыр болсын

Құлағыңнан сыбыр кетпесін

Жасың алпысқа жетпесін – деген Сырымға берілген батаны қоссақ, Сырым Датұлының шамамен 1742 жылы туғандығы дәлелдене түседі. Яғни, 1992 жылғы қабылданған Үкіметтің шешімін орынды деген жөн.

 

Екіншіден, Сырым батыр тарихшылар жазып жүргендей, хандық басқаруға қарсы болды ма? Халық Кеңесін ұйымдастырған реформатор дегенді қалай түсінеміз?

 

Мұрағаттық деректер Сырымның хандық басқаруды жоюды емес, керісінше, оны күшейтіп, төңірегіне беделді би, батырларды топтастырып, хан ордасын ел ортасына көшіріп, қазақ елі тәуілсіздігі үшін күрескендігін айғақтайды.

 

1785 жылы 21 наурызда Орынбор коменданты Я.М.Зенбулатовқа жолдаған хатында Нұралы хан Орал қаласынан аттанған 1000-нан аса казак-орыс әскері бейбіт Қазақ ауылдарын шапқанын ашына жазып: “Енді мен осындай қырып-жоюдан соң, халқым алдында иланбайтын хан болдым. Тұтқынға түскен кінәсіз қазақтар елге қайтарылмаса, мен бар беделімнен айырыламын, менің жанымда ешкім қалмайды”, деп хабарлады. Осы тұста Сырым ақпан, наурыз айларында 2 мәрте ханды ел ортасына шақырып, арнайы елші жіберген. Сырым, Барақ, Тіленші батырлар ханнан Ресейге аманат бермей, жанына Айшуақ сұлтанды ертіп, Сыр бойына көшуге үгіттеді. Бірақ Нұралы хан 1785 жылы 4 сәуірде орыс әкімшілігіне “бүкіл қазақ халқы, бауырларым, балаларым менен бөлініп кетсе де, мен патшаға адалмын” деп ағынан жарылды.

 

Міне, осыдан бастап Нұралы хан ретінде ел сенімінен біржолата айырылып, араға уақыт сала 1786 жылы көктемде жанына балалары Бегәлі, Артыққалиды ертіп, орыс қорғанына кетті. Оның арты ханның Уфаға жер аударылуымен аяқталды. Патша үкіметі Кіші жүздегі Әлімұлы, Байұлы және Жетіруды бөлек-бөлек хансыз басқаруды көздеген 1775 жылғы реформаны тез арада қазақ сұлтандарының қатысуынсыз жүзеге асыруды қолға алды және оған Сырым батырды пайдалануды көздеді. Ал Сырым бастаған қазақ старшындары Кіші жүз хандығына Қайып Батырұлын ұсынып, оны бекіттіру мәселесін көтерді. Ресей басшылығының Қайыпты қолдамайтындығы белгілі болған кезде 1790 жылы қазан айында жаңа хан сайлау тағы күн тәртібіне шықты. Қ.Ескендіровтің хабарына сенсек, бір топ Есім сұлтанды жақтаса, Сырым, Көккөз, Дөнен, Бөдене, Наурызәлі бастаған екінші топ бүкіл Кіші жүз халқы жиналса және оған Әбілқайыр, Қайып ұрпақтары келсе, хан сайлау мәселесі дұрыс шешіледі деген өз талабын қойған екен. 1792 жылы 11 қыркүйекте Сырым, Сарыалтай, Сегізбай, Қаракөбек, Басықара би, батырлардың Ресейге қарсы соғыс жариялау себептерінің бірі Ерәлі ханды Халық Кеңесінсіз бекітуі еді. Міне, осы дәлелдердің барлығы Сырымның хандық басқаруды жоюды көздеді деген орыстық, кеңестік тарихнаманың қорытындысы өзге ұлттарды Ресейге зорлап қосудағы саясатын ақтаудан туындаған империялық пиғыл екендігін айғақтайды. Ал Халық Кеңесі қазақ тарихында бұрыннан болды. Оны да өз ыңғайына пайдаланған орыс саясаткерлері түбінде сәтсіздікке ұшырады. Қазақ үшін халық-хан-кеңес ажырамайтын ұғым еді. Нұралы ханның: “Мені қарамағымдағы қазақтар Ресейге адалдығым үшін мұсылман санамайды, тіпті жанымдағы адамдарды да Ресейге берілген, бізді сатқындар ретінде есептейді”, – деп налуы да содан.

 

Үшіншіден, Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың хронологиясын бұрынғы 1783-1797 жылдар аралығымен шектелмей, 1801 жылға, яғни, Кіші жүз қазақтарының Еділ-Жайық аралығына заңды құқылығы мойындалғанға дейін созған дұрыс. Өйткені қозғалыстың бірден-бір мақсаты жайылым мәселесін шешу болатын. Бұған қоса, қозғалыс халықтың әділ ханға деген сенімінің әлі де күштілігін дәлелдей отырып, патша үкіметінің қазақтарды дәстүрлі басқарудан ресейлік жүйеге көшіру туралы 1775 жылғы реформасын жүзеге асыртпай тастады. 1799 жылы 22 мамырда Сырым Датұлы генерал-майор Н.Н.Бахметовке жолдаған хатында: “Астрахандықтар мен Оралдықтардан адам айтқысыз жәбір көрген қазақтар маған келіп көмек сұрады. Подполковник Михайлов талабын өзім қанағаттандырған тұста, қазақтар маған реніш білдірді... Сондықтан О.А.Игельстром құрған қазақ-орыс, қазақ-башқұрт мәселесін қарайтын арнайы комиссияға қызмет жасатсаңыз”, дей отырып, өзінің ендігі жағдайда халқы үшін қызмет жасауға даяр екендігін хабарлайды. Кейін, 1801 жылы Сырым халқына Нарынға қарай көшуге батасын берді. Яғни, қозғалыс негізгі мақсатына жетті. Төртіншіден, Сырым Датұлының 1802 жылы қайтыс болғандығы дәлелденгенімен, оның қай жерде жерленгендігі бүгінге дейін нақты анықталды деу қиын. 1815 жылы 12 маусымда Орынбор әкімшілігіне жолдаған хатында Бородин “атақты, елге сыйлы Сырым тархан Үргеніш қаласында қайтыс болған” (ОрОММ 6қ., 10 т., 1287 іс, 5п) деп хабарласа, Ығылман Шөрекұлы дастанында Жәңгір ханның Исатай батырға:

 




Скачать