Әміре Қашаубаев (1888-1934)


Әміре Қашаубаев (1888-1934)

 

Әміре Қашаубаев – қазақтың атақты әншісі, актер, әрі музыканты. Туған жері Шығыс Қазақстан облысының Абыралы ауданына қарасты Дегелең туының алабы. Алматы қаласынан топырақ бұйырған. Шыққан тегі Орта жүз ішіндегі Тарақты руы. Кедей шаруа отбасында туып өскен. Әміре 12 жасқа толғанда әкесі Семей қаласына көшіп келеді. Жас Әміре Исабек деген байдың ат айдаушысы болып, еңбекке ерте араласады. Исабек жас әншісі жанына ертіп жүріп, той-жиындарында ән салғызады. Көп ұзамай Әміренің атақ-даңқы бүкіл Семей өңіріне жайылады. Атақты Қоянда жәрмеңкесіне барып, ел аралап ән салып, қараөткелдік Сәтмағамбет, Ғазиз Айтбаев, баянуылдық Жаяу Мұса, Қали Байжанов, керекулік Майра Уәлиқызы, қарқаралық Мәди Бәпиұлы сияқты арқалы әншілермен танысып, өнерін одан әрі шыңдай түседі. әміре 1921-24 жылдары Семейде құрылған қазақ жастарының ағарту ұйымы «Есаймаққа» мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түседі. 1924 жылы Семейде өткен өнерпаздар байқауында Қали Байжановпен бірге бас жүлдеге ие болады. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Кеңестерінің / съезі мен 1927 жылы Мәскеуде болған Кеңестердің І/ съезіне делегат ретінде қатысып, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсеткен.

1925 жылдың 26 маусымында осы концерт жайында «Правда» газеті «Керемет концерт. Маусымның шыңы. Керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев, өзбек биші-әншісі Тамара Ханум… шын мәнісіндегі халық артистері» деп жазды. 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік сән өнері көрмесіндегі этнографиялық концертте «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Қос балапан» т.б. әндері орындап, екінші орын алып, күміс медаль иемденеді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміре Қашаубаевтың сирек кездесетін талант екенін жазса, Сарбонна университетінің профессоры Перно фенографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.

Осылайша Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсетіп, қазақ елін танытқан тұңғыш әнші болды. 1927 жылы Мәскеу консерваториясында қазақ әндерін тамылжыта шырқады. Германияның Майндағы Франкфурт қаласындағы концертке қатысып, қазақтың халық әндерін тағы да әлемге паш етті. Әміре Қашаубаевтың әндері дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс т.б. тарапынанжоғары баға алған. А.В. Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, одан «Балқадиша», «Дударай», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы да басқа әндерін жазып алған. Оның әншілік өнерін, өнердің парқын терең түсінетін мамандар А.В. Луначарский, Г.Любимовтар және қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті өкілдері М. Әуезов, С. Сейфуллин, И. Байзақов, Ә. Марғұлан, Ж. Елебеков, А. Жұбанов пен Қ. Жандарбековтар жоғары бағалаған. 1925 жылы Әміренің орындауындағы фонографқа жазылып алған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Смет», «Дударай», «Бес Қарагер» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі Ж. Шәкәрімов тауып алып, олар техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірілді.

Әміре орындаған қазақтың классикалық әндері ол айтқан үлгі өнегімен орнығып, кейінгі әншілердің репертуарларында жалғасын тапты. Бұл ретте Ж. Елебеков, М. Ержанов, Ж. Кәрменов, Қ. Байбосынов, М. Ешекеев, Б. Тілеуханов сияқты жез таңдай әншілердің Әміре өнерін жалғастырушы лайықты ізбасарлар болғанын атап айтқан жөн. Ә. Қашаубаев 1926 жылы Қызылордада ашылған жаңа театр труппасына қабылданады. М. Әуезовтің «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде Қоскелді, Қойшы, Жарас, Ақын образдарын сомдаған. Өмірінің соңына дейін театрда әнші-әртіс болған. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысады. Ауыр сырқатқа ұшыраған әнші қыстан қайғылы қазаға ұшырады. Әміре Қашаубаев жөнінде жазылған бірнеше зерттеулер, көркем шығармалар жарыққа шықты. Ә.Қашаубаев атындағы республикалық жасәншілер байқауы өтіп тұрады. Семей қаласындағы облыстық филармония Ә. Қашаубаев атымен аталады.

Әміре Қашаубаев 1888 жылдың шілде айында туылған. Туған жері – Шығыс Қазақстан, қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, Қайнар селосында тұрған. Кедей шаруа жанұясында туып өскен. Қазақстан ұлттық театр өнерінің негізін салушылардың бірі. Өнер жолын 1917 жылы бастады. 1921-1924 жылдары Семейде құрылған Қазақ Совет жастарының ағарту ұйымы (Ес-аймаққа) мүше болып, әншілік өнерін шыңдай түсті. 1924 жылы осы қалада ұйымдастырылған халық өнерпаздарының байқауына (әншілер сайысына) қатысып, бас бәйгеге Байжановпен бірге ие болды. 1925 жылы Қызылордада өткен Қазақстан Советтерінің бесінші съезі мен 1927 жылы Москвада болған Советтердің төртінші съезіне делегат болып, әрі делегаттар үшін ұйымдастырылған концертке қатысты. 1925 жылы Париж қаласында өткен Бүкіл дүние жүзіне сән өнері көрмесінде «Ағаш аяқ», тағы басқа әндерді орындап, екі бәйгемен қоса, күміс медальды иеленді. Сөйтіп, Әміре Қашаубаев шет елде өнер көрсеткен тұңғыш қазақ әншісі болды. 1927 жылы сәуір айында Әміре Қашаубаев Москва консерваториясында қазақ әндерін астана көрермендері алдында тамылжыта шықады.

Сол жылы Германияның Майндағы Франкфурт қаласында өткен халықаралық музыкалық көрмеде өнер көрсетіп, тағы да қазақтың халық әндерін әлемге паш етті. Оның орындауындағы әндер сәнді ырғағымен, нәзік нақышымен, сазды әуенімен ерекшеленеді. А. В. Затаевич Әміре Қашаубаевтың әншілік өнерін өте жоғары бағалап, одан көптеген әндерді жазып алды. Әміре Қашаубаевтың орындауында 1925 жылы Москвада фонографқа жазылып алынған «Жалғыз арша», «Үш дос», «Ағаш аяқ», «Дударай», «Бесқарағай» әндерін 1974 жылы музыка зерттеушісі әрі музыкант Ж. Шәкәрімов тауып, оларды техникалық өңдеуден өткеннен кейін қайтадан күйтабаққа түсірді. 1925 жылы Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының алғашқы актерлерінің бірі болып қабылданады. Осы театрда 1926 жылы М. О. Әуезовтың «Еңлік-Кебек» трагедиясы алғаш қойылғанда Жапал ролінде ойнайды.

Кейіннен Қоскелді, қойшы, Жарас, Ақын (М. Әуезовтың «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал» және « Айман-Шолпанында») қария (М. Триггердің «Сүңгуір қайығында»), («Шайхана қожасы»), (Д.А.Фурмановтың «Бүліншілінде»), тағы да басқа әр алуан кейіпкерлердің образын жасады. 1933 жылға дейін театрда әнші-актер болған. Әміре Қашаубаев 1934 жылы музыкалық театрға (қазіргі опера және балет театры) ауысады. Әншінің өмірі мен творчестволық жолы туралы Шәкәрімовтың « Әміре» 1973 жылы, «Ән жұлдызы» 1978 жылы, «Әміре Қашаубаев» 1980 жылы, атты зерттеу еңбектері, Қ. Жармағамбетовтың «Әнші азамат» 1951 жылы және М. Тоқжігітовтың «Ән атасы — Әміре» 1972 жыл, кітаптары жарық көрді.

 


Скачать