Қазақ терминографиясының тарихындағы Алаш кезеңі
Қазақ терминографиясының тарихындағы Алаш кезеңі Терминологиялық сөздіктер тарихын сөз етер болсақ, оны «алаш» зиялыларының қайраткерлік қызметімен байланыстырмай өту мүмкін емес. Мысалы, қазақ терминографиясындағы алғашқы сөздіктердің қатарына жатқызылып жүрген сөздіктерге алаштықтар шығарған, 1927 жылы жарық көрген Н. Қаратышқановтың «Пән сөздері» мен 1931 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Атаулар сөздігі» жатады. Алғашқы терминологиялық сөздіктер ретінде бұл екі сөздіктен басқа да сөздіктер өзіндік мүмкіндігімен терминографиялық еңбектер тарихына кіре алады, бұл сөздіктер белгілі бір қызметі жағынан терминография тарихында қарастырылып, терминографиялық еңбектің қызметін атқарған сөздіктер ретінде бағалана алады. Мұндай сөздіктердің қатарына 1925 жылы Мәскеу қаласынан жарық көрген Қ. Кемеңгерұлының басшылығымен құрастырылған «Қазақша-орысша тілмаш» пен 1926 жылы Қызылорда қаласынан басылып шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулар» сөздігі жатады. Аталған сөздіктердің құрылымындағы ерекшеліктер мен терминдерді жүйелеу ісіндегі ұқсас сипаттар – терминологиялық сөздіктерді шығару, терминдерді қолданушысына жеткізу, жүйелеу істеріндегі «алаш» кезеңінің өзіндік үдерісі мен бет-бейнесін айшықтай түседі. Солардың бірі – атауы жағынан терминографиялық сөздік деп есептеуге болатын – «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» [1]. Бұл сөздік білім кеңесінің ұйғарымымен 5000 данада Қызылорда қаласынан 1926 жылы басылып шыққан. Сөздіктегі мәліметтерге жүгінсек, сөздікте берілген терминдердің аудармашысы – А.Өтембаев деген кісі. Сөздіктің соңғы жағында берілген тағы бір дерек – А.Байтұрсынұлы мен Ғаббас Нұрымұлының берген анықтамасы. Сол кездегі Қазақ білім комиссиясының төрағасы ретінде А.Байтұрсынұлы бастаған комиссия бұл сөздікке енген терминдерді, жалпы сөздікті өз тараптарынан ресми түрде бекіте отырып шығарған. Сөздік құрылымында терминдер әліпби ретімен орналастырылып берілген. Олардың басым бөлігі мүмкіндігінше аударылып берілгендігін байқауға болады: авангард – алғы әскер, адская машина – ажал машинасы, атака – шабуыл, банда – басбашы, барабан – дабыл, батальон – қос, батарея – зеңбірек қосы, пешая – жаяу, конная – атты, зенитная – тік, безоружный – қарусыз, битва – соғыс, бинт – орауыш, боевое столкновение – жауға қағысу, наступительный – ұмтыла, оборонительный қорғана, морской – теңіз, рукопашный – қоян-қолтық, заграждение – бөгет, колодка прицельная – сығалау табаны, пулеметная – оқ шашар, т.б. Бұл сөздікті тізе берсек, бүкіл сөздіктің материалдарының басым бөлігін, тіпті барлығына дерлігін қамтып шығуға тура келеді. Басты байқалатыны – қазақ тілінің сөзімен беруге, аударып қалыптастыруға деген ұмтылыстың алғашқы бесжылдық, онжылдықтағы ізденісін байқай аласыз. Ал өзге тілдегі нұсқасы қабылданып алынған терминдер қазақ тілінің заңдылығына икемделіп қабылданып алынған. Бұл 1925 жылдан бергі осы кезеңде шығарылған сөздіктердің барлығында, тіпті 1931 жылы кеңестік биліктің басқаруымен шыққан алғашқы сөздікте де солай. Оған дәлел осы сөздіктен келтіре кетуге болатын автомат – абтамат, агитсут – үгіт соты, академия – академие, баллистические приборы – балістіке құралы, барометр – барометір, брезент – бірезент, вольтметр – болтметр, вымпел – бемпел, газ – ғаз, градус – қырадыс, инспектирование – інспектеу, инспектор – інспектір, канал – қанал, капот – көпет, капсюль – кәпсүл, комутатор – көмететір, комиссар – кемесер, лаборатория – лабыратыр, магазин – магажін, микрофон – мекіропон, перископ – перескеп, планшет – пыланшет, почта – пошта, рапорт – ырапырт, химия – кемие, шлея – шілійа, т.б. Бір мән берерлігі – осы кезеңдегі шығарылған басқа сөздіктердегі сияқты бұл сөздікте де кірме терминдердің сол қалпында алынған түрін байқай қоймайсыз. Осы сияқты кірме терминдердің ішінде қазіргі үрдіс бойынша сол қалпында алынған терминдерді іздеп көргенімізде, өзге тілдегі нұсқасын сақтап жазылған динамит – динамит, штат – штат түрінде берілген бар болғаны 3-4 терминді ғана кездестірдік. Қалғаны жоғарыдағыдай өзгертіліп жазылған, қазақтың тіліне жатық қалпында берілген. Ал басым көпшілігінің аударылып берілгендігін еріксіз аңғаруға болады. Олардың барлығы өз тілімізден алынған баламалармен немесе тіркесті баламалармен аударылған. Сол қалпында, сол кезеңнен бастап қолданыла беріп кете бергенде, қазіргі айтып жүргендей жай сөз жүзінде емес, шынында терминдердің көпшілігі қазақтың өз тілінде сөйлер ме еді деген тұжырымның шындыққа жақын екендігіне нақты дәлелдермен, осы сөздікте көрінетін мысалдармен көз жеткізе түсуге болады. Бұл қазіргі кезде жай сөз деп айтылып жүрген ұлттық терминдер қалыптастыру бағытының мүмкін екендігін айғақтай алады. Сөздікпен танысып шыққан әрбір ғалым, әрбір термин зерттеуші, әрбір қолданушы тілде термин жасау мүмкіндігінің табиғатына, сол кездегі термин жасаудың табиғи үлгісіне тереңдей еніп, жаңа сөз, термин жасаудың қыр-сырын тұла бойымен түсіне алатын болады. Сөздік соңында «Қазақ білім кемесиесінің ағасы Байтұрсын ұлы Ақымет, Кемесие қатшысы Нұрым ұлы Ғаббас» деп қол қойылған, «12-інші үйен 1926-ыншы жыл» деп мерзімі көрсетіліп: «Бұл атаулар қазақ білім кемесиесінің 1925-інші жылғы октәбірден 1926-ыншы жылғы үйенге шейін болған мәжілістерінде тексеріліп осы күйінде қабыл алынды», - деп анықтама жазылғандығын да қосымша ақпарат ретінде көрсете кетуге болады [1]. Бір айта кетерлігі – қазіргі лексикография мен терминографияда өзекті болып есептеліп жүрген тақырыптық сөздік құрастыру, тақырыптық сөздіктің құрылымына қатысты топтастырып беру жүйесі осы сөздіктің соңына қарай қосымша қамтылған. Әліпби ретімен терминдерді тізіп, аудармасын берген сөздіктің негізгі бөлігінен басқа, соңында бірқатар терминдер тақырыптарға топтастырылып берілген. Әскер саласындағы маңыздылығына немесе бөлек жүйемен беруге оңтайлы болғандығынан болса керек, негізінен қарулардың ішінде қолданылатын ұғымдар «Бесатардың атаулары», «Оқшашар бөлшектерінің атаулары» деген тақырыптар аясының ішіне топтастырылып, әліпби ретімен жеке тізілген. Сондай-ақ оны бекітіп, ресми пікір білдірген де сол кезеңдегі термин жасау ісін басқарушы зиялы ғалымдардың бірі, Қазақстан білім комиссиясының төрағасы Ахмет Байтұрсынұлы болған. Алғашқы еңбек болса да, үлкен ізденіспен басталған қазақ терминологиялық сөздігінің қазақ терминографиясы тарихында өзіндік маңызды орны бар. 1925-1927 жылдары шығарылған терминография тарихындағы маңызды еңбектердің бірі – Н.Қаратышқанұлы құрастырған «Пән сөздері». Сөздіктің ішінде берілген терминдердің аудармасынан, олардың берілісінен оның өз кезеңінде ауқымды міндеттер мен мақсаттарды орындап, іске жарай алғандығын байқауға болады. Әсіресе көзге бірден түсетін ерекшелік қайсыбір терминнің қазіргі сөздіктердей кірме нұсқасын бере салуды бұл сөздіктен сирек кездестіресіз. Сөздік мүмкіндігінше терминдер мен термин емес сөздердің орыс тіліндегі нұсқасын қазақшалауға ұмтылған. Мысалы, абберация – бұлдырлық, агит суд – үгіт соты, аквариум – су қора, анатомия тән жүйесі, выводная труба – шүмек, высший центр мозга, вычитаемое – азайтқыш, гипноз – ұйыту, испарение – кебу, каолин – ақ саз, поршень – іскек, потсобник – көмекші, растворитель – ерітпе, регресс – кер кету, уголовно-процессуальный кодекс – қылмыстық істерді жүргізу заңы, т.б. Мән беріп қарасақ, қазіргі сөздіктердей көптеген кірме терминдердің нұсқасын тұлғасында бере салу мұнда жоқтың қасы. Тіпті аудармалардың өзінде терминдік табиғат пен ерекшеліктер сақталмай жатса да, таза қазақы түсінік, қазақ тілділерге түсінікті аударма кездеседі. Мысалы, уголовно-процессуальный кодексті қазіргі тіліміздегідей қылмыстық іс кодексі деп аудара салмай, қылмыстық істерді жүргізу заңы деп қазақ тілділерге түсінікті етіп аударып берудің өзінде үлкен ұтымдылық бар. Осы сияқты ұтымды аудармалар берілген тәжірибе қазіргі терминография үшін жетпей жатқан мәселе. Немесе жоғарыда берілген аквариумды – су қора деп аудару қазіргі терминді қазақ тіліне аударушылардың ойына келмейтін қолданыс. Әрине, бұл аударма қазіргі қазақ тілінің даму деңгейіне, лингвостилистикалық, танымдық дамуына байланысты талапқа сәйкес келе қоймайтын аударма болып көрінуі де ықтимал. Алайда, екінші жағынан, таза қазақтық тіл деген мен қазіргі қазақ тілінің, қазақ тілділердің сол кезеңдегі санасы мен қазіргі тілдік санасының арасындағы алшақтықты да көрсетпек. Ондай аудармалардың қазіргі терминологиямыз бен тілімізде жат болып көрінуі, ондай аудармаларға жатырқай қарауымыз да сондықтан болар. «Бұл – даму көрсеткіші ме, әлде тілдік танымды түсіну деңгейінен айырылып қалу көрсеткіші ме?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазіргі тілдік санамызға тереңдеп қарасақ, бұл дамудан гөрі, тілдің табиғатын тұла бойымызбен түсінуден алшақтап қалуға жақынырақ келетін сияқты. Немесе қазіргі тіліміздің қабылдауына да жат болып көріне қоймайтын астрономия – аспан тану, буксир – жетек, вена – көк тамыр, зубная эмаль – тіс кіреукесі, иллюзия – алданыс, инфракрасный – сауыр қызыл, нервная система – жүйке жүйесі, параллелограм – қиықша, пантамима – ымдасу, плотина – бөгет, пленум – толық мәжіліс, пружина – серіппе, равносильное уравнение – мәндес теңдеулер, симпатия – сүйкім сынды аудармалар қазіргі терминдерді аудару ісіне жөн сілтеуге жарарлық. Сондықтан мұндай аудармаларды қазірге тілімізге алу жағынан да, тілдің сол кезеңдегі саф, бұзылмаған табиғатын түсіну тұрғысынан да сөздіктің маңызды еңбек болып қала беретіндігін ескеруіміз қаже Скачать |