АСТАНА


АСТАНА

 

Бүгінде жас қазақ мемлекетінің астанасы ретінде әлемді тамсандырып отырған Астана қаласы жайлы деректер көп. Ол Есіл өзенінің оң жағасындағы жазық жерге орналасқан және Есіл өзенінің көшкен ел аттылы-жаяу өте беретін бұл тайыздау жерін Сарыарқа қазақтары Қараөткел деп атаған.

Ақмола қаласының негізі 1830 жылы қаланды. Оның атауы 13-14 ғасырларда тұрғызылған ақ күмбезді бейітке байланысты туған. Әуелде Ақмола әскери бекініс болған, кейіннен, 1862 жылы, сол жерге қала мәртебесі берілген. 1863 жылы Ақмола округ, 1868 жылы уезд орталығына айналды. Қала Орта Азия, Сібір, Орал өңірлерін жалғастыратын керуен жолында орналасқандықтан, жедел дамып, қазақ даласындағы ірі әкімшілік, сауда, шаруашылық және мәдени орталыққа айналды. 1914 жылы қалада 3 кірпіш, 4 май өңдеу, 2 тері илеу, 1 сыра қайнату зауыттары, қасапхана, 20 шеберхана жұмыс істеді.  Мәдени-ағарту орындарынан 1 реалдық, 3 жалпы білім беретін училище, ауыл шаруашылығы мектебі, медресе, 2 кітапхана болды. Қала тұрғындарының саны 1914 жылы 15 мыңға жетті.

Кеңес дәуірінде де Ақмола Орталық Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінде үлкен орын алды. 1929 жылы қалаға алғашқы поезд келді. 1950 жылы қалада 58 өнеркәсіп орны жұмыс істеді. 1954 жылы 5 наурызда Ақмолаға тың игерушілер тиелген алғашқы эшалондар келіп тоқтады. 1956 жылы 26 желтоқсанда Тың өлкесі құрылып, Ақмола оның орталығы болды. Қаланың аты 1961 жылы 20 наурызда Целиноград болып өзгертілді. Қалада алғашқы жоғары оқу орындары – ауыл шаруашылығы институты, пединститут, инженер-құрылыс институттары ашылды. 1960-80 жылдары қалада 30 жобалау және ғылыми-зерттеу институттары ашылды. 1965 жылы Тың өлкесі таратылып, 1994 жылы қалаға ежелгі Ақмола аты қайтарылды.

Ақмоланың геосаяси тұрғыдан тиімді орналасуы, өнеркәсіптік әлеуеті, құрылыс индустриясын дамытуға қажетті базасының болуы және ірі тасымал торабына орналасуы ескеріліп, 1994 жылы ҚР Жоғары Кеңесі және 1996 жылы 6 шілдедегі Министрлер кабинеті ҚР-ның астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулылар қабылдады. 1997 жылы 20 қазанда Н.Ә.Назарбаев «Ақмола қаласын ҚР-ның астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1998 жылы 6 мамырда Елбасының жарлығымен ҚР астанасы – Астана қаласы болып аталды, ал 20 мамырда «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» ҚР-ның Заңы қабылданды. Осы жылға 10 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа Астанасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Астана қаласы 2 ауданға – Сарыарқа және Алматы аудандарына бөлінеді.

 


Скачать