ҮМБЕТЕЙ ТІЛЕУҰЛЫ (1706 — 1778 жж.)


ҮМБЕТЕЙ ТІЛЕУҰЛЫ (1706 — 1778 жж.)

 

Лекция мақсаты: Үмбетей жырау шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету.

 Жоспар:

  1. Үмбетей жырау Тілеуұлының (1706-1778 жж). өмірнамалық кезеңдері.
  2. Оның қазақ батырлары мен билерін жырларына қосуы.
  3. Жырау мұрасының поэтикалық құнарлылығы.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, халық даналығы айтқандай, Үмбетейдің жыраулық мектебінің түп қазығы әкесі Тілеу атымен тығыз байланысты. Тілеу — ерлік эпостарды, ел аузындағы аңыз-хикаяларды, шешендік сөздер мен нақылдарды жетік білген шежіре адам болған. Сондай-ақ, халықтың әуез өнеріне аса қабілетті қобызшы, абыз атанған адам екен. Осындай әкеден үлгі алған Үмбетейдің ақындық қабілеті ерте оянған.

Үмбетей — ХVІІІ ғасырда жасаған, ерлікті жырлап,  ел тыныштығын көксеп өткен жалынды ақын. Оның жоңғарларға қарсы күресте көзге түскен даңқты батырлардың бірі Бөгенбайды жоқтап айтқан өлеңі мәлім. Ақын Бөгенбайдың ерлік істерін ардақтап, оның қаза болуына өкініш білдіреді. («Бөгенбай өліміне»). Жырау «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» толғауында ханның өткен өмірін, хан болғанға дейінгі жалшылық жайын Бұхар сияқты ашық айтады. Оның атын шығарған аты шулы қазақ батырлары екенін,

соның бірі Бөгенбай батыр болғанын атап көрсетеді. Бұдан кейін Үмбетей қазақтың бас көтерер батырлары мен билерін санап өтеді. Олардың жоңғарға қарсы күресте атқарған ерлік істерін дәріптейді.

Үмбетей Қазыбекұлы Бекболат биге арнау айтқан. Оған адамгершіл ақылдар беріп, байсалды басшы болуын қалаған. Ол арнауы «Мен пайғамбардан бастасам…» деген жолдардан басталады. Өзіне тұстас әрі батыр,

әрі би Ақтамберді, Қабанбайларға арнауларында да ол бейбіт өмірді көкседі. Ру арасы барымташы шапқындарға тыйым салуға үндеді. («Ей, Ақтамберді, Қабанбай», «Бәкеге», «Жауқашарға»).

Үмбетей жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсеткен басқа да қолбасы батырлар туралы бірнеше жыр-толғаулар шығарған эпик ақын. Ол халық аузында сақталған ерлік жырларды қайта жырлап, қалмаққа қарсы халық өшпенділігін күшейте түскен. Оларды ерлік рухта тәрбиелеп жүрген. («Бұқарға», «Ей, Ақтамберді, Қабанбай»).

Үмбетей толғауларының негізгі тақырыбы — елді, жерді қорғауда көзге түскен батырларды мадақтау, жағымды-жағымсыз құбылыстарға қатысты терең мәнді ой айту, өмір туралы толғаныс. Оның өсиет сөз, ғибраттық нақыл ретінде келетін сөздері баршылық. Оларда заман шындығын елестететін түсініктер, айшықты сөздер көп.Үмбетейдің асқақ ақындық қабілеті айқын. Ол өз дәуірінің беделді шешен биі, әйгілі суырып салма ақыны болған.

Үмбетей толғауларының тілі мен көркемдігі де өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Жыраулар поэзиясына тән көркемдік дәстүрлердің бірі қайталау үлгілері мұнда молынан ұшырасады. Сөз соңындағы немесе ой ағымы соңындағы қайталау (эпифора) Үмбетейде өзіндік қолданысымен дараланады. Айтар ойын термелетіп, толғап айта келе, ой қайырмасында бір сөзді қайталап отыруы әрі жыраудың айтпақ ойының негізін, өзіндік пікірін дәл танытады, әрі көркемдік үйлесімділік береді.

Үмбетей жырау мұрасы — өз дәуірінің тыныс-тіршілігін таныта алатын, философиялық мәні терең құнды мұра.

Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:

  1. Бөгембай батырдың бейнесін сомдауы.
  2. Үмбетей толғауларының мәні.
  3. Жырау толғауларындағы ел мен жер тарихына қатысты деректер.
  4. Үмбетейдің арнау толғауларының тарихи негіздері.

Әдебиет:

1.Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.

2. Бектуров Ж.  Художественно-композиционные особенности   поэзии

жырау и акынов. (Автореферат дисс.) А., 1990.

3. Бес ғасыр жырлайды. (екі томдық). А., 1989.

4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973.

5. Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968;  Ғасырлар бедері. А., 1991;

Қазақ тарихының әліппесі.  А., 1994.

6. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті.  А., 1996.

7. Сүйіншәлиев Х.  Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А.,1967

Қазақ әдебиетінің тарихы.  А., 1997.

8. Негимов С. Өлең өрімі. А., 1980;  Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі.  А., 1991.

 


Скачать