Елбасы жаңа міндеттерді айқындап берді


Елбасы жаңа міндеттерді айқындап берді

 

Биылдан бастап еліміз алдағы негізгі бағыттарын айқындап алды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 3 сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлаудағы жеңісі мемлекетіміздің қарқынды дамуының айқын көрінісі болды. Сайлаушылардың 90 пайызға жуығы сайлауға қатысуының өзі, олардың 95,55 пайызының Тұңғыш Президентке дауыс беруі — еліміздің одан әрі жасампаздықпен дамуының, Қазақстан халқының бірлігін, жарасым тапқан келісімін көрсете білді. Бұл — сайлаудағы жеңіс тәуелсіз елдің 20 жыл ішінде атқарылған асқаралы жұмыстарына берілген әділ баға.

Ата Заңымызға сәйкес Елбасы қызметке кіріскен соң, Қазақстанның жаңа Үкіметі тағайындалды. 17 сәуір, жексенбі күні, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Бұл мәні өте зор басқосу болды. Ол жиналысқа Парламенттің қос Палатасының депутаттары, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшылары, облыс әкімдері қатысты. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы баяндама жасады. Үкіметке, салалық министрліктерге нақты тапсырмалар берді. Айқындалған міндеттердің орындалуы біз үшін өте маңызды. Алдымызда тұрған бесжылдыққа жасалған бағдарлама деп есептеймін. Елбасы үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны орындау — Үкіметтің алдындағы басты міндет болып қала беретіндігін айта келіп, оны қалай жүзеге асырудың жолдарын нақты атап көрсетті.

Еліміз үшін қоғамды алға бастыратын инновациялық бағдарламалардың рөлі айрықша. Осы орайда ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы жылдың 1 шілдесіне дейін инновацияларды қолдауға қатысты мәселелер бойынша жедел ұсыныстар әзірлеу міндетін жүктеді. Бүгінгі таңда Қазақстан да, әлемнің басқа елдері де инновацияға, жаңа технологияларға ерекше көңіл бөліп отыр. Ел келешегін ойлайтын болсақ, инновациялық технологияны меңгеруіміз қажет.

Елбасы осы бағыттағы ілгерілеудің негізгі нүктелері ретінде Алматы жанындағы Ақпараттық технологиялар паркі мен жаңа университетті атады. Осы ойын жалғастырған Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры барлық ұлттық компаниялар алдына инновациялық жобаларды енгізу жұмыстарымен айналысу міндетін қоюы керектігін, әрбір министрлік пен ведомствода инновациялық бағыт бойынша келешек дамулары туралы жоспарлары болуы шарт екенін айтты.

Мемлекет басшысы Үкіметке қолға алынған индустриялық жобаларды жүзеге асыру ісін белсенді түрде жалғастыруды, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеуді, көктемгі егісті дұрыс жүргізуді ескерте отырып, атқарушы биліктің әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше мән беруі тиіс екенін жеткізді.

Елдің экономикасын дамытуға ықпал ететін саланың бірі — инвестиция тарту. Ол ел байлығын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасайды. Сонымен бірге, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына серпін береді.

Елбасы мемлекетіміздің Экономикалық даму және сауда министрлігін республикамыздағы барлық министрліктердің жұмыстарын үйлестіретін орталық ретінде қарастырылуы керектігін айтты. Сондықтан Экономикалық даму және сауда министрлігіне орта бизнеспен айналысатын «Даму» қоры берілетінін жеткізді. Сонымен қатар экономика саласында көптеген жобалар бар. Биылғы жылдан бастап бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындарды модернизациялау тұрғысынан қайта жаңғырту ісі қолға алынатын болды. Елбасы өз сөзінде бүгінгі таңда әлемде, әсіресе азық-түлік бағасының өсіп отырғанын айта келіп, өз елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерімен халықты толық қамтамасыз ете алатынымызды айтты. Осы салаға инвестициялар тарту арқылы даму жолына шығуымызға анық болады. Бұған Қазақстанның барлық мүмкіндігі бар.

Халықтың әл-ауқатын одан сайын жақсарта түсетін жағдай жасалуы керек. Ол үшін үлкен жұмыстар атқарылмақ. Президент осы жолғы сөзінде жақсы бір жаңалықты жария етті. Елбасы: «Таяу бес жылда Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққандағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсеткішімен дамып отыруы қажет етіледі» деді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жер байлығын тиімді пайдалану, жаңа кен орындарын ашу, геологиялық жұмыстарды жүргізуге көңіл аударды. Мысалы, біздің қазір әр өңірде шығарып жатқан өнімдеріміз Кеңес Одағы кезінде табылған кен орындарынан алынуда. Сондықтан қазір жаңа ұлттық компания құрып, жер байлығын барлау жұмыстарын жүзеге асырған жөн.

Елбасы ядролық технологияға ерекше тоқталып өтті. Бізге Атом саласының жоғары технологиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Атом энергетикасы агенттігін құру қажеттігін айтты. Әрине, қауіпсіздік шарасы бірінші орында тұру керек. Елімізге, халқымызға, даламызға ешқандай зияны тимеуі тиіс. Әуелі мұның ғылыми жағын терең зерделеп алған жөн. Осы кезге дейін ғылымның дамуы кешеуілдеп қалды. Алдағы уақытта бұл іске ғалымдарды белсенді түрде тарту керек. Қай уақытта да ғылымның жетістігі мен өндірістің өнім шығаруы қатар дамып отырса, оның өзара үйлесім тауып, тиімділік жағы да мол болмақ.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы үшін энергия сақтаушы технологияны пайдаланудың маңызды қадам екенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда озық елдер энергия үнемдеумен айналысып, үлкен жетістіктерге жетуде. Жаңа технологияның арқасында жылу ұстайтын әйнектер, іштегі жылуды жібермейтін ғимараттардың қабырғалары сапалы екендігін дәлелдеп отыр.

Еуропа мен Азия елдерінің арасында Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы жаңа ғасырда еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып отыр. Енді соның мол мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алсақ, қол жеткізер жетістіктеріміз анағұрлым көп болмақ. Батыс пен Шығыстың арасын жалғап жатқан ежелгі Жібек жолын қазіргі заман талабына сәйкес қайта жаңғырту, сол арқылы елімізді халықаралық экономикалық сауда жолының үлкен дәліздерінің біріне айналдыру — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған маңызды стратегиялық мақсаттарының бірі. Президент көлік дәліздерін дамыту бойынша өңірлік, мемлекетаралық ынтымақтастықты, әсіресе интеграциялық келісім аясында белсенді дамыту жолдарын нұсқады.

Мемлекет басшысы еліміздің орта және кәсіптік білім беру ісін дамыту мәселесіне ерекше мән берді. Астанада ашылған «Назарбаев Университеті» қазірдің өзінде үлгі болып отыр. Қазақ жастары шетелге бармай-ақ, өз Отанымызда әлемдік білім қайнарынан сусындауға мүмкіндік алды.

Елімізде білім саласына баса көңіл бөлініп отыр. Жиналыста «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келген жастарымызды лайықты жұмыспен қамту мәселесі қозғалды.

Бүгінгі таңда кәсіптік-техникалық колледждерге үлкен маңыз берілуде. Жастарымыз бір-бір мамандықтың иесі болып, нарық заманында лайықты жұмыс орнын тауып, бір кірпіш болып қалануы керек. Ол үшін кәсіптік-техникалық оқу орындарының білім беру деңгейін анағұрлым жоғары көтеруіміз керек.

Биылғы 28 қаңтарда жария етілген Жолдауда Президент Н.Назарбаев өзінің Жарлығымен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланғанын айта келіп, жалпыұлттық жоспарды жүзеге асыру үшін Үкіметке инвесторлардың, бизнес-қауымдастықтарының, қазақстандықтардың күшін біріктіруді тапсырды. Елбасы: «БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ» — біздің мерейтойымыздың ұраны — осы. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан жолының — БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылықтары қалыптастырылды» деп өз ойын түйіндеген болатын.

Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Оған бірлігі мен келісімі сақталған, ынтымағы жарасқан ел ғана жетеді!

Бауыржан СМАИЛОВ, Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты

«Айқын» газеті 13 мамыр 2011 жыл

http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id60/7/1

 


Скачать