Ақ Орда ұлысы


Ақ Орда ұлысы

 

Кезінде Жошының үлкен ұлы Еженге мұрагерлік үлес ретінде берілген Жошы ұлысының сол қанатының Ақ Орда аталғанын бүгінгі күні зерттеушілердің басым бөлігі мойындады. Бұл ұлыстың орналасқан аймағы бүгінгі Орталық және Шығыс Қазақстан аймағымен толық сәйкес келетіндіктен, тарихи әдебиетте соңғы жылдары қазақ мемлекеттігін осы Ақ Орда тарихынан бастау туралы ұсыныстар жиі айтылуда. Мұның өзі негізсіз емес екендігін Ақ Орда тарихына қысқаша шолулар жасағанда толық аңғаруға болады. Алдын ала айтарымыз, Жошы ұлысын біртұтас мемлекет ретінде ұзақ жылдар билеген Өзбек хан 1342 жылға дейін Ақ Орданың тәуелсіз ұлыс болуына мүмкіндік бере қойған жоқ. Ол бұл тұста, шын мәнінде, автономиялық құрылым ретінде өмір сүрді. Алайда Өзбек қайтыс болған соң Алтын Орданы (Жошы ұлысын) билеген Бату тұқымы өзара таққа таласып, ақырында олардан билікті Жошының Еженнен тараған тұқымы тартып алды. Олардың арасында Орыс хан аса беделді тарихи тұлға ретінде көзге түсті. Ол 1361 жылы Ақ Орданың тағына отыр­ды. Батыстағы Алтын Ордада осы тұста Бердібек ханның қайтыс болуы оның саяси жағдайын күшейте түсті. Тарихта оның билікті қолға алған бетте сегіз жылға жуық уақыт Сыр бойындағы мемлекет үшін зор маңызы бар қалаларды және кезінде Ақ Ордаға астана болған Сығанақ қаласын өзіне қайта бағындырғаны белгілі. 1372 жылға дейін оған Арал теңізі аймағындағы және Маңғыстау өңіріндегі рулар мен тайпалар да бағынды. Бұл аймақта байырғы Қаратүргештер одағынан бөлінген қаралардың (қаракесектердің, қарасақалдардың, төртқаралардың) және кезінде Қытайға қарсы күресте үлкен белсенділік танытып, Түргеш қағанаты құрамында өмір сүрген жауынгер тайпа Шөмекендердің (Шөмекейлердің) бас июі Орыс ханды күшейте түсті. Енді алда қаратабындар мен тамаларды, сондай-ақ Маңғыстау өңіріндегі ежелгі Дайлардың және VІІІ-ІХ ғасырларда шығыстан келіп, Арал маңын жайлаған Оғыздардың басты тайпалары Қынықтардың, Кайилардың және Баяттардың біріккен этникалық одақтастығы негізінде қалыптасқан адай руларын бағындыру мәселесі Орыс ханның негізгі жоспарына айналды. Егер кезінде шығыстағы манчжұртілдес Қидандардың қысымымен Орхон бойындағы Байшы (Байси) тайпалық бірлестігінен бөліне көшіп, Жайық өңіріне қоныстанған Алшын одағының Бай рулары және Беріш тайпалық бірлестігіне кіретін рулар қолдар болса, Орыс ханның түпкі мақсаты – Алтын Орда тағын иемдену әбден мүмкін нәрсеге айналатын еді. Сұңғыла стратег Орыс хан мұны жақсы түсінді. Алайда оның мұндай үлкен амбициясына Маңғыстау билеушісі, адайлар мен табындардың көсеміне айналған, Жошының тоқалынан туған Тоқай темірдің ұрпағы Тойқожа оғлан (болашақ Алтын Орда ханы Тоқтамыс ханның әкесі) қарсы шықты. Үлкен мақсатты орындауда ымыраға келе қоймайтын Орыс хан оны көп ойланбастан өлім жазасына кесті және осы қатал шешім оның батысқа бағытталған жорығына да жол ашты. 1374 жылға дейін Жайық өңірін түгелдей өзіне бағындырған Орыс хан алғаш Сарайшықты, одан соң көп кешікпей сарайдың өзін басып алып, Алтын Орда тағына отырды. Сарай бұл тұста Бату тұқымдарының таққа таласқан өзара ішкі қырқыстарынан әбден әлсіреп отыр еді. Сондықтан да мұндағылар Орыс ханға тегеурінді қарсылық көрсете алмады. Осында жаңа хан көп кешікпей-ақ өзінің атынан теңге соқтырды. Алайда Орыс ханның Алтын Орда мен Ақ Орданы біріктіруді көздеген әрекеті Мәуренахрда билікті қолға алып, күшейген Әмір-Темірге ұнай қоймады. Моғолстан өңірін өзіне қосып, байырғы Шағатай ұлысын емін-еркін билеп-төстеу Әмір-Темірдің басты мақсаттарының бірі еді. Көршілер әлсіз болғанда ғана өзі құрған мемлекеттің қуатты да берік болатынын ол жақсы түсінді. Сондықтан ол Ақ Орданы күйрету жолын іздестіре бастады. Осындайда «іздегенге – сұраған» дегендей, әкесі өлген соң Орыс ханның Ордасында амалсыз тұрып жатқан Тойқожа оғланның баласы Тоқтамыс Әмір-Темірге қашып келді. Низам-ад-дин Шамидің айтуынша, Әмір-Темір оны Жошы ханның тұқымы ретінде аса қошеметтеп, үлкен сый-сияпатпен қарсы алды. Әмір-Темір Тоқтамысты Орыс ханға қарсы қоюға бірден-бір лайық және таптырмас тұлға ретінде тани білді. Сондықтан Тоқтамысты өзімен бірге Самарқандқа ертіп барып, оны көтермелеп, басқа тартулармен бірге оған Отырар және Сауран аймақтарын бөліп берді. Содан кейін оны көп әскермен Ақ Ордаға қарсы аттандырды. Тоқтамысқа сыйға тартылған аймақтар, шын мәнінде, Ақ Ордаға қарайтын еді. Сондықтан Ақ Орданың ұлысбегілері мен тайпа басшылары Орыс хан бұл кезде Алтын Орданы бағындыру жорығында жүрсе де, бұған бей-жай қарап, әрекетсіз отыра алмады. Олар Орыс ханның Ақ Ордадағы орнында қалған баласы Құтлық Бұғаға қалың әскер жинап берді. Тоқтамысқа қарсы ұрыс 1374 жылы жаз айында болды. Бұған Ақ Орда жағынан, негізінен, наймандардан, дулаттардан, албандардан, қаракесектер мен шөмекейлерден, қоңыраттардан және түркіленген моңғол руларынан құралған әскер аттанды. Қантөгіс кезінде қолды бастап шыққан Құтлық Бұға садақ оғынан ауыр жараланып, қаза тапты. Бірақ Ақ Орда әскерлерінің жауынгерлік рухы төмендеген жоқ, олар Тоқтамыспен жанқиярлық шайқасқа барып, ақырында оны қуып шықты. Сағы сынып, өзін паналап қашып келген Тоқтамысқа Әмір-Темір қайта қолдау көрсетті. Оны бұрынғыдан да қошеметтеп, оған тағы да қалың қол жасақтап беріп, жауға қайта аттандырып салды. Бұл жолы Тоқтамысқа қарсы Орыс ханның келесі ұлы Тоқтақия қол бастап шықты. Алайда Тоқтамыс тағы да күйрей жеңіліп, оның соңынан ілескен әскерлердің көбісі Ақ Орда жағына шығып кетті. Жалғыз қалған Тоқтамыс ағысы қатты Сырдарияға қойып кетіп, әрең дегенде қашып құтылды. Соңынан қуып келген Қараншы баһадүр садақпен атып, оны қолынан жаралады. Өзіне аса керек тарихи тұлға болғандықтан, Әмір-Темір Тоқтамысты іздеуге Едігені аттандырды. Ол жараланған Тоқтамысты қопа қамысты жағалаудан тауып әкелді. Жанталаса шапқан жаушы арқылы күрделі жағдайдан құлақтанған Орыс хан Ақ Ордаға қайта оралып, өзінің екі елшісін – Кепек маңғытты және Тұтылжанды Әмір-Темірге аттандырды. Орыс хан Әмір-Темірге өзінің ұлын өлтірген Тоқтамысты қайтаруды және бұлай болмаған жағдайда соғысатын жерді белгілеуді талап етті. Әмір-Темір көп ойланып жатпай, өзінің соғысуға әзір екендігін мәлімдеді. Осылайша, 1376 жылдың қысында Әмір-Темір қалың әскермен Отырарға келген кезде, бүкіл Жошы ұлысынан әскер жинаған Орыс хан Сығанаққа келіп тұрды. Алайда қарама-қарсы тұрған әскерлердің ұрысты бастауларына ауа райының күрт өзгеруі кедергі жасады. Күн бұзылып, қар аралас жаңбыр жауып, адамдар қатты тоңды. Осыған байланысты Әмір-Темір Орыс хан әскерлерін айналып өтіп, оның тылындағы халықты тонап, қайтып кетті. Әрине, ол өзінің бұл әрекетіне қанағаттана қойған жоқ. Сондықтан 1377 жылы көктемде Әмір-Темір Орыс ханға қарсы жаңа жорыққа аттанды. Бірақ Орыс ханның кенеттен қайтыс болуы бұл жорықты тоқтатып тастады. Муин-ад-дин Натанзидің айтуынша, Орыс хан табиғи өлімнен қайтыс болған. Ал енді Өтеміс қажының «Чингизнамесінде» Орыс хан Тоқтамысты қуғындаған жорық үстінде қайтыс болғаны айтылады. Біздіңше, алғашқысы шындыққа жақын. Екінші деректе Орыс ханның балаларына қатысты мәлімет шатастырылып берілген сияқты. Орыс ханның орнына таққа отырған үлкен ұлы Тоқтақия да көп кешікпей дүниеден өтті. Енді Ақ Орда тағына Мұхаммедханның баласы Темір бек отырды. Ол ішкілікке салынған маскүнем адам болғандықтан, Ақ Орданың басты тайпалары одан безіп, жергілікті арғын, қыпшақ, қоңырат, жалайыр тайпаларының бектері хан тағына Жошы тұқымы Тоқтамысты шақырды. 1378 жылы Әмір Темірдің арнайы аттандырған бірнеше бектері Тоқтамысты Ақ Орданың астанасы Сығанақта таққа отырғызды. Бұл кезде Қараталда қыстап жатқан Темір-мәліктің шұғыл түрде әскер жинап, асығыс аттанған жорығы сәтсіздікке ұшырады. Билікке келген Тоқтамыс Ақ Орда тағын иемденумен шектелмей, енді Алтын Орда тағын басып алуды ойластыра бастады. Өйткені бұрыннан қалыптасқан дәстүр бойынша Алтын Орданы иемденбей, оның, шын мәнінде, шығыс бөлігі ғана болып есептелетін Ақ Орда тағында орнықты отыру мүмкін емес еді. Осылайша, Жошы ұлысы тарихында жаңа кезең – мемлекеттің дербестене бастаған екі қанатын қайта біріктіру және осы негізде біртұтас мемлекетті қалпына келтіру әрекеті басталды. Мұндай саясаттың бастауында енді, қуатты Әмір Темір мен жергілікті бектердің қолдауына сүйенген Тоқтамыс хан тұрды.

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор

 


Скачать