КИІЗ ҮЙ АТАУЛАРЫ
КИІЗ ҮЙ АТАУЛАРЫ1. Абылайша – керегесіз, уықтан тігілген шағын киіз үй. 2. Ақ шаңқан үй – сүттей ақ, аппақ киіз үй. 3. Ақтағыр – екі қанатты, екі үзікпен жабылатын шағын киіз үй. 4. Жаппа – керегесіз, киізбен жабылған баспана. 5. Жолым үй – уыққа киіз жауып, уақытша тігілген шошақ үй. 6. Қара құрым үй – киізінің тозығы жеткен, ескі үй. 7. Қара үй – киіз үйді кейбір жерде қара үй деп атайды. 8. Қараша үй – қоңыр түсті, жыртық, тесік, ескі үй. 9. Орда – еңселі, салтанатты киіз үй. 10. Отау – ұлға енші беріп, бөлек шығарған киіз үй. 11. Төңқайма – бірнеше уықпен ғана көтерген киіз үй. 12. Ұраңқай – уық тәрізді сидам ағаштардан басын түйістіріп тігілген киіз үй.
Киіз үй, негізінен, кереге, уық, шаңырақ, есіктен тұрады. Кереге – киіз үйдің негізгі қаңқасын құрайды. Кереге қанаттардан тұрады. Қанат сағанақтан тұрады. Керегенің екі түрі болады: желкөз, торкөз. Желкөз қатты желге төзімді, торкөз жаңбырлы күндері су жібермейді. Желкөздің торы үлкен, ағаштары жеңіл, ал торкөздің торы кішкене, ағаштарының сүйектері ауырлау болады. Керегенің сағанақтары қиғаш орналасады. Бір қанатта 20 сағанақ болады. Сағанақтарды бір-біріне қиғаштап қайыспен байлайды. Қайыс түйе, жылқы терісінен жасалады. Уық – кереге басы мен шаңырақты ұстастыратын ағаш. Ол сәмбі талдан жасалады. Уықтың кереге басына байланатын жағы жалпақтау, имектеу болып келеді, мұны уықтың діні дейді. Уықтың кереге басына байланатын жағын тесіп, бау өткізеді, оны уық бау деп атайды. Шаңырақ – киіз үйдің еңсесін құрап, тұтастырып тұратын күмбез. Шаңырақтың шеңбері 3-5 метр шамасында болады. Оны көбіне тораңғыдан, сом қайыңнан иіп қиюластырады, қоспаларын жылтырауық металдан құрсаулайды. Шаңырақтың дөңгелек шеңберін тоғын дейді, оған уық сұғатын төрт қырлы көз теседі. Тоғынның үстінен түндікті көтеріп тұру үшін айқастыра бекітілген ағаштарды қояды, оны күлдіреуіш деп атайды. Күлдіреуіш арқылы үйге жарық түседі. Есік (сықырлауық) – кереге шеңберін тұйықтап, киіз үйге кіріп-шығатын есік сықырлауық деп аталады. Ол табалдырық пен маңдайшадан, қос босағадан және жарма беттен тұрады. Есіктің жарма беті нәзік өрнекпен безендірілген. Керегенің іргесінен уықтың ортасына дейінгі жер туырлық деп аталады. Шаңырақты жауып тұратын киізді түндік дейді. Киіз есік – есіктің сырты киіз, ортасы ши, астары жарғақ теріден жасалады. Есікті киіз жауып тұрады. Шиыршықтап түріп қоюға ыңғайлы. Киіз үйдің сүйегін бір-бірімен ұстарту, сыртқы әбзелдерін бастырып тұру мақсатында бау-құралдары қолданады. Таңғыш – екі керегенің сағанағын (жігін) кіріктіріп таңатын өрнекті жіңішке құр деп атайды. Белдеу – туырлықтың керегеге тығыз жатуы және оны жел көтеріп кетпеуі үшін сыртынан бастырып буатын қыл арқан. Шалма – уықтарды ығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құр. Басқұр – киіз үйдің ішін безендіру үшін әрі туырлықтың кереге басына үйкелмеуі үшін уық пен керегенің түйіскен жерін сыртынан бастырып таңатын өрнекті жалпақ құр. Туырлық бау – туырлықты ұстап тұратын әрі әсемдік үшін түр салынған жалпақ құр. Үзік бау – үзіктің екі жиегінен екі немесе үш жерден тағылған, уықтың үстінен айқастыра тартып керегеге байлайтын жалпақ терме бау. Бақан – бір ұшын (жоғары) екі аша етіп жасаған ұзын сырық. Бақанды майыспайтын, мықты, түзу ағаштан жасайды. Ол киіз үйді тіккен кезде шаңырақты көтеріп тұруға арналған. Ши – кереге мен туырлық арасынан айналдыра тұтылады. Шилер туырлықты кереге көгінің жыртуынан қорғап, киіз үйдің сырт пішінін жұмырлай түседі. Шиді алуан түске боялған қой жүнін шиге орау арқылы жасайды. Скачать |