Алғашқы қазақ мұнайшылары және ағайынды нобельдер
Алғашқы қазақ мұнайшылары және ағайынды нобельдерАдамзат баласы, қазақтар мұнаймен қашаннан таныс, қалай пайдалана бастады? Тарихи деректерге назар аударсақ Таяу Шығыс елдері тұрғындары осыдан 6000 жылдай бұрын мұнайды қару-жарақ жасауға, құрылыс материалдарын (битум, асфальт) дайындауға пайдалана бастаған. Кейін б.д.д. 347 жылдары Қытай бамбук ағаштарын пайдаланып жер астынан мұнай өндіреді. Ал Каспий теңізіндегі, оның төңірегіндегі мұнай туралы мәліметтер жазба деректерге V ғасырларда енген. Олай болса жергілікті тұрғындардың оны көне заманнан-ақ мүмкіндігіне қарай пайдаланғаны белгілі болады. 1927 жылы Қазақстан мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен, қазақ жастарына арналған алғашқы «Мұнай» атты оқулығында С.Шарипов: «Орал-Жем аймағындағы мұнай 40-50 жылдан бері ізделген. Одан арғы жерде де, сондағы тұрғын қазақтар мұнайдың бар екендігін білген, керегінше пайдаланған. Құдық қазып, не болмаса жердің не судың үстіне шығып жатқан мұнайды алып жұмсаған. Ол мұнаймен қазақ кәсіп қылмаған. Түйенің қотырына, адамның іші ауырғанда, болмаса қотыр болғанда ем қылып, сондайға ғана жұмсаған. Оның отын орнына жарайтынын білмеген, жағып пайдаланбаған. Сол қазақтар мұнайдың атын «мұнай» деп қойған», – деп анықтаған-ды. Мұрағат қорларынан табылған құжатта «Орал облысындағы ең алғашқы белгілі болған мұнайлы мекен Мәтен Қожа Май болатын. Ол Ойыл өзеніне жақын, Бүйрек, Тайсойған құмдарының ортасында, Калмыковск станциясынан 100 шақырым жерде. Мекен ХІХ ғасыр басында өмір сүрген молда Мәтен атымен аталған. Мәтен молда осы кезеңде қазақтарға мұнайдың емдік қасиеттерін пайдалануды үйреткен» (ҚРОМА 916 қ., 1 т., 91-іс 8-п.; Мұқтар Ә.Қ. Қазақ мұнайының тарихы. – Алматы: Өлке, 2006. – 25б.). ХIХ ғасырда өмір сүрген Мұрат Мөңкеұлы: Еділдің бойы қанды қиян Жайықтың бойы шаңды қиян Маңқыстаудың бойы майлы қиян, – деп жырлаған екен. Олай болса қазақтар да мұнаймен ертеден таныс. Сайын даладағы мыңғырған төрт түлік малына сенген ата-бабамыз дегенмен мұнайды игеріп, кәсіп қылуға асықпады… Қазақ мұнайының аты ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ іскер кәсіпкерлерге белгілі болды. Көп ұзамай Жайық-Жем ауданына Ресейдің зерттеуші ғалымдары келе бастады. Оған белгілі дәрежеде мұнай саласындағы жаңалықтар: 1849 жылы канадалық геолог Абрахам Геснердің керосинді өндіріске енгізуі, 1859 жылы АҚШ-та мұнай өндіріліп, алғашқы скважиналардың бұрғылануы оң ықпал етті. Бір сөзбен нақ осы 1859 жыл дүние жүзінде мұнайдың өндіріске айналған жылы ретінде қабылданған. Мұның өзі Каспий аймағын екпінді зерттеуге әсерін тигізді. Зерттеушілер Н.Северцев, И.Борисов 1857 жылы, П.С. Паллас 1863 жылы, Д.Кирпичников 1874 жылы, Новаковский 1886 жылы қазақ даласында болып, Мәтенқожа, Доссор, Ескене, Қарашүнгіл және басқа мекендерде мұнайдың барлығын анықтағанымен, табиғат жағдайының қиындығын алға тартып, мұнайды игеруге болатындығына күмән келтірген (ҚРОМА 1479 қ., 2 т., 711-іс, 14-15 пп.). 1890 жылы Түркістанға темір жол салу мәселесі күн тәртібіне шыққан кезеңде Жайық-Жем аралығын қайта зерттеу басталды. Содан 1892 жылы Ресей-Орал темір жолы Никитиннің басшылығымен жер қыртысына барлау жүргізіп, оны Доссор, Ескене, Қарашүнгілде қолмен 7-9 метрге дейін қазып тексерген. Осы жылы Соль-Илецк адвокаты Ю. Лебедев патша үкіметінен алғаш рет Құнқұлақ сор мекенін арнайы зерттеуге рұқсат алған. Мұндай рұқсат 1892 жылы Доссорға, 1894 жылы Қарашүнгілге де берілді. Ю.Лебедев 1893 жылы өз рұқсатын Н.Н.Леман, Доппельмаер және Грум-Гржимайлоға сатты. Ал олар іздестіру және барлау құқығын ала отырып,1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрды. Cөйтіп, қазақ жерін зерттейтін алғашқы мұнай мекемесі дүниеге келді. Н.Н. Леман құрған компанияға белгілі кен орындарының көпшілігі концессияға берілді. Сол кезеңде оған Орал облысының Гурьев, Калмыково уездерінің болысындағы кен орындары қарады. Осы жылы Гурьев қаласында компанияның сенімді өкілі басқаратын арнайы мекеме ашылды. Зерттеуші Л. Бердіғожиннің есебінше 1898 жылы мұнайды іздестіру барысындағы түрлі жұмыстарға 59 қазақ тартылған екен. Олар мұнай экспедицияларына жол бастаушы, керуен жұмысшысы, атшы, жүк тиеуші, күзетші, қара жұмысшы ретінде тіркелген. 1898 жылы Жылойда, Мұнайлыда, Қарашүнгілде, Ембіде, тағы басқа кәсіпшіліктерде Балымбеков Қошқар, Құдайбергенов Есжан, Шаудыров Шапқын, Баласов Шолпан, Адасов Көпесін, Сандықов Мұхаммед, Құмқаров Ізтілеу, Есмағамбетов Рысжан, Жұмыров Тыныс, Байназаров Мұхаррам, Зейнуллин Сейфолла, Ғұбайдуллин Нәрен, Биғалиев Ерім, Хамзин Мұртаза, Қожамбетов Меңдібай, Жайманов Ығылман, Құттыбаев Шоқты, Тайлақов Бал, Мырзабеков Омарбай, Құттыбаев, Құрманов Сатыбай, Илабаев Елеу, Айназаров Мыржық, Өсербаев Айтілеу, Өтебаев Мырзағали, Мәмбетов Ығжан, Наурызали Исатай, Сексенбаев Басарбай, Байдалиев Игілік, Бәлімбеков Шапақ, Құлжан Бұғызлан, Көзіров Жаңқабай, Шолпанов Төлеспай, Чаадуров Өтеп, Байымбетов Құрбан, Жұбатов Бекбай, Нысанов Аймаған, Сартымбай Төлешов, Ізбасар Күшбай, Мыржық Айназаров, Жұмағұл Әбілбасаров, Ізтөлеу Күмісбаев, Әбілбасаров Қашқынбай, Қабыл Қаражанов, Құлжанов Әлжан, Баймағамбетов Тілеулі, Жандыбаев Елікей, Жандыбаев Дүйсәлі, Жұқиев Кесікбай, Мұқанбетов Қотырбай, Құлжанов Нұрым, Шырдабаев Байділдә, Сатыбалдиев Сүйеу, Ахмадуллин Ғилман, Ысмағұлов Мұқан, Нысалы Коскендиев, Өтеп Шағыров, Сәрсенбаев Базарбай, Ағылман Жығылғанов есепте тұрды (Бердіғожин Л.Қазақстан мұнай-газ өндірісі саласы маман кадрлары. – Қызылорда, 2007. 46-б.). 1899 жылғы тамыз айының екінші жартысында Қазақстанға жаңа экспедиция аттанды. Оның құрамында белгілі ағартушы Н.Г. Чернышевскийдің баласы Михаил, әскери инженер В.К.Фельдт, инженер С.В.Трубецкой болды. Олар 24 қыркүйекте Индер көлінің жағалауына жақындап, Бай Мөңкеден өтіп, Грум-Гржимайло басқаратын Ембі-Закаспий бірлестігі орналасқан Қошқар көлге келіп тоқтаған. М.Н. Чернышевский өз күнделігінде мұнай іздеу 8 жыл бойына жүргізілгенімен нәтиже бермеді дей отыра, әзірше мұнайға ең бай жер Қарашүнгіл деп жазады. Сол сәтте ол жерде 6 скважина, 60 жұмысшы еңбек еткен. 1899 жылы 18 қарашада Қарашүнгілде 40 метрден алғашқы мұнай фонтаны атқылады. Сөйтіп, тәулігіне 12-25 тонна мұнай алына бастады. Н.Н. Леман қарауында еңбек еткен 89 адамның 40-ы қазақ болатын. Осында негізінен қара жұмысшылар легін құраған қандастарымыз арасында Көккөз Бегимов, Өтебай Баймағанбетов сол айда 5 сомның үстінде еңбек ақы тапқан (ҚРОМА 680-қ., 4-іс, 3-4-п.). Қазақтардың мұнай саласына тартылуы туралы 1929 жылы Мәскеу мұнай институтына инженер-геолог мамандығына түскен Нарен Имашев 1935 жылы өз қолымен толтырған өмірбаянында Қазан төңкерісіне дейін-ақ үш ағасының Мартөк, Итассай, Жосыдағы мұнай іздеу жұмыстарына қатысқандығын жазса (ҚРОМА 5-қ.,19-т., 597-іс, 125-п.), 1931 жылы Баку мұнай институтына түскен Сафи Өтебаев естелігінде 1916 жылы мұнай жұмысшыларымен алғаш рет Доссорда еңбек ететін ағалары Ғұсман, Қали арқылы танысқандығын алға тартады. Ал Түркімен-Адай болысындағы Тәңірберген ауылының қазағы Тілеулі Бимағамбетов 1912 жылы Доссор-Ракуша мұнай құбырына бақылаушы болып келісім шартқа отырған екен. Олай болса, қазақтар үшін мұнайды өнеркәсіптік игеру, оның барлық салаларына белсенді түрде қатысу күн тәртібіне уақыт талабымен шықты деп айта аламыз. Бірден мол байлыққа кенеле алмаған Н.Н. Леман 1907 жылы «қазақ даласы 300 жыл өтсе де екінші Баку бола алмайды» деген қорытындыға келіп, патша үкіметінен өз билігіндегі кен орындарын сатуға немесе қосымша капитал тарту үшін шетелдіктермен аралас қоғамдар құруға рұқсат сұрады. Ол алдымен ағылшын, кейін Швейцария синдикаттарымен келіссөз жүргізді. Оны Ресейдің қаржы министрі С.Ю.Витте қолдап: «Ресей қаржылай көмекті судағы қанттай қажет етеді», деп жар салды. 1908 жылы Н.Н.Леман И.И.Стахеевпен одақтасып, «Ембі-Каспий» қоғамын құрғанымен діттегеніне жете алмады. 1909 жылы 2 мамырда Гурьев-Ембі тұзды көлдерін бақылап отыратын маманның хабарына сенсек, Гурьев уезінде И.И.Стахеев қана мұнай іздестірумен шұғылданған екен. Оның қарамағында Ескенеде 69, Доссорда 31 адам еңбек еткен. Бақылаушы жұмысшылар жағдайының ерекше ауырлығын атап өтеді (ҚРОМА 678-қ., 1-т., 2-іс, 62-63-п). 1909 жылғы жағдайды саралаған Н.Н.Леман шетелдік азаматтарға мұнай іздестіруге беру құқығына ие болды. Мұнайлы ауданға бірден ағылшындар назар аударды. Олар Жайық-Ембі аралығына инженер-геологтарын жіберіп, Н.Н.Леманнан концессиялық құқықты сатып алды. 1910 жылы 22 желтоқсанда Н.Н.Леман Ұлыбритания азаматтары Эдвард Юм-Шведерь, Отто Листьпен бірлесіп, Жайық-Каспий мұнай қоғамын (УКНО) құрып, Гурьев қаласында арнайы кеңсе ашты. Қоғамға Орал облысының 9 болысындағы мұнай іздестіру жұмыстары 1912 жылдың 12 қарашасына дейін берілді. Қоғамның негізгі капиталы 3.500.000 сомға жетті (ҚРОМА 681-қ., 1-т.,13-іс, 15-17-п). Ал И.И. Стахеев болса өз жұмыстарын тоқтатып, қызметкерлерін Мәскеу, Қазан қалаларына жіберуге бұйрыққа қол қойып, көп мұнайдың жоқтығына сене бастады. Жұмыстарын жалғастырып жатқан Орал-Каспий қоғамында 1911 жылы 23 сәуірде Ескенеде 32, Доссорда 67, Мақатта 31 жұмысшы тіркелген. Міне, осы адамдар қазақ мұнайының бетбұрысты оқиғасына куә болды. 1911 жылы 29 сәуірде Доссорда басталған мұнай фонтанының хабары алысқа тарады. Фонтан 30 сағат бойы атқылап арты өртке ұласты. Доссор мұнайды Қарашүнгілден бірнеше есе көп бере бастады. Мұнда осы жылы жұмысқа атақты қазақ мұнайшыларының бірі Сабыр Зорбаев (1893-1970) орналасты. Кейін ол осы Доссор, Мақат, Ескене мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде жұмысшыдан директорға, басқарма директорының орынбасарына дейінгі еңбек жолдарынан өтті. Доссор кен орны ашылғаннан кейін қазақ мұнайына атақты Нобель ұрпақтары келді. Олардың Ресей империясындағы тарихы 1837 жылы Эммануил Нобельдің Стокгольмнен Санкт-Петербургке келуімен басталады. Кәсібін теңіз жарылғыштарын жасаудан бастаған ол кейін қару-жарақ шығаруға Скачать |