Мақсат – қоғамды инновациялық тұрғыда жаңарту
Мақсат – қоғамды инновациялық тұрғыда жаңартуБүкіл әлем ғылымның жетістіктерінің арқасында ғана алға қарай дамуға, бәсекеге қабілетті адами капиталдың әлеуетін көтеруге, жаңа заманда өз орнын белгілеп алуға болатынына көз жеткізіп, сол бағытта әрекет жасап, ғылымды дамытуға, оның жетістіктерін өмірге енгізуге мүдделі болып отыр. Бүгінгі күні еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің кезектен тыс мәжілісіндегі сөзінде Үкіметтің және барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті – халқымыздың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету екенін атап өтті. Таяу бесжылдықта Қазақстан табысы жоғары деңгейлі елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай ІЖӨ деңгейі жан басына шаққанда кемінде 15 мың долларға жетуі тиіс. Бұл үшін экономика жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсетуі керек. Үкіметтің басты жұмысы индустриялық-инновациялық бағдарлама болып қала береді. Бағдарламаны іске асыру шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасайтын болады. Инновациялы болашаққа жол жалпыұлттық басымдық ретінде жарияланды. «Біздің басты мақсатымыз алдағы онжылдықтағы оның экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу» деп Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап көрсеткендей, еліміздің алдағы 10 жылдағы дамуын қамтамасыз ететін, іргелі істерге жол ашатын биылғы Жолдаудың тарихи маңызы да, қоғамда алатын орны да ерекше. Жолдауда дағдарыстан кейінгі дамудың нақты жолдары мен басты бағыттары белгіленді. Соның ішінде ғылым мен білім беру жүйесін дамытып ел қажетіне пайдалану – басты стратегиялық маңызы бар мәселеге айналып отыр. «Ғылым туралы» заңда ел дамуының экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылым жөніндегі ұлттық басымдықтарды айқындайтын және ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды қалыптастыратын және ғылыми жобаларды (бағдарламаларды) іріктеу рәсімінде, оларды қаржыландыру туралы шешім қабылдауда тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғылым бағыттары бойынша алдыңғы қатарлы отандық және шетелдік ғалымдардан тұратын ұлттық ғылыми кеңестер құру, ғылымды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жүйесінде 3 нысанда іске асырылатын түбегейлі өзгерістер жүргізу қарастырылған. Атап айтсақ, базалық, грантпен және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру, ғылыми-зерттеулер жүргізуге арналған конкурстар ұйымдастыруға байланысты барлық рәсімдерді «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның реттеу шеңберінен шығару, ұлттық ғылыми инновациялық жүйені дамытуды экономикалық ынталандыру, ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту шараларын қабылдау, грантпен және бағдарламалық нысаналы қаржыландыру шеңберінде ғалымдарға қосымша жалақы алу мүмкіндігін беру арқылы жалақыны көтеру жолымен ғылыми қызметтің беделін және тартымдылығын көтеруге бағытталған нормалар қабылданды. Жаңа қабылданған «Ғылым туралы» заң елді дамытудың басым бағыттары бойынша жаңа білімді құру (генерациялау) және тарату арқылы экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігін көтеріп, ұлттық инновациялық жүйені құруға негіз болады. Ел экономикасын дамытудың кепілі – ғылым мен инновацияға басты назар аудару. Инновациялық экономика бұл ғылым мен білімнің қоғамның қарқынды сұраныстарына жауап беретін жаңалықтардың үзіліссіз ағынын қолданысқа енгізе алатын экономика болып саналады. Алдымызда тұрған шешілуі тиіс міндеттердің мәні – шикізат экспортына емес, инновациялық дамуға негізделген экономикалық өрлеудің аса жаңа моделіне, жаңа сапасына көшу. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев 2010 жылдың 1 қаңтарын «Қазақстан-2030» Стратегиясы шеңберінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бесжылдығының басы деп белгіледі. Осы тұрғыда басты міндеттердің бірі қайта өңдеуші өнеркәсіп үлесін арттырып, ең алдымен, ғылымға негізделген жаңа технологияларды пайдалану арқылы инновациялық дамуды қамтамасыз ету болып табылады. 2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы экономиканы ұзақ мерзімді дамытуды көздейді. Стратегияның мақсаты шикізаттық бағыттан бас тартуға ықпал ететін экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдің тұрақты дамуына қол жеткізу. Қазіргі кезде Қазақстандағы экономикалық өсу негізінен көмірсутегі шикізаты мен басқа да минералды ресурстарды қарқынды игеру есебінен қамтамасыз етілуде. Өнеркәсібі дамыған елдерде заманауи технологиялар, жабдықтар және өндірісті ұйымдастырудағы мамандар біліктілігінің үлесі ішкі жалпы өнімнің 75-80% өсіміне дейін қамтамасыз ететінін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Қоғамның дамуы үшін ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін игеріп, өндіріске енгізу айтарлықтай экономикалық тиімділік беретіні бәрімізге белгілі. Бұдан басқа, қазіргі жағдайда экономикалық жағынан дамыған елдер нанотехнология саласында, оларды өндіріске белсенді түрде енгізуде ғылыми-зерттеулерді басымдықпен дамытуға ұмтылуда. Қазақстанның ғылымын дамытуға бағытталған міндеттерді шешу үшін білім жүйесін түбегейлі дамыту қадамдары жасалуда. Білім және ғылым орталықтарын біріктіруге бағытталған жұмыстар жүруде. Мысалы, Астанадағы жаңа «Назарбаев Университеті» құрамында үш жаңа ғылыми орталық құру жоспарланып отыр. «Тіршілік туралы ғылыми орталық» әлемдік ғылыми орталықтармен бірлесе отырып, органдарды, жасанды жүректі, өкпені, өзек торшаларын трансплантациялау, адам өмірін ұзарту жөнінен зерттеулер жүргізетін болады. Энергетикалық зерттеулер орталығы жаңартылатын энергия көздері, физика, техника мәселелерімен айналысады. Ал үшіншісі – көп салалы аспаптық орталық – инжинирингтік орталыққа, зертханалық базаға және конструкторлық бюроға айналатын болады. Президент Н.Ә.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты биылғы Жолдауында «Біз университеттік білім мен ғылымның жаңа даму деңгейін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп атап өткен болатын. Ол жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке көшу тетігін әзірлеу, білімді қолдаудың жаңа қаржылық-экономикалық құралдарын енгізу қажеттігін тапсырды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткеніндей, Қазақ елі өз тәуелсіздігінің жиырмасыншы жылына нақты жетістіктермен келіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – ғылыми-техникалық және инновациялық әлеуетімізді тиімді пайдаланып, экономиканы ауқымды жаңғырту мен қоғамды жаңарту болып табылады. Қылышбай БИСЕНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, техника ғылымдарының докторы. «Егемен Қазақстан»,Сейсенбі, 31 Мамыр, 2011 http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id66/7/1 Скачать |