Ердің бақытын келтіретін де, кетіретін де – әйел
Ердің бақытын келтіретін де, кетіретін де – әйелГүлнәр СЕЙТМАҒАНБЕТОВА, Мәжіліс депутаты: – Гүлнәр Сүлейменқызы! Әңгімені бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып табылатын ұрпақ тәрбиесінен бастасақ. Қазақта бала тәрбиесіне қатысты тағылымды тыйымдар да, ықылымнан қалыптасқан дәстүр де жеткілікті ғой. Дегенмен сіз үшін тәрбиедегі ең маңыздысы не? – Әлбетте, ұрпақ тәрбиесі отбасының ғана емес, бүкіл мемлекеттің даму деңгейіндегі маңызды дүние екендігі даусыз. Сондықтан да бұл мәселеге мемлекеттік деңгейдегі көзқарастың болғаны ләзім. Дегенмен бала тәрбиесі – кең ауқымды қаралатын мәселе. Бір жағынан алып қарағанда, баланың бойына бітетін мінезі ең алдымен оның туған тегіне, қанына (геніне) тартатын болса, адам ретінде қалыптасуының бәрі – бесіктегі тәрбиенің еншісінде. Мәселен, түп-тамыры, арғы тегі асыл болғанымен, кейбір азамат тәрбиенің кемшіндігінен бағы ашылмай жатады. Сол секілді атадан оза туатындар да жастайынан сіңірген тағылымды тәрбиенің ықпалымен ұшпаққа шығып жатады. Ал мұндағы тәрбиенің нәріне келсек, бұл, шынымен, «тал бесіктен басталады». Ендеше, тәрбиедегі ең маңызды мәселе бала дүние есігін ашқаннан бастап оған жеткілікті көңіл бөле білуде жатыр. Дегенмен бүгінгі заманның, яғни ақпараттық ғасырдың әсері ұрпақ тәрбиесіне өз «өрнегін» салып жатыр деп айтар едім. Тіпті бұл жайында ойлағанда мен кейде ұрпақ тәрбиесінде ата баба салтынан алыстап бара жатқан жоқпыз ба деп толғанамын. Өйткені көпшілік ата-ананың бала тәрбиесіне қатысты түсінігі де өзгеріп келе жатқан сыңайда. Мәселен, кейбір ата-ана «баламның тамағы тоқ, киімі бүтін болса, қатарынан кем қылмасам» деп, тәрбиеге таяз қарайтын тәрізді. Сосын қатарынан қалдырмаудың қамымен бар уақытын жұмысқа сарп етіп, тәрбиені екінші орынға ысырып алғандаймыз. Соның нәтижесінде баланы «бағу» мен «қағуда» көп олқылық кетіп жатуы мүмкін деп, ойлаймын. Ата-анадан кейінгі орында тәрбие үшін маңызды рөлді баланың айналасы, мектебі мен араласатын ортасы иеленеді. Дегенмен айналамен араласпас бұрын бала өскен ошағында жақсы атмосферадан нәр алып, қалыптаса білуі керек. – Өмірлік тәжірибеңізді көз алдыңызға елестете отырып, бұрынғы қалыптасқан ұрпақ тәрбиесі мен қазіргі тәрбиенің арасында айырмашылық бар деп айта аласыз ба? – Әрине, қазақтың ұрпақ тәрбиесіндегі бұрыннан қалыптасқан дәстүрінен алшақ кеткен жоқпыз ғой, дегенмен «бұрынғы» мен «қазіргіде» айырмашылықтар баршылық. Мәселен, біздің қатарымыздың басым бөлігі көп балалы отбасыдан шықты. Әйтсе де көп балалы отбасы болсын, баласы аз отбасы болсын, тәрбиенің маңыздылығына мән беріліп, бұған жан-жақты жағдай қарастырылды. Бір жағынан, көп балалы отбасында балалардың өзі бірін-бірі тәрбиелейтін. Соның арқасында «үлкенге құрмет, кішіге ізет» жас күнінен бойға сіңді. Ата-ананың өзі үлкенін кішісіне қарауға тәрбиелейтін. Жанашырлық осыдан бастау алатын секілді еді. Ауылдың ғана емес, қаланың тәрбиесі де солай қалыптасатын. Ал бүгінгі жағдайға келсек, өкінішке қарай, қазір көп балалы отбасының өзі сиреп кетті. Оның ішінде қалалықтар арасында сананың көп бөлігін тұрмыс билеп, ақша табу мәселесі қашанда басты мәнге ие болып отыр. Ауқатты дегендердің өзінде бала табуға да, оны бағып-қағуға да көп бас қатырғысы келмейтіндер бар секілді. Сөйтіп, бір-екі баламен шектелгендердің тәрбиесі де «құлпырып» тұратыны белгілі. Жалғыз баланы «бағу» болғанымен, «қағуы» жетіспейтіндей. Яғни бір ғана баланың көңіліне қараған әке-шеше оның айтқанынан еш шыға алмайды. Жастайынан соны сезіп өскен өрен өзімшілдікке шапшаң бой алдыратын секілді. Айтқанын істетпей қоймайтын, тез ашуланатын мінездер де осындайдан жұғады деп білемін. Мұның соңы да көп жағдайда теріс әрекеттерге соқтырып жатады. Содан соң бүгінгі баланың ойыны да өзгерген. Бұрын күні бойы үй көрместен ойынның туын тігетін баланы қазір көшеден таппайсың. Теледидар алдында немесе күні-түні компьютерден шыға алмай отырады. Мұның бәрі өз «нәтижесін» беріп жатқан сыңайда. Салыстырмалы түрде тағы бір байқайтыным, бүгінгі ұрпақ – ақпараттық заманға әбден бейім ұрпақ. Тіпті білімді игеруге жетік келетін тәрізді. Ақпараттық заманның әсері ме, басқасы ма, әйтеуір, біздің заманымызға қарағанда бүгінгі бала алғыр, жаңалыққа бейім. Ең басты тағы бір айырмашылық, ХХІ ғасырда баланы ұрсып немесе қатты ұстап түзеу мүмкін болмайтындай. Сондықтан да тәрбие құралын амалсыз өзгерту талап етіледі. Бірақ бұл өзгерістердің бәрі қазақылық нәрімізден жаңылмайтындай, керісінше, соған жақындайтындай өзгерту болса игі. – Мектептегі тәрбиеге қалай қарайсыз? – Мектеп тәрбиесінің баланың патриоттық мінезін, адамдық тұлғасын қалыптастыратын орда ретіндегі маңызы зор. Біз кезінде октябрят та, пионер де, комсомол да болдық. Осыны ұлт тәрбиесімен ұштастыра отырып, тәрбиелік тиімді тұсын оқу мекемелеріне, жастар ұйымдарына қайта енгізсек, дұрыс болар еді. Бұл баланың бейіміне, оның қоғаммен етене араласып, елдік жұмыстарға белсенуіне өте-мөте әсер ететін еді. Компьютерге сеніп, қараусыз қалдырғаннан гөрі, оның бос уақытын қоғамға пайдалы жұмысқа жұмсасақ, балғындарды бүгінгідей тұйықтықтан құтқаратын жол сол болатын еді. Мемлекет басшысы да ағымдағы жылғы өз Жолдауында осыны атап көрсетті. – Соңғы кездері жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп кетті. Оның себебін іздегендердің ортақ көзқарасы жоқ. Кеселдің көлденең келуін біреулер қоғамнан көрсе, енді бірі ата-ана тәрбиесіне итереді, ата-ана болса мектепті кінәлап жатқаны бар. Сіз осы мәселеге қатысты не айта аласыз? – Өз-өзіне қол жұмсағандар санының жыл сайын арта түсуі, шынымен, адам алаңдатарлық. Бұл мәселеге қатысты депутаттар тарапынан да дүркін-дүркін сауал жасалып, арнаулы органдардың назарын проблемаға аудартқанымыз бар еді. Жақында ғана Үкімет жанындағы денсаулық сақтауды үйлестіру жөніндегі кеңесте осы мәселе талқыға шығарылды. Мен сол кеңестің мүшесі ретінде мәселені тереңінен зерделеуге араластым. Айта кетерлігі, бүгінгі таңда балалар суицидіне қатысты дайын «рецепт» жоқ. Өз-өзіне қол жұмсаудың жиілеп кету себебін дөп басып айтуға ерте. Бір анығы, статистикалық мәліметтер еліміз үшін осы проблеманың шынымен өткір тұрғанын алға тартады. Мәселен, 2007 жылы өз-өзіне қол жұмсағандар саны 100 мың адамға шаққанда 26,9 адамнан келді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өз-өзіне қол жұмсағандар саны 100 мың адамға шаққанда 20-дан асып кетсе, осының өзін «аса қиын жағдайға» жатқызады. Ұйымның өлшемімен алсақ, Қазақстанның жағдайы алаңдаушылық қана емес, үрей тудырады. Тіпті 2008 жылы әлгі көрсеткіш одан сайын артып, 100 мың адамға шаққанда 34,8 адамды құраған. Ол ол ма, бұдан кейінгі жылдары көрсеткіш төменге түскен емес, керісінше, бұрынғы жылдарға қарағанда артты әрі суицидке баратындар жасарып бара жатқаны байқалды. Бұл, шынымен, қоғамның дерті асқынып бара жатқаны туралы ой салады. Дертке себепті де әр тараптан іздеуге қақылымыз. Біріншіден, баланың әлеуметтік жағдайы. Екіншіден, жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде жападан-жалғыз қалуы. Сөйлесетін, түсінісетін ата-анасы тарапынан қолдау болатын тетіктер қамтылмай қалып жатады. Үшіншіден, мектеп мұғалімдеріне де көп дүние тәуелді. Әрине, ұстаздың бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Дегенмен зерделеген адамға осыны ұғыну қиынға соқпас деп ойлаймын. Мәселен, ХХІ ғасырда бала өзгеріп кетті дедік қой. Бәрін жылдам қабылдайды, ақпаратты қабылдауы, санасының сіңіруі шапшаң. Ал мұғалім ше? Оқушының өзгеруіне ілесіп отырғаны бар ма? Мәселен, бала интернетті біледі, жаңалық пен ақпаратты алатын «көздері» көп. Қосулы тұрған теледидарға үңіліп отырмаса да, өзімен-өзі ойынға айналған бала сол қосулы тұрған телехабардан ақпарат алып жүреді. Төртіншіден, қазіргі жасөспірімдер саясатты да, басқаны да тез қабылдайды. Бұл тұрғыдан оларды шапшаң өсіп, «ерте есейіп жатыр» деуге келеді. Ал соны оқытатын мұғалімнің ақпаратты қабылдауы, оны сіңіріп қана қоймай, дұрыс бағыт сілтеуі үшін «қорытуы» қалай? Бұл – бір жағынан, «емделуі» тиіс мәселе. Екінші жағынан, қоғамдағы мұғалім мәртебесін мүлдем төмен түсіріп алып, соны бұрынғы деңгейге көтере алмай жатқан жайымыз бар. Бұған негізгі себепті де алыстан іздеудің қажеті шамалы. Мәселен, жастайынан армандап, жан-жүрегімен қалап мұғалім болғысы келетіндер саны аз. Тіпті жоқтың қасы деген қорқыныш бар. Жүктемесі көп, жауапкершілігі жоғары жұмысты істеуден бәрі қашқақтайды. Осыны ескерсек, мұғалімдердің өздерін қорғау керек. Бір сөзбен айтқанда, балаға ғана емес, ұстазға да психологиялық көмектер қажет. Бұған көңіл бөлінсе игі. – Қандай шаралар қамтылуы қажет? – Ең біріншіден, бала өлімінің жиілеп кетуіне байланысты медициналық әлеуметтік зерттеу жүргізу қажет. Бұл шара кешенді жүргізілгені жөн. Өйткені, расымен, ата-ана мектепті, мектеп керісінше, ата-ананы кінәлап жатыр кей мәселеде. Қоғамға жабатындар да бар. Неге жиілеп кеткенін тексеретін комиссия болса, сол бүге-шігесін ажыратса, нақты жағдайға баға берсе, әрбір өлімнің себебін тексерсе екен. Кешенді тексеру барысында бала тәрбиесіне ғана емес, оның білім ошақтарындағы жүктемелеріне де назар аударған дұрыс. Мәселен, мектептегі бағдарламаның өзі кей жағдайда бала жүйкесіне ауыртпалық түсіруі мүмкін Скачать |