Девианттық мінез-құлық


Әлеуметтенудегі девиантты мінез-құлық тұжырымдамасын қалыптастырған француз әлеументтанушысы Эмиль Дюркгейм. Ол әлеуметтік девиацияны түсіндіру үшін аномия тұжырымдамасын ұсынды. «Аномия» термині француз тілінен аударғанда ұжымның, заңның болмауы.
Ал, Роберт Мертон мінез-құлық ауытқушылығының себебін қоғамның мәдени мақсаттары мен оған жетудің әлеуметтік мақұлданған жолдарының арасындағы үйлеспеушілік деп түсіндіреді.
Девиантты мінез-құлықтың сыртқы физикалық жағдайларына климаттық, геофизикалық, экологиялық факторларды енгіземіз. Мысалы, шу, геомагниттік, өзгеріс, таршылық, т.б жағдайлар үрей туғызып агрессивті және басқа да қажетсіз мінез-құлықтың көрінуінің бір себебі болады. Сонымен бірге әлеуметтік орта әсерлері де өз ықпалын тигізеді:
• қоғамдық үрдістер (әлеуметтік-экономикалық жағдай, мемлекеттік саясат, салт дәстүр, бұқаралық ақпарат құралдары, т.б.);
• тұлға бар әлеуметтік топ мінездемесі (этикалық құрылым, әлеуметтік мәртебе, референтті топ,);
• микроәлеуметтік орта (отбасының өмір стилі және деңгейлері, отбасындағы өзарақарым-қатынас типі, отбасындағы тәрбие стилі, достар, басқа да маңызды адамдар).
Девиация бірнеше типтен тұрады: девиантты, делинквентті және криминалды мінез-құлық. Девиантты мінез-құлық - әлеуметтік нормалар мен ережелерге сәйкес келмейтін мінез-құлықты айтады. Ол ауытқыған мінез-құлықтың бір түрі. Кейбір әдебиеттерде бұл типті «антидисциплиналық» деп те атайды.
Девиантты мінез-құлықтың көрсеткіштеріне: агрессия, демонстрация, оқудан, еңбектен бет бұру, үйден кету, алкоголизм, наркомания, қоғамға жат қылықтар, жыныстық жат мінез-құлық, суицид т.б. жатады.
Девиацияның екінші түрі - делинквентті мінез-құлық. Ол заң бұзушылықпен ерекшелінеді. Оның мынадай типтері бар:
1. Агрессивті-зорлаушылық мінез-құлық. Бұл жеке тұлғаға көрсетілетін дөрекілік, төбелес, күйдіріп-жандыру сияқты жағымсыз іс-әрекеттерде көрініс береді.
2. Ашкөздік мінез-құлық (корыстное поведение): майда ұрлықтар, қорқытып-үркіту, автокөлік ұрлау т.б. жалпы материалдық пайдакүнемдікке байланысты жат мінез-құлық.
3. Наша сату және тарату.
Криминалды мінез-құлық заң бұзушылық болып табылады. Балалар сот үкімі арқылы жасаған қылмысының ауырлығына байланысты жазаланады.
Девиацияның негативті формалары әлеуметтік патология болып табылады: алкоголизм, токсикомания, нашақорлық, жезөкшелік, суицид, заң бұзушылық және қылмыскерлік. Олар жалпы қоғамға, айналадағы адамдарға және ең бірінші өздеріне үлкен зиян келтіреді.




Скачать