Қазақ–ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі


Қазақ–ұйғыр мақал-мәтелдерінің паремиологиялық жүйесі

 

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Диссертацияның кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі, негізгі мақсаты мен міндеттері, дереккөздері, зерттеу әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы анықталып, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар мен зерттеу жұмысының құрылымы туралы мағлұмат беріледі. Бірінші тарау «Қазақ-ұйғыр халықтарының мәдени-тарихи қарым-қатынасының мақал-мәтелдердегі көрінісі» деп аталды. Ол төрт тараушадан тұрады. Оның «Тарихи кезеңдерге сәйкес қазақ-ұйғыр мақал–мәтелдерінің қалыптасу сипаты» деп аталатын бірінші тараушасында қос халықтың әрбір басынан кешкен тарихи кезеңдеріне сәйкес ММ-дердің қалыптасып отырғандығы сөз болады. Тіл білімін зерттеуде бір ғылымның құзырында кейде бірнеше ғылымның тоғысу процесін зерттеу мәселесі туындайды. Солардың біріне ММ-дер категориясы жатады. Оның басты себебі қатар, туыс, көрші-қолаң өмір сүріп келе жатқан, мәдениеті, өмір-тіршілігі ұқсас, тілі ортақ этностардың болмысында міндетті түрде бір-біріне әсерін тигізу, өз ықпалын жасау процесі байқалып отырады. Қазақ халқы мен ұйғыр халқының бір топ ММ-дің мағыналас, тұлғалас, қалыптасу уәждерінің, бейнелілігінің ұқсас болуына негіз бола алатын көптеген себептерінің бірі –бұл екі тіл иесінің ұзақ замандардан бері географиялық жағынан бір-біріне жақын кеңістікте, Орталық Азия ауқымында, Қытай елі мен оның Солтүстік батысын жайлаған Ғұн империясымен қарым-қатынаста өмір сүргендігіне байланысты болса, соған сәйкес ұзақ замандардан бергі өмір-тіршілігінің жіті араласуына, әдет-ғұрып, танымдарындағы ұқсастығына да байланысты болса керек. Туыстас тілдердің сатылай байланысуы, алыстауы мен жақындауы сол қауымдағы әрбір халықтың тарихына тікелей қатысты. Бұл жөніндегі ойымызды ғалым Ә.Қайдардың «Түркітануға кіріспе» атты еңбегінде: «Алғашқы ру, тайпалар одағының қосылуы тарихи қоғамдық процесс болса, әрбір ру мен тайпалардың қалыптасуы да сондай процесс. Кейбір тайпалар жеке рулардың бірлестігі негізінде құралады да, олардан бірте-бірте қол үзіп кетеді.Осыған орай, тайпалар одағы қолданған жалпы тілде жеке рулар тіліндегі ерекшеліктерді сақтауы да, сақтамауы да мүмкін», - деп жазғаны одан әрі дәлелдей түседі ( 1:65). Осындай түркі тектес туыс тілдер ішінен заманның даму барысына орай, бертін келе қазақ, ұйғыр, қырғыз, түркімен, қарақалпақ және т.б. тілдер, сол тілдерді тұтынатын, сол тілде сөйлейтін қауымдар, этностар өз алдына бөлініп шыққандығы бәрімізге белгілі. Солардан бөлініп шыққан қазақ және ұйғыр халқы қатар тұрып, біте қайнасып жатқан этнос болғандықтан, олардың өзара қарым-қатынас негізі ертеден-ақ дамыған. Қыпшақтар ХІІІ ғасырға дейін өз үстемдігін Кавказ етектеріндегі халықтарға, оңтүстігінде Хорезм мемлекетіне дейінгі, Шығысында Талас өзенінің бойларына дейінгі өлкеге жүргізіп тұрды. ХV ғасырда жеке халық болып бөлініп шыққан қазақ, қарақалпақ, құмық, ноғай, қарачай, малқар, татар, башқұрт, өзбек халықтарының этникалық құрамына енді. Халық ретінде қыпшақтар монғол шапқыншылығында Алтын Орда үстемдігін де, орыстардың қыспағында да, өз билеушілерінің тақ таласын да көрді. Бірақ өз ерекшелігін сақтап қалды. Қараханидтер этникалық құрамы жағынан аралас түркі тайпаларынан құралса да, олардың ұйытқысы қарлұқ, шығыл, яғма, тухси тайпалары болғандығы анық. Ал бұл тайпалар Ұйғыр қағанатының да негізгі ұйытқысы болып саналған. Ертеректе олардың, әсіресе, қазақ тайпаларының — үйсін, қаңлы, қыпшақ, арғын, найман, керей, таңғұт, алшын, қоңырат т.б. тайпалары ғұн әулетіне қатынасы жоқ деп келген зерттеушілер кейінгі кездері, көне қытай жазба ескерткіштерінің кең түрде айқындалып, қазақ, ұйғыр, орыс тілдеріне аударыла бастауына байланысты, олардың көпшілігі ғұн империясымен тығыз байланысты, солардың құзырында өсіп-өніп, өз алдына мемлекет болып дамыған тайпалар екендігін мойындай бастады. Мәселен, “Ғұн тарихынының жылнамасы” атты басылымда (Түркістан, 2004) Ғұнның құзырына үйсін, қаңлы тайпаларының кіші хандықтары қарайтыны сөз болады. Демек, сол бірлестік құзырында жасайтын ұйғыр, қазақ тайпаларының өзара бір-бірімен жіті араласып, ортақ дүниелерді тілдеріне тиек ететін жағдай болғандығын аңғартады. Осы тұстарда қазақ халқында: Көкте күн жалғыз, Жерде ғұн жалғыз, - деген мақал қалыптасты. Бұл мақалдың беретін мағынасы: Бүкіл Еуразиялық жазықтықта Ғұн империясы аспандағы Күн сияқты сонша елді жалғыз бір өзі билеп-төстеген еді. Осы мақалдың ұйғырша баламасына келетін болсақ, оның мағынасы мүлдем басқаша. Яғни «Көктә күн ялғуз, йәрдә - һун» деген бұл ғұндардың сымбатты келбеті, көріктілік сипаты туралы мәнге ие. Ұйғыр мақал-мәтелдерінің ішінде ғұндардың, Ғұн империясының соғысқұмарлығын, шапқыншылық саясатын паш ететін, қазақ тіліндегі осы мақалмен мағыналас, ұқсас балама мақал да қалыптасқан: Һұн йоқимиғунчә жаһан тинжимас (Ғұн жоғалмай жаһан тынышталмас). Бұдан басқа түрік қағанаты тұсында, орта ғасыр дәуірінде және ХІХ ғасырлар кезеңдерінде қалыптасқан ҚҰММ-дер туралы баяндалады. «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің этномәдени сипаты» деген тақырыптағы тарауша аты айтып тұрғандай ҚҰММ-дерінің ұлттық-мәдени қырларын қамтиды. Сондықтан ғылымда «этникалық мәдениет» және «этнос мәдениеті» деген түсініктер қалыптасқан. Осыған сәйкес әркімнің ұлттық-этникалық көзқарасын, салт-санасын берік сақтап, атадан балаға мирас ретінде жеткізетін - халық ММ-дері. Кез келген этнолингвистикалық және этномәдени тұрғыдан зерттеу — белгілі бір халыққа тән ерекшеліктерді жан-жақты қарастырады. Ал әр халықтың өзіндік өзгешелігін танытатын тарихы, өмір сүру ортасы, дүниені тану көзқарасы мен наным-сенімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сол халықтың тіліндегі тілдік бірліктерде, оның ішінде мақал мен мәтелдерінде ізін қалдырады. Мәселен, қазақ тілінде: Асық ойнаған азар, Доп ойнаған тозар, Бәрінен де қой бағып ... жеген озар. Барымталап алған мал емес, Қуып алған - құн емес. Бірінші мақалды қарастырсақ, қазақ халқының ежелгі шаруашылығы мал бағу болғандықтан, балаларының күні ұзақ асық ойнап, доп теуіп өткізгенін қаламайды. Керісінше, пайдалы іс – қой бағып, тамағын тауып жегенді мақұл көреді. Соны бүкіл жас ұрпаққа уағыздай отырып, уақытты тиімді де пайдалы іске жұмсаңдар дегенді аңғартады. Келесі мақал қазақ даласына кең тараған «барымташылықтан» хабар беріп тұр. Алайда бұл әрекеттің дұрыс қылық еместігін, барымтамен алған малдың иесіне мал болып жарытпайтындығын, біреуді шырылдатып жүріп, құн алғандық та нағыз құн болып есептелмейтіндігін тура мағынада түсіндіріп тұр. Бұл мақалмен танысқан адам қазақ жұртының сайын даласында ежелден қалыптасқан «барымтадан», «құн дауынан» дерек алары анық. Міне, талданған мақалдардың қай-қайсысын алмайық, бірі күн көріс әрекетінен, келесі бірі ел ішіндегі ұрылардың айналысқан ісінен хабардар етеді. Яғни бүкіл этностың мәдениетін, салт-санасын таныстырып тұр. Ұйғыр халқы да ММ-ге бай. Бірнешеуін мысалға келтірелік: Һүнири бар қол өлмәс Тазға тағақ бәрсәң, йелим тіләйду Алғашқы мақал қолөнерші кәсібіне арналған. Ұйғыр халқы ерте заманнан бері қолөнер кәсібін жетік меңгеріп, тоқымашылық, зергерлік, етікшілік, ұсталық кәсіпті жақсы дамытқан. Қалың бұқара ішінде ежелден «он саусағынан өнер тамған» адамдар өте қадірлі болған. Халық арасында үлкен беделге, сый-құрметке ие жандар болған. Сондықтан болар, өнерлі адам ешқашанда өлмейді деген дана сөз қалыптасқан. Жиде ағаштарынан, әдетте, сұйықтық алынады. Бұл ағаштың сұйықтығын алып, оны кептіріп, қатырып алған соң жыл бойы керек кезінде жібітіп, шашқа жағады. Мұны ел ішінде «желім» деп атайды. Ұйғыр қыз-келіншектерінің шашына жағатын бұл желімінің қасиеті – шашты табиғи азықтандырады, шаштың ағару, түсу және оған қайызғақ түсірмеу, сондай-ақ шаштың тозып кету құбылыстарының алдын алады. Бағзы замандарда бұл сұйықтық қазіргі дәуірдегі лак, гельдің қызметін атқарған. Күні бүгінге дейін шашы ұзын қыз-келіншектер бұл затты әлі қолданады. Осыған орай ел аузында мысқыл, әжуа ретінде айтылған «Тазға тарақ берсең, шашына желім тілейді» деген нақыл пайда болған. Қарап отырсаңыздар, аз ғана сөзге не болмаса бір, бірер сөйлемге қаншама дерек сыйыстырылған. Аз сөзбен көп жайды аңғартатын ҚҰММ-дері бүкіл екі этностың болмысын көз алдыңа елестете алады екен. Демек, ҚҰММ-нің этномәдени сипаты олардың әрбір ММ-нің бойынан көрініс табады деп нық айтуға болады. Үшінші тарауша «Қазақ-ұйғыр мақал-мәтелдерінің мағыналық және уәжділік ұқсастығы» деп аталды. Қазақ және ұйғыр тілдеріндегі ұқсас әрі ортақ ММ-дерді басқаларынан бөліп алып, салыстыра қарастыруымыздың мақсаты — бұл тілдердің туыстық жақындығынан ғана емес, мүмкін болғанынша сол тілдерде сөйлеуші Орта Азия халықтарының ең көнелерінен саналатын ұйғырлар мен қазақтардың рухани, мәдени, тарихи жақындығын да осы ММ негізінде анықтай түсу. Ал бұл мәселені анықтау деген сөз — аталмыш екі халықтың барша өткен тарихын шолып өтіп, рухани-мәдени өміріндегі қарым-қатынастармен, әсіресе, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт, күнделікті тірлік-тіршілік ыңғайында , алыс-беріс, сауда-саттық, егін, мал шаруашылық саласындағы елдердің арасында болатын қарым-қатынастарды шолып шығуды талап етеді. Бұл мәселені біз кейінгі жылдары жарық көрген екі ғалымның — ұйғыр ММ-дері бойынша Аблез Әмәттың «Уйғур хәлқ мақал-тәмсиллири изаһлиқ луғити» сөздігін және қазақ ММ-дері бойынша академик Ә.Қайдардың «Халық даналығы» сөздігін өзара тең деңгейдегі еңбектерінің материалдары негізінде қарастырамыз. Екі тіл бойынша салыстыра отырып, жинақтаған ұқсас ММ-дерді зерделей қарастырғанда ұқсастықтың үш түрлі деңгейі болатындығы байқалады. Бірінші деңгей — ММ-дердің мағынасы мен құрам-құрылымы жағынан толық сәйкес болып келетін абсолютті (толық) ұқсастық.  



Скачать