Ыбырай Жақаев
Ыбырай ЖақаевЫбырай Жақаев! Қазақ халқының бұрынғы, қазіргі мемлекетіміздің тарихындағы ірі, іргелі тұлғалардың бірі. Еңбек сүйгіштіктің, адамдықтың, адалдықтың, азаматтықтың өлшемі. Мен таңғаламын: Ыбекең күріштен дүниежүзілік рекорд жасады. Ал көршілес Ақтөбе облысынан Шығанақ Берсиев тары дақылынан сондай әлемдік ірі көрсеткішке қол жеткізді. Қазақтың осы екі қара шалының, еңбектің пайғамбарларының дүниежүзілік рекорд жасауы кездейсоқтық па, әлде заңдылық па? Елдің, жердің, судың қасиеті ме, әлде ата-бабаның аруағының құдіреті ме. Бәрінің де қатысы бар сияқты мұнда. Оның үстіне күріш, тары керемет дақылдар ғой. Күріштен жағымды, жұғымды, жеңіл, денсаулыққа пайдалы әлденеше тағамдар дайындауға болады. Шығыс халықтарының дендерінің сау болып, көптеп өсіп-өнуінің салиқалы себебі осы күріште деген де пайым бар. Патшаның баласының: “Халық қарны ашса неге сыр күріш жемейді?” (сыр күріш – сүтке пісірілген күріш ботқа) дегені де тегін емес шығар. Ал тары дақылының қасиеттері де ерекше. Одан сөк, талқан, жас балаға беретін жарма, көже, майсөк, жент жасайды. Майсөк қазақтың белгілі астарында құрметті қонағына ұсынатын қадірлі тағам.Ақтөбеліктер сөкті шайға салып ішеді. Оның қасиеті сол, ол адамның қарнын аштырмайды да, шөлдетпейді де. Сондықтан да ежелден оны үлкен кісілер ораза тұтқанда, таң сәріде сүтке, айранға салып, майға бұлғап жеп алады, күн батқанша былқ етпейді. Қызығы сол: үлкен кісілердің тісі бола бермейді ғой, оның үстіне ас дұрыс қорытылуы үшін оны 25 рет шайнау керек. Ал адамның туғаннан бастап жаралған кемшілігі – ешкімнің де оған шыдамы жете бермейді, сондықтан олар жеген кезде бір тояды, біраз уақыт өткен соң шала шайналған сөк, бөртіп, көлемін ұлғайтып екінші рет тойдырады, сөйтіп жүргенде кеш те болады. Бірде Сталин Қазақстан басшылары Скворцов пен Шаяхметовтен: “Сіздерде бір стратегиялық маңызы бар дақыл өседі дейді”, — деп сұрапты. Екеуі: “Біз бірден жауап беруге дайын емеспіз, елге барып мән-жайын біліп баяндайық”, – дейді. Алматыға келіп ғалымдармен, мамандармен, диқандармен ақылдасып ол дақылдың тары екендігін Сталинге баяндапты. Міне, сол күннен бастап бұл дақылдың бағы жанып, оны өсіруге мән беріліп, нәтижесінде Шығанақ Берсиев дүниежүзілік рекорд жасайды. Осының өзі біздің халқымыздың дәрежесін, мүмкіншілігін, қарым-қабілетінің артық болмаса, ешкімнен де кем еместігін көрсетіп тұрған жоқ па? Сондықтан да жақсылықты да, жаңалықты да өз елімізден, өз жерімізден, өз халқымыздан іздеуіміз керек. Ыбекеңді айтқанда Шығанақ Берсиевті, Жазылбек Қуанышбаевты, Нұрмолда Алдабергеновті бірге атағанымыз орынды ғой деп ойлаймын. Жақсы адамдар тірісінде қатарласып бірге жүргісі келеді, өлгенде де рухтарының бірге болғанын қалайды. Бұл төртеуі де еңбектің пайғамбарлары. Тағдырлас, замандас олар қазақтың беделі мен берекесін, абыройы мен атағын арттыру үшін жаралған жандар. Халқымызға, елімізге тарихтың, уақыттың, Алланың тартқан сыйы. Ыбекең мен Жазекеңнің арасындағы түсіністік, тілектестік, ілтипат, сыйластық, достық бірге туғаннан да артық, елге өнеге, үлгі боларлық екі ұлы адамның шынайы, жарқын да жарасымды достығы еді. Кезінде Жазекең Ыбекеңе інілік жолмен сәлем беріп те, көңілін сұрап та келетін. Ал 1981 жылы Ыбекең тоқсанға таяп қайтыс болғанда, Жазекең ағасын соңғы сапарға шығарып салуға да келді. Ата жолымен алыстан көлігінен түсіп, жаяу “ой, бауырымдап” зор дауысымен езіліп, егіліп, жылап елдің көңілін босатқан еді. Жарықтық Ыбекең: “Жылай білу де үлкен қасиет. Ол мұң, зар, үн сыртқа шықпаса, адам езілмесе, егілмесе, тазармаса, көңіл-күйі көмулі қалады да, адам баласы тебірене білмейтін қара тасқа айналады”, – деуші еді. “Москва слезам не верит” дегенмен, қазақ көз жасына қатты сенеді, сезінеді. Ыбекең мен Жазекеңнің үлкен достығы жөнінде Асқар Тоқмағамбетов: “Кездесті, міне, солай екі батыр, Боп қалды қосылғандай екі ғасыр, Бірі тау, бірі теңіз секілденіп, Екеуі жұбын жазбай келе жатыр,” – деп шабыттана жырлайды. Ыбекең, Шықаң, Жазекең, Нұрекең – “диқан ата”, “шопан ата”, “дала академигі” – ХХ ғасырдың нағыз еңбек тарландары. Еліміздің тарихында осы төрт шалдың алар орны ерекше. Бұл қариялар – өмірдің өзінен оқығандар, алдындағы көргенін, естігенін көкірегіне тоқығандар, осы мол мұраны кейінгілерге кемеңгерлікпен қалдырғандар. Бұл шалдар – өмірі асып-тасуды білмеген, елден асып өмір сүрмеген, дүниенің бар кілті еңбекте ғана екенін өзінен бастап, өзгеге де ұқтырып кеткен ұлы жандар. Еңбек майданының әйгілі майталманы, талдықорғандық айтулы азамат, ұлты поляк Николай Никитич Головацкий: – Біз алты ағайындымыз, — деп марқаяды екен. – Бауырларыңызды атаңызшы?, — деген сауалға: – Олар: Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев, Ыбырай Жақаев, Жазылбек Қуанышбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Николай Кузнецов және мен. Өйткені, біздердің бәрімізде алды үш, арты екі мәртеден Социалистік Еңбек Ері атағын алып, омырауымызға Алтын жұлдыздарды жарқырата таққанбыз, – дейді. Міне, мақтануды мүлде білмейтін, артық сөзге әсте жоқ, тек ілкімді істің ғана адамының жүрекжарды ілтипаты бұл. Расында, оның айтып тұрғаны айдай ақиқат. Қасиетті қазақ жерінің осынау алыптарын өшпес даңққа бөлеген, оларды табыстырған, туыс еткен – жоғары мәртебелі құдіретті, киелі – Еңбек! Ыбекең күрішшілік кәсіпке жасы елуден асқанда барып кіріскендігін көңілге бір түйіп қоялық. Жақсылықтың ерте, кеші жоқ деген осы да. “Ол оқымаған, бірақ өмірден көп тоқыған кісі. Еңбектің көзін тауып, байлықтың өзін тапқан қайраткер. Еңбегімен өмірге өрнек салып, еңбегімен поэма жазған адам”, дейді Асқар Тоқмағамбетов. Ыбекең төккен әрбір тамшы тер өзіне, еліне, халқына бақыт пен береке, абырой мен атақ, өнеге, дәстүр, ырыс болды, нан болды, ән болды, тіптен тарихтың өшпес беттері болды деуге әбден сияды. Диқан бабаның тұла бойы тұнып тұрған жақсылық, қасиет. Олай дейтінім, бір Ыбекеңнің өзі еңбек адамының қаншалықты құдіреттілігін, мүмкіншілігінің мол екенін көрсетті. Ыбырай Жақаев – дән патшасы, ақ күріштің атасы, ол өзінің өшпес тарихын кетпенмен, термен жазған, бірнеше ғасырда дүниеге бір-ақ келетін адам. Ұлы Отан соғысындағы жеңістен кейінгі үш жыл қатарынан Ыбекең әлем жұртшылығының еріксіз таңдайын қаққызды. 1945 жылы күріштің әр гектарынан 156 центнерден, 1946 жылы 160, 1947 жылы 171 центнерден өнім жинап, дүниежүзілік рекорд жасады. Қазақтың қара шалының далалық дана ақыл ойымен, бойындағы Алланың аманаты мен сыйы – жойқын күш жігерімен, киелі, күректей қолымен, кәрі бәйтеректің жер бетіне шығып кеткен тамырындай салалы саусақтарымен қара жерді қарс айырып жасаған бұл рекорды бүкіл әлемді таңдандырды, таңғалдырды. Бұл рекорд өркениетке, озық технологияға, білімге, ғылымға бізден әлдеқайда бұрын жеткен жапондықтардың жағасын ұстатты, кәрістерді қайран қалдырды. Асқар Тоқмағамбетов: “Отыр, міне, ортамызда, секілді бір, тау биігі Гималай. Рекорд жасап, бар әлемге аты шыққан, Ер Жақаев Ыбырай”, – деп жырлайды. …Олар сенбеді. Кеңес Одағындағы бұл құбылысқа сенімсіздікпен қарады. Тексеру де тексеру, комиссия да комиссия. Ал Ыбекең: “Басымды қатырып, мені кеңсеге неге шақыра бересіңдер түге. Жер әне, су әне, өнім әне, тексере беріңдер. Ал мен Айманкүлдің дауысын, Нартайдың әнін сағындым”, деп көрші ауылға кете барды. Нартайы – Нартай, ал Айманкүлі айтулы ақын Әбділда Тәжібаевтың анасы. 1957 жылы 65 жастағы Ыбырай Жақаевты колхозшылар сыртынан құжат толтырып, жоғары жақпен келісіп, зорлап колхозға төраға етіп сайлайды. Ыбекең барынша қарсылық білдіреді, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Ақырында Алматыға дейін барып, бастықтықтан әрең құтылады. Жазмыштан озмыш жоқ, озудың да тіптен қажеті жоқ…. Ыбекең сом денелі, әр саусағы қамшының сабындай, қорғасыннан құйылғандай өте қарулы кісі болатын. Жастау кезінде күрестерге қатысып, белдескенін жыққан, жауырыны жерге тимеген кісі. “Ыбырай жүгіргенде жер дүрсілдейді”, – дейді екен әкесі. Ыбекең сабырлы, салмақты, ұстамды, ашудың емес, ақылдың, даудың емес, мәмленің адамы еді. Сөзге сараң, билік айтуға таласпайтын, көп көріп, көңілге түйгені мол болса да ақылгөйсінбейтін, сыр аша, сыр шаша бермейтін тұйық, жұмбақ тұлға-тын. Сөздің емес, істің адамы болатын. Диқан баба бұл кісі жөнінде қалам тартпаған, пікір айтпаған сол замандағы қазақ зиялысы кемде кем. Соның бірі,бірегейі Әбділда Тәжібаев. Ағатай! Кешегі көшпелі қазақ баласы ең үстінде туған ырғала басқан түйенің. Бүкіл дүниеге даңқы тараған Диқан атамсың, Сүйенерімсің, сүйерім. Топырақтың, судың, жарықтың Сырына қанық киелім. Мен бүгін сексенге келген тойыңда Ақ қырау басқан, Аздап шаршаған басымды Алдыңа келіп иемін. Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де, Қуанттың жұртты мен қазақпын деп келдің де, Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде, Өте беремін мен Жақаевпын деймін де, – деп жырлады. Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов өзінің “Сырдария” романын жазу үстінде Ыбырай Жақаевтың үйінде айдан астам жатып, атақты шығармасының бас кейіпкері ретінде дала академигінің мінез-құлқын, бітім-болмысын, өмір салтын зерделей зерттеген. Екеуінің арасында айтылмаған сыр, шертілмеген әңгіме қалмаған. Ақыр соңында әдебиет алыбы мен даңғайыр диқан сыйлас, қимас дос болып кеткен. Ыбырай Жақаевтың дала академигі деген теңеуінің өмірге келуіне бірден-бір себепкер болған да осы Сәбең. Диқан ата үлкен жиындарға жиі қатысып, ұзақ отыруға әбден үйренген. Шыдамдылығ Скачать |