Батыйдың (Бату) Европаға шабуылы. Алтын Орда
Батыйдың (Бату) Европаға шабуылы. Алтын ОрдаБатыйдың жорығы. 1227 жылы 25 тамызда Тангуттарға қарсы 2-ші рет жасаған жорық кезінде ауырып Шыңғыс-хан қайтыс болды. Қайтыс болғаннан кейін балалары мен немерелері соғыс жорықтарын жүргізе берді. 1225 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еворпаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғыс-ханның мұрагер немересі Жошының баласы Батый (Бату) басқаратын болды. Батый атасы Шыңғыс-хан сияқты өте қатал және қанқұмар жаулап алушы еді. Батыйдың самсаған әскері 1236 жылы Кама өзені бойындағы Булгарияны, Мардваларды талқандап, 1237 – 1240 жылдары орыс жеріне келді. Орыс халқы моңғол басқыншыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Рязань, Москва, Владимир түбінде монгол әскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монгодарға жан аямай қарсылық көрсетті. Бірақ сан жағынан әлдеқайда көп монгодар қаланы басып алып, оны жермен жексен етті. 1239 жылдың басында моңғол әскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан Руське қарсы екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып моңғолдар Переяславль қаласын, одан кейін Чернигов жеріндегі Глух қаласын алды. 1239 жылғы қазан айында олар Чернигов қаласын қоршауға алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Батый әскерлері Киевті қоршады. Киев халқы ұзақ уақыт қаланың сыртында, тіпті моңғолдар қала ішке басып кіргеннен кейін де қарсылығын тоқтатпады. Олар түгелімен дерлік қырғынға ұшырады. Аса бай мәдениет ескерткіштері бар ертеден келе жатқан орыс қаласы тағылықпен талқандалды. Онан соң, моңғол армиясы батыс Европаға үздіксіз ілгерілеп, Польшаны, Германияны, Австрианы, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, т. б. ойрандап, Еділ бойына қайта оралды. Жеті жылдық жорық (1236 – 1242 жж.) нәтижесінде батыста Днестрге, шығыста Ертіске, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейінгі жерлер Батыйдың қоластына кірді. Батый иеліктерінің құрамында Оңтүстік шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төмен жағындағы жерлер енді. Орыс княздіктері де (Русь) Батыйға тәуелді бодан (вассал) болды. Орыс княздары Алтын ордаға кіріптар екенін мойындап, оның хандарының қолынан « кіняздік құруға жарлық» алады. Алым – салық төлейді, бірақ толық болмаса да дербестігін сақтап қалады. Алтын Орда (1236 – 1242 жж.). Жеті жылдық жорықтан орналған кейін Батый орталығы төменгі Еділде орналасқан 1242 жылы (1243 ж.) тарихи әдебиетте Алтын Орда деген атқа ие болған зор мемлекет құрды. Алтын Орданың астанасы Сарай – Бату (қазіргі Астрахань маңында) болды, кейінірек астанасы Сарай – Беркеге көшірілді. «Алтын Орда» ұғымы біртекті емес бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның Мирасқоры Беркенің жеке иелігіндегі жерлерді, яғни Еділ бойы мен Солтүстік Кавказды айтқан, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады. Батый (1227 – 1255-56 жж.) зор беделге ие болды және моңғол империясын өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен (1251-1259 жж.) бірге биледі. Алайда Батый да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады. Жошы ұлысы үлестерге оның көптеген ұлдарына ыдырады. Батый хан Шығыс Европаға жасаған жеті жылдық (1236-1242 жж.) жорығынан кейін Арал теңізінің Шығыс Солтүстігі жағындағы жерлерді ағасы Орда – Еженге берді. Бұл Ақ Орда деп аталды. Арал теңізінің солтүстігіндегі жерлерді інісі Шайбанға берді, ол Көк Орда деп аталды. Шайбанға қарасты төрт ру ел: қосшы, найман, бұйрат, қарлық тайпалары еді («Әл-Омари «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы», 1т., 235 бет.) Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, т.б. тайпалар мекендеді. Дешті – Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойында қоңыс аударған моңғолдар аз болған жоқ. Олар жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті. Алтын Орда өзін билеген хандары: Батый 1242 – 1256 (1259) жж., Берке 1257-1266 жж., Мөңке-Темір 1266-1280 жж., Туда Мөңке 1280-1287 жж., Төле Бұқа 1287-1291 жж., Тоқты 1291-1312 жж., Өзбек 1312-1342 жж., Жәнібек 1342-1357 жж. тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Батый моңғолдарға ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастаған Алтын Орда хандары өздерін тәуелсіз деп есептеді. Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды. Алтын Орда хандығы феодалдық мемлекет болды, ол берік мемлекеттік бірлестік болмады. Оның халқы ала-құла, әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әркелкі, экономикалық негізі әлсіз еді. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі –сыртқы қатынастар асқына түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен соң, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасында хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алып, бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін мүлдем әлсіретті. Оның үстіне Алтын Орда үстемдігі астында езілген қалың бұқара мен тәуелді халықтардың азаттық күресі етек алады. 1380 жылы Куликов даласындағы зор шайқаста Алтын Орданың Мамай бастаған қалың қолын орыс князьдерінің жеңуі Алтын Орданың құлауын тездетті. XIV ғ. аяқ шенінде, яғни 1391 – 1395 жылдары Ақсақ Темір Алтын Ордаға бас көтертпестей етіп екі рет күйрете соққы берді. Осыдан соң ол бірте – бірте ыдырай бастады. XV ғасырдың басында Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы Алтын Орданы одан әрі қажытты. XV ғ бірінші жартысында онан бұлғарлар, казан (1445 жылы) мен Қырым (1449 жылы) бөлініп шықты. XV ғ ортасына қарай Астрахань, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды. 1480 жылы орыс князьдіктері моңғолдардан толық тәуелсіздік алды. Қорытып айтқанда, езілген халықтардың моңғолдарға қарсы үздіксіз күресі, Алтын Ордаға қараған елдердің ішкі экономикалық байланысының болмауы, олардың арасындағы қайшылықтар мен феодалдық тартыстар, хан тағына таласқан күрестер, сыртқы соғыстар салдарынан, Алтын Орда мемлекеті бірте–бірте ыдырап, ақырында құлады. Скачать |