Қадырғали Жалайыр
Қадырғали ЖалайырЖалайыр тайпасынан шыққан ортағасырлық ғұламалардың тағы біреуі әрі бірегейі — Қадырғали Жалайыри. Қадырғали Жалайыри Бабыр кайтыс болған 1530 жылы Оңтүстік Қазақстанда, Отырар-Түркістан маңында дүниеге келген. Ата-бабалары Қарахан заманынан бері үздіксіз хан нояндары, уәзірлері, қолбасылары болып қызмет атқарған. Қадырғали ана тілімен қатар араб, парсы тілдерін жетік игеріп, Шығыстың классикалық озық әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын терең білген… «Мен дүние жүзіндегі неше түрлі мемлекеттерді аралаған, әділ үкім, нақыл сөзге қанық көптеген кітаптар оқыған адаммын», — деп жазды ол «Жылнамалар жинағында». Қадырғали казіргі Рязань жерінде орналасқан аралық мемлекет Қасым хандығында тұрған кезде өзінің атақты еңбегі «Жамиғ Ат-Тауарихты» («Жылнамалар жинағы») жазды. Ол оны 1602 жылы аяқтаған. XVII ғасырда дүниеге келген осынау асыл мұра кейін белгілі татар зиялысы Ибраһим Халфиннің (1778—1829жылдары) кітаптары мен қолжазбалары арасынан табылған. Кейін ол Қазан университетінің қолжазба қорына түскенімен, осы оқу орнындағы шығыстану факультеті Санкт-Петербургке қоныс аударуына байланысты «Жамиғат-тауарих» өзге дүниелермен бірге сонда жөнелтіледі. Қадырғали Жалайыри «Жылнамада» Шығыс елдеріне, оның шаһарларына шолу жасап, қазақ сахарасын мекендеген жалайыр, арғын, қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, алшын, т.б. секілді түркі тайпаларына анықтама береді. Қазақ хандарының өмірбаяндарына тоқталады. Ол қазақ жері, оның қалалары туралы аса құнды тарихи деректер қалдырды. Шежіре кітаптың, әсіресе XIII—XVI ғасырлар аралығындағы қазақ жеріндегі оқиғаларға арналған бөлімінің ғылыми маңызы ерекше. Мұнда XVI ғасырдың басынан бергі қазақ тайпаларының халық болып қалыптасуы жайлы сөз болды. Қазақ хандарының әлеуметтік-саяси жағдайлары, Қазақстанда рулық патриархаттық-шонжарлық қатынастардың қалыптасуы, хан төңірегіндегі сұлтандар мен қарашалар, бектер мен хафиздер, т.б. әлеуметтік топтар туралы құнды тарихи деректер мол. Әйтсе де, «Жылнаманы» оқыған адам шығарма тілінің өзге түркі халықтарына қарағанда қазақ тіліне өте жақын екендігін байқайды. Сол себепті, бұл дүниені ескі қазақ тілінің алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі әрі бірегейі деп қабылдағанымыз жөн. Скачать |