Аңырақай шайқасы
Аңырақай шайқасыАңырақай шайқасы 1729 жылдың мамыр-маусымы, кейбір деректерде 1730 жылы біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі. Болат ханның бастауымен үш жүз хандары (Жолбарыс, Сәмеке, Әбілқайыр), билер (Төле, Қазыбек, Ақсуат), сұлтандар, батырлар қатысқан Ордабасы жиынында (1726) бүкіл қазақ қолының бірігуі (бас қолбасшылыққа Әбілқайыр хан сайланған) жауға қарсы бірыңғай стратегиялық шабуылға шығуға мүмкіндік туғызады. Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылдан бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы Севан Рабдан өліп, оның ұлы Қалдан Серен (Цэрен) билікке келген (1727). 1723 жылдан бастап еліміздің Шығысы мен Жетісуды, Оңтүстігін, Сырдарияның орта ағысына дейінгі өңірді басып алған жоңғарлар енді қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды. Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хан тауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталады) жиналды. Бұл таулардың бауырында “Үлкен Орда қонған” деген жер атаулары күні бүгінге дейін сақталған. Шайқас солтүстік Балқаш, оңтүстік Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы беделді жерлерде өткендігін бұл өңірде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді. Бұл қорымдар КСРО Бас штабының 1942 жылғы құпия карталарында көрсетілген. Аңырақай аталатын да – осы өңір. Шамамен көктемде басталып, жаз айларына ұласқан (40-45 күн) майданда біртіндеп басым түсе бастаған қазақтар Ит ішпестің Алакөлі (Балқаштың шығысындағы Алакөл емес) маңында ірі жеңіске жеткен. Балқаштан оңтүстікке қарай 120км жердегі бұл көл қазір Сорқұдық деп аталады. Үш жүз жасақтарының қимылын үйлестіру міндетін бас қолбасшы Әбілқайыр жүзеге асырды. Аңырақай шайқасы алғашқыда позициялық, күштерді барлау соғысы болды. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып, жауын аз шығынмен көп қыруға тырысып бақты. Қалмақ жағының қару-жарағы басым еді. Мылтықпен бірге өздерінде құйылған, Ресейден сатып алынған әр түрлі қашықтыққа атқылайтын зеңбіректері де болды. Қазақтар бұл кезде зеңбірекке қарсы ұрыс тәсілдерін меңгергендігін байқатты. Көптеген қазақ батырлары соғыс өнерін жетік білетіндігін көрсетті. “Ай қорланды”, “Құйрық жеу”, “Ашамай”, т.б. қазақтың байырғы ұрыс-тәсілдерін кеңінен қолданды. Ұлы жүз қолын Жолбарыс хан мен Төле би, бұл қолдың құрамындағы дулат тайпасының әр руының қолын: сиқым Қара батыр (Төле бидің күйеу баласы), жаныс Өтеген, ботбай Сәмен, шымыр Қойгелді, ошақтыларды Саңырық, ыстыны Төлек, шапыраштыны Қазыбек бек, албандарды Хангелді батырлар бастады. Орта жүз қолын қанжығалы Бөгенбай, шақшақ Жәнібек, керей Жәнібек, қыпшақ Тілеулі, қаракерей Қабанбай, абақ керей Жауғашар (Шақантай), кіші жүз қолын тама Есет, шекті Тайлақ, т.б. батырлар басқарып, үлкен ерлік көрсетті. Қазақ садақшыларының жеке жасағын ошақты Саурық батыр басқарды. Кейбір деректерде болашақ ұлы хан шамамен 17-20 жасар Әбілмансұрдың (Абылайдың) жауға “Абылайлап” шапқаны осы шайқас деп көрсетіледі, сіргелі Елшібек батырдың өз тобымен жау зеңбіректерін жарып жібергендігі айтылады. Сонымен Аңырақай шайқасының тарихтағы алатын орны мен атқарған маңызын 1723-1728 жылдардағы қазақ-жоңғар қатынастарының сипатынан көреміз. 1723 жылы көктемдегі жоңғарлардың тосыннан жасаған соққысы қазақтар үшін аса ауыр болған. ХVІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынастары шеңберіндегі жорықтар, негізінен, тонаушылық, олжа түсіру сипатында болса, 1723 жылғы жорық басқыншылық сипатта, яғни қазақ халқының этникалық территориясын жаулап алу сипатында өрбиді. Аңырақай шайқасының маңыздылығы да осында. Қазақтардан тегеурінді қарсылық кездестірмеген жоңғар әскерлері 1723-1725 жылдары Ұлы жүзді, Орта жүздің бірталай бөлігін жаулап алды. Осы бір 3-4 жыл ішіндегі оқиғалардың өте ауыр болғандығы сондай – халықтың тарихи санасында бұл “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атпен, “Елім-ай” деген әрбір сөзінен мұң мен зар шығып тұрған өлең арқылы есте қалады. Сөйтіп аталған шайқастан соң қазақ-жоңғар қатынасында жаңа кезең басталады да, ол кезең басқа белгілермен, өзгеше ерекшеліктермен сипатталды. Осылайша, Аңырақай шайқасы – 1723-1729 жылдардағы қазақ-жоңғар қатынасының бір кезеңінде түбегейлі бетбұрыс әкелген және туған жерді жау қолынан азат етуге жол ашқан Ұлы жеңіс болды. Аңырақай шайқасының қазақ тарихындағы алатын орны мен маңызы осында болса керек. Аңырақайдағы жеңіс – қазақ халқының бірлігінің жеңісі. Ғасырлар бойы тарихи дамумен бірге халықтың қаны мен жанында қалыптасып, сонымен бірге жасаған ұлттық сана-сезім өзінің күйзеліске түсуіне, дағдарысқа ұшырауына, бөлшектенуіне жол бермеді. Көзге көрінбейтін, тек қана сезіну арқылы біле алатын бұл күш – халық бірлігінің сақталуына мүмкіндік туғызады. Ендеше Аңырақай шайқасы – қазақ тарихында, оның ішінде ХVІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қатынасы тарихында түбегейлі бетбұрыс әкелген, елді азат етуге жол ашқан Ұлы Жеңіс болды. Сонымен бірге бұл оқиға – ұлттық тұтастықты сақтап қалған, ұлттық сана-сезімді бір саты жоғары көтерген, қазақ әскери өнері жетістігінің, қазақ ынтымағының көрінісі болған, қасаң тарихи тұжырымдамаларға негіз қалайтын, қазақ халқына тәрбие құралы болған және бола беретін шайқас деп санаймыз. Скачать |