Қажығұмар Шабданұлы


Қажығұмар Шабданұлы

 

ШАБДАНҰЛЫ, ҚАЖЫҒҰМАР

Жазушы, ақын, драматург. Қытай қазақтары жазба әдебиетінің негізін қалаған тұлғалардың бірі болып саналады.

Жазушылық таланты, адами адалдығы және өз көзқарастарына қатаң беріктігі үшін әсіресе Қытай қазақтары арасында зор беделге ие.

ӨМІРБАЯНЫ

1925-ж. қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Таңсық елді мекенінде туған.

1930-жылдардың басында Қазақстанды жайлаған ашаршылықтан бас сауғалап, ата-анасымен Шығыс Түркістанның Дөрбілжін ауданына ауып барған.

1940-ж. Дөрбілжін қаласындағы орталау мектепті бітірген.

1941-1945 жж. Үрімжі қаласындағы (Шығыс Түркістан) педагогтік мектепте оқыған.

1944-ж. Үрімжіде оқып жүрген кезінде ұлттық азшылықтар көтерілісіне байланысы бар деген айыптаумен Қытай билік орындары тарабынан қудаланып абақтыға түскен.

1946-1951 жж. Дөрбілжін орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген.

Жергілікті халықтардың мәдени-ағарту көтерілісі кезеңінде Дөрбілжіндегі «Қазақ-қырғыз ұйымын» басқарған.

1952-ж. қызмет бабымен Үрімжі қаласына шақырылып әуелі «Одақ» журналының, кейін «Шұғыла» журналының бас редакторы болды.

1958-ж. «оңшыл», «солшыл» деген саяси айыптаулармен бас бостандығынан айырылып сотталған. Кесілген жазасын Такламакан шөліндегі Тарым лагерінде өтеп, сол абақтыда 22 жылдай мерзімді өткереді.

1980-ж. жазасын өтеп әрі ақталып бостандыққа шығады.

1986-ж. желтоқсанында ұлттық дербестікті көздейтін «Үміт» атты партия құрды және Қазақстанның астыртын ұйымдарымен байланыс жасады деген айыптаулармен, шетел жансызы деген желеумен 15 жылға бас бостандығынан айырылып жазаланады. Жаза мерзімін Үрімжі қаласының № 1 түрмесінде өткізеді.

Қытай үкіметі тарабынан саяси себептерге байланысты заңсыз қудаланғаны үшін Қ.Ш. қамауда отырған кезде Лондон қаласында штаб-пәтері орналасқан адам құқығын қорғау «Халықаралық рақымшылық» («Amnesty International») ұйымы оны «ар тұтқыны» деп танып, Қытайдың құзыретті ресми орындарынан ол кісіге байланысты әділ тергеу мен ашық сот жүргізуін жүйелі түрде талап еткен.

1999-ж. – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Қазір Шәуешек қаласында (Шығыс Түркістан) үй қамауы мен полиция қадағалауында, яғни «мырза қамақта» тұрып жатыр.

Әйелі мен бала-шағасы бар.

ШЫҒАРМАЛАРЫ

1943-ж. – «Сол үшін» деген тұңғыш өлеңі «Малшы» газетінде жарияланады.

1950-жж. – «Біздің үй» поэмасы және басқа өлеңдер мен дастандары баспа бетін көреді.

1956-ж. – «Бақыт жолында» повесі басылып шығады.

1978-1986 жж. аралығында Қ.Ш.-ның көптеген шығармалары жазылып жарық көреді, оның ішінде «Өгейлер» романы (1985) «Тарбағатай» журналында жарияланады.

Қ.Ш.-ның ерекше шығармасы – «Қылмыс» атты алты томнан (кітаптан) тұратын романы. Бұл романның бірінші томы 1982-ж. Шыңжаң халық баспасында (Үрімжі) басылып шығады. Екінші томы да сол баспа арқылы 1985-ж. жарық көреді.

«Қылмыстың» бірінші кітабы кейін Қазақстанда да басылады (Шабданұлы Қ. Қылмыс. Бірінші кітап. Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, 2005).

Романның арқауы – Қазақ даласына Кеңес өкіметінің орнауынан басталып, 1930-1940 жж. Шығыс Түркістандағы ұлттық азшылықтардың азаттық қозғалысына дейін тарихи және күнделікті оқиғаларды баяндайды. Шығарманың тілі уытты саяси әжуа мен мысқылға толы.

1989-ж. – «Пана» романы. Бұл шығарманың негізгі кейіпкері – Шығыс Түркістан қазақтары ұлт-азаттық қозғалысының қаhарманы Зуқа батыр Сәбитұлы болып табылады. Жазушы романды түрмеде жазып бітірді. «Пана» романы Қазақстанда жарық көрді (Қар.: Шабданұлы Қ. Пана. Алматы: Көркем, 2004).

Өтініш хат // Қазақ әдебиеті (Алматы). 2006-ж., қаңтардың 20-26. № 3. Бұл арызды қарт қаламгер Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы жазып, ашық хат ретінде газетте жариялатып көмек сұрайды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ

1. Ахметбекұлы А., Зейіпханұлы Е. Қажығұмар Шабданұлы // Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. Алматы: «Білік» баспа үйі, 1999. 337-б.

2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна Ltd» ЖШС, 2005. 286-б.

3. Шабданұлы Қ. Өтініш хат // Қазақ әдебиеті (Алматы). 2006-ж., қаңтардың 20-26. № 3.

ҚАЖЫҒҰМАР ШАБДАНҰЛЫ ТУРАЛЫ

1. Шабданұлы Қ. Өтініш хат // Қазақ әдебиеті (Алматы). 2006-ж., қаңтардың 20-26. № 3.

2. Шарахымбай Б. «Қылмыс» пен «Пананың» тұсауы Атажұртта кесілді // Қазақ әдебиеті (Алматы). 2005-ж., желтоқсанның 23-29. № 51.

3. Шәкен Ж. Тас түрменің дауысы. Көрнекті жазушы Қажығұмар Шабданұлының шығармашылығы туралы // Қазақ әдебиеті (Алматы). 2005-ж., желтоқсанның 2-8. № 48.

4. Меңдеке Ә. Қажығұмарды халқымен қауыштырайық! // Жас алаш (Алматы). 2008, сәуірдің 24-і. № 33.

 


Скачать