Ассамблея мүшелерімен жүздесті
Ассамблея мүшелерімен жүздесті17 сәуірде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) мүшелерін қабылдады, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Қабылдауға Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобров, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Юрий Тимощенко, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған Мәжіліс депутаттары және «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері қатысты. Кездесуде Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі. Ең алдымен сіздерді Қазақстанның жоғары заң шығарушы органына келулеріңізбен шын жүректен құттықтап, Қазақстан халқының Ассамблеясы сияқты аса маңызды және барлық этностарды топтастырушы институттың өкілдерімен кездесудің сәті түскеніне ризашылығымды білдіргім келеді, деді сөзінің басында О.Мұхамеджанов. Содан кейін Төраға бұл кездесудің Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда ғана болып өткен сайлаудағы тамаша жеңісінің ізін ала өтіп отырғанының ерекше мәні бар екеніне назар аударды. Экономикасы серпінді дамушы және халықаралық беделі жоғары жас мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына Нұрсұлтан Әбішұлының жеке үлесі қазақстандықтардың лайықты бағасына ие болды. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы, шынымен де, таңғалдырарлық. Бір ғана мысал, ІЖӨ 1994 жылмен салыстырғанда 2011 жылы 12 есе өсті, яғни жан басына шаққанда 700 АҚШ долларынан 9 мың АҚШ долларына жетті, немесе 13 есе артты. Жүргізілген талдау тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылы ішінде бірде-бір ел мұндай таңғаларлық нәтижелерге қол жеткізе алмағанын көрсетеді. Азияның өзіміз жиі айтатын жедел дамыған елдерінің бірі – Сингапур тәуелсіздігінің алғашқы 20 жылы ішінде өзінің ішкі жалпы өнімінің көлемін 4 есе ғана ұлғайта алды. Ел экономикасына 122 миллиард доллардан астам шетел инвестициясы тартылды, деді Орал Байғонысұлы. Төраға сөзін елімізде шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамуда, бүгінгі күні 2,5 миллионнан астам қазақстандық осы салада жұмыс істейді, деп жалғастырды. Ал мемлекет оларға қолайлы жағдай жасау үшін мүмкін болғанның бәрін жасауда. Соның нәтижесінде шағын және орта кәсіпорындар шығаратын өнім көлемі еліміздегі ішкі жалпы өнімнің жиынтық көлемінің 32%-ына жетіп отыр. Бүкіләлемдік банктің 2010 жылғы баяндамасында біздің еліміз бизнестің мүдделері жолында реформалар жасау жөнінен көшбасшы деп танылды. Әлеуметтік саланың дамуына үлкен мән беріліп отыр. Өткен он жылдың өзінде еліміздегі орташа жалақы 5,5 есе өсті. Бұған қоса үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақылардың мөлшері 30% арттырылды, ал екінші жартыжылдықтан бастап шәкіртақылар және бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы осындай мөлшерге арттырылатын болады. О.Мұхамеджанов сондай-ақ еліміздегі тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы жетістіктерге тоқталып, беделді халықаралық ұйымдарға табысты төрағалық еткенімізді, етіп отырғанымызды және ететінімізді атап көрсетті. Қазіргі кезде елімізде Қазақстан қоғамында басым болып отырған саяси көзқарастардың түгелін дерлік білдіретін 10 саяси партия жұмыс істейтінін, 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар тіркелгенін, бұқаралық ақпарат құралдарының да жедел дамып отырғанын көлденең тартты. Сайлау нәтижелері Қазақстан халқының бірлігін, сондай-ақ келісім, тұрақтылық және тағаттылық негіз болған іргелі құндылықтарымызға халықтың адал екендігін де көз жеткізе дәлелдегеніне екпін түсірді. Осының бәрі қоғамда этносаралық және конфессияаралық келісім орнату жөніндегі бірегей үлгіні жасап, ойдағыдай жүзеге асыра алған Нұрсұлтан Назарбаевтың дана әрі ойластырылған саясатының нәтижесі десек, асыра айтқандық болмайды, деді Төраға. Сонымен қатар, бірлікке, түсіністікке негіз болып отырған алғышарттар туралы кеңінен әңгімеледі. Парламенттің «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң жобасын қабылдағанын айрықша атап өте келіп, жалпы заң шығармашылық жұмыс, «Нұр Отан» фракциясының қызметі жайында жан-жақты мағлұмат ұсынды. О.Мұхамеджанов сөзінің соңында кездесудің еліміз тарихының аса маңызды кезеңінде өтіп жатқанын – Тәуелсіздігіміздің жиырмасыншы жылына аяқ басқанымызды айтты. Бұл жылдардың оңай болмағанын, сондықтан да бүгінгі күні қол жеткізген табыстарымыз үшін мақтануға толық құқымыз бар екенін айрықша атады. Әрине, тоқмейілсуден аулақпыз, өйткені алда әлі талай жұмыстар күтіп тұрғанын білеміз. Сіздерге Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясының жұмысында табыс тілеймін және Ассамблея мен Парламент Мәжілісі арасындағы жемісті ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға сенім артамын, деді Төраға. «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН»Сейсенбі, 19 Сәуір, 2011 http://www.parlam.kz/3/mazhilis/news-details/id43/7/1 Скачать |