Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуыНЕГІЗГІ БӨЛІМ Зерттеу жұмысының бірінші тарауы «Ы.Е.Маманов зерттеулерінің грамматикалық негізі» деп алынып, бұған қатысты негізгі мәселелер бес тармақта қарастырылды. 1.1 Сөздің морфологиялық құрылымы. Адам санасында түйінделген ұғымдар сөзбен белгіленгенімен, органикалық бірлікте емес. Сол себептен әр халықтың тілі әр басқа. Әр тіл өзінің ішкі дамуына сәйкес әр алуан өзгеріске түсіп, тілдің грамматикалық құрылысы қалыптасады. Сөз және сөздің грамматикалық құрылымы туралы анықтама беру үшін, басқа тілдерде қолданылатын кейбір грамматикалық терминдерді қолданбас бұрын, тілдік материал негізінде анықтап алу қажет. Сөздердің грамматикалық құрылымын қарастырмас бұрын, «сөз» дегеніміз не және ол қандай тұлғаларға бөлінеді деген мәселеге тоқталады. Сөзге анықтама берудің әртүрлілігі қай ғалымның қандай тілді зерттеп, қай тұрғыдан айтқан пікіріне байланысты әртүрлі болып келе береді. Сол сияқты түркі тілдерін зерттеуші мамандар тарапынан сөзге берілген анықтамалар ішінде де айырмашылықтар кездесіп отырады. Оған Н.А.Баскаков (1963), Э.В.Севортян (1971) берген анықтамаларды, сондай-ақ белгілі қазақ ғалымы Н.Сауранбаев дәлелдемелерін келтіруге болады. Тілші-ғалым Ы.Мамановтың сөз, морфема туралы пікірі жоғарыда айтылған анықтамалардан басқаша. «Қазіргі қазақ тілі» еңбегі мен «Сөз, морфема, қосымша туралы түсінік» атты мақаласында түбір сөз бен түбір морфеманың өзіндік айырмашылықтарын ғылыми негізде сипаттап көрсетеді [1, 18-20 б.], [2, 6-8 б.]. Белгілі лингвист ғалымдардың «морфема тілде дербес қолданылмайтын, тек сөз құрамында қолданылатын сөз бөлігі» дейтін анықтаманың флективті тілдерге бірдей ортақ қағида екендігіне назар аударады. Орыс тілі – флектив (жүйелі) тіл, ал қазақ тілі – аглютинативтік (жалғамалы) тіл. Орыс тілінің сөздік құрамына енетін атауыш сөздер лексика-грамматикалық формалар (словоформа), яғни орыс тіліндегі сөздер түбір сөз және сөздің грамматикалық формалары деп екі топқа бөлінбейді. Ы.Е.Мамановтың көрсетуінше, қазақ тіліндегі негізгі түбір сөздерді, орыс тілінің үлгісімен механикалық түрде, морфемаға жатқызу дұрыс емес. Орыс тілінде түбір сөз (корень) дербес сөз емес, ол – «сөз мұқылы» ғана. Орыс тілінде сөз бөлшектеріне бөлінбейтін мужской род формасындағы зат есімдер ғана. Олар грамматикалық формалармен түрленгенде, қазақ тіліндегі түбір сөздер тәрізді өзінің бастапқы қалпын сақтайды. Бірақ бұлар зат есімнің мужской родын білдіретін грамматикалық форма болып саналады. Ал, қазақ тіліндегі түбір сөздер грамматикалық форма емес, олар сөз таптарының форма тудырушы қосымшаларымен түрленгенде ғана грамматикалық формаға енеді [1, 8 б.] . Грамматикалық құбылыстар жөнінде пікір алалығы түркі тілдерін зерттеушілер арасында жиі кездеседі. Осымен байланысты форма тудырушы қосымшалар мен жалғауларға берілген түсініктемелер әлі де жеткіліксіз бе деген ойға саяды. Сөйтіп, қазақ тіліндегі қосымшаларды тілдік материалға сәйкес, тілдің аглютинативті табиғатына сүйенген ғалым Ы.Е.Маманов сөз тудырушы және форма тудырушы деп екі топқа бөліп қарау арқылы ғана сөздің морфологиялық құрылымын лингвистикалық тұрғыдан дұрыс тануға болады деп есептейді. 1.2 Қос қызметті аффикстер. Қазақ тілі аглютинативті тілдер тобына жатады. Сонымен байланысты сөзжасам және сөзтүрленім қызметін көбінесе қосымшалар атқарады. Қосымша термині алғашқы грамматикаларда «приставка», «послелог», «частица» делініп түрліше аталды. «Қосымша» терминін алғаш қазақ тіліне енгізген белгілі ғалым А.Байтұрсынұлы жалғанған сөзінің тұлғасын ғана өзгертіп, мағынасын өзгертпейтіндерді – жұрнақ деп атаған. Қ.Жұбанов болса, жұрнақ терминінің орнына «үстеу» терминін қолдануды ұсынған. Ал Ы.Е.Маманов қосымшаларды, ең алдымен, не сөз жасайтын қосымшалар не форма ғана жасайтын қосымшалар деп жіктеу қажет деген концептуалды пікір ұсынады. Кейін Ы.Мамановтың осы концепциясын дамытқан ғалым С.Исаев қосымшаларды осы негізде бөліп көрсеткен. Ғалым еңбегінде қосымшаларды осы үлгіде жіктеуде өзгешелік кездеседі. Ол сөзжасам қосымшаларының бір тармағы етіп – функциялық қосымшалар деген бөлікті қосады. Бұл қосымшалар - -дай, -дей, -ша, -ше, -сыз, -сіз, -ғы, -гі қосымшалары. Ғалым бұл қосымшаларды жаңа сөз де тудырмайтын, форма да тудырмайтын, контексте ғана өмір сүретін сөзжасам қосымшаларының ерекше қолданысы деп атайды [5, 226 б.]. Қазақ тіл білімінде жоғарыда сөз болған қосымшалардың тілдік табиғаты туралы ең алғаш тың пікір айтқан ғалым Ы.Е.Маманов болды. Ғалымның «Лекциялар курсы» қазақ тілі морфологиясының өзекті мәселелеріне, оның ішінде сөзжасам мен формажасамның аражігі мен есім сөз таптарының құрамында қаралып жүрген қосымшалардың сөзжасамдық, формажасамдық қызметтерін анықтауға арналған. Ы.Е.Мамановтың жетекшілігімен шәкірті Қ.Шаяхметов «Екі функциялы аффикстер» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады (1973). Қазақ тіл білімінде жоғарыда аталған қосымшалар Ә.Болғанбаев, Ә.Төлеуов, Ибатов, Ғ.Қалиев, М.Томанов, А.Ысқақов т.б. ғалымдар еңбектерінде сөзжасамдық қырынан біржақты ғана қарастырылған. Бұл аффикстердің форма тудыру қызметін ашып айтпағанмен, өзіндік ерекшелігіне баса назар аударған Ғ.Мұсабаев пен Н.Оралбаева болды. Бұдан кейінгі кезекте әртүрлі пікір қалыптастырып, әр бағытта қарастырылып жүрген аталған қосымшалар туралы айтқан Ы.Е.Мамановтың пікірлеріне жүйелі түрде талдау жасалады. Бұл қосымшалар А.Ә.Жаңабекованың кандидаттық диссертациясында талданып, Ы.Мамановтың тұжырымдарын басшылыққа алады [6] . 1.3 Профессор Ы.Маманов қазақ тіліндегі шырай категориясы туралы. Қазақ тілінде сын есімнің шырай категориясының зерттелуіне біраз ғалымдарымыздың үлес қосқандығы белгілі. Алайда шырайдың грамматикалық топтарына қарай бөлуде бірізділіктің жоқтығы байқалады. Мәселен, кейбір оқулықтарда –қыл, -ғыл, -қылт, -тым, -шыл, -шіл, -ғыш, -гіш жұрнақтары салыстырмалы шырай құрамында беріледі. Яғни шырай түрлерін анықтауда қандай принципке сүйенеміз деген мәселенің басы ашық емес екендігін алғаш байқаған Ы.Маманов шырай мәселесінде екі түрлі жағдайға баса назар аударған. Оның бірі – жоғарыда аталған сынның белгісін білдіретін жұрнақтарды сөзжасам жұрнақтарына жатқызу керек пе, әлде шырай категориясында қарала ма деген сұрақ болса, екіншісі – жай шырайдың шырай парадигмасының құрамына ене ме, яғни шырайдың бір түрі ретінде грамматикалық қатарға (граммема) жата ма деген мәселе. Қазақ тіл білімінде шырай категориясының грамматикалық сипатына А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ғ.Мұсабаев, Ә.Төлеуов, А.Ысқақов, М.Томанов, Ы.Маманов, С.Исаев т.б. ғалымдар арнайы тоқталған. Ы.Маманов нөлдік форма теориясын сөз ете отырып, жай шырай, негізгі етіс деп аталып жүрген шырай, етіс түрлерінің жоқ екеніндігін, олардың тек түбір сөздермен тұлғалас келетінін дәлелдейді [2, 76-77 б.]. С.Исаев жай шырай мәселесінде Ы.Мамановтың пікірлерін толық қолдаған [5, 140 б.]. ...Сонымен, Ы.Маманов шырай категориясына байланысты екі мәселенің басын ашып берді: бірі – шырай категориясындағы жай шырай деп аталатын түрінің шырай формасы бола алмайтындығы, оның басқа шырай формаларына негіз болатын түбір сөз екендігі, екіншісі – ғыш, -шыл, -қай т.б. жұрнақтарының шырай жұрнақтарына жатпайтындығы, оларды грамматикалық абстракция жасамайтындықтан сөзжасам қосымшаларына жатқызу қажеттігі. Ғалымның пікірінше, қандай да бір тілдік құбылыс сол тілдің тілдік заңдылығына бағынуы керек. Олай болса, шырай жұрнақтарын сөзжасам қосымшалары мен форма тудырушы қосымшаларға қойылатын талаптар бойынша саралаған ғалым пікірлерінің құндылығы дау тудырмайды. 1.4 Қазақ тіліндегі көптік форма туралы. Көптік категориясы жайлы тіл білімі жөніндегі оқулықтарда арнайы баяндалады. Түркі тілдерін зерттеген ірі ғалымдарымыз Малов, А.В.Баскаков, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев еңбектерінде көптік категориясы жайлы пікірлер айтылған. Ал қазақ тілінде бұл мәселеге алғашқылардың бірі болып арнайы тоқталған ғалым – профессор М.Балақаев (1940). Сондай-ақ Н.Оралбаева (1959), А.Д.Данияров (1965), А.Ысқақов (1965) еңбектерінде жалғасын табады. ...С.Исаевтың қазақ тіліндегі көптік жалғаудың негізінен жұрнақтық функциясы жайлы айтқан пікірі шын мәнінде тілдік жүйеге, оның тілдік заңдылықтарына сүйеніліп жасалғандығы анық. Көптік жалғаудың жалғаудың басқа түрлерінен ерекшеленетін осы белгісі – қосымшаларды жіктеу мәселесінде ескерілуі қажет. Ы.Маманов көптік формаға байланысты мынадай тұжырым жасаған: «Қазақ тілінде грамматикалық көптік форма біреу-ақ. Ол –лар, -лер, -дар, -дер, -тар, -тер қосымшалары арқылы жасалады. Әрбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық форманың өзіне тән грамматикалық мағынасы болады. Кейбір грамматикалық формалардың бірнеше мағыналық қырлары болуы мүмкін» [1, 31-36 б.]... Қазіргі функционалды грамматикада бір ойдың әртүрлі жолдармен берілу тәсілі бар. Яғни, «функция әртүрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін және бір құралдың өзі әртүрлі функция атқара алады» [Тіл білімі сөздігі.А.,1998. 417 б.]. Ы.Е.Маманов көптік ұғымның түрлі берілу жолдарын танып, оларды әр басқа категория деу ағаттық екенін дәлелдейді. Функционалды грамматика тұрғысынан келгенде, ғалымның болжамын біз дұрыс шешім деп қабылдаймыз. 1.5 Ы.Маманов қазақ грамматикасындағы нөлдік форма туралы. Тіл білімінде кейбір грамматикалық формадағы сөздер грамматикалық көрсеткішсіз-ақ нөлдік формада қолданылады. Нөлдік форма термині ғылымда нөлдік жалғау, нөлдік морфема, нөлдік форма, нөлдік қосымша, нөлдік таңба т.б. терминдермен белгілі болды. Нөлдік форма теориясының пайда болуына Фердинанд де Соссюрдің тілдік таңба теориясы негіз болды. Ф.Соссюр грамматикалық мағына білдіруші көрсеткіші жоқ сөз формасы басқа сөз формаларымен салыстыру арқылы, солардан өзгешелігі арқылы танылады Скачать |