Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)


Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931)

 

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында дүниеге келген. Қазақ

ақыны, ойшыл, композитор, аудармашы.

Әкесінен жастай жетім қалып, немере ағасы Абай Құнанбаевтың қолында тәрбиеленді. Бұл жағдай Шәкәрім Құдайбердиевтің дүниеге көзқарасының қалыптасуына, ақындық шеберлігінің шыңдалуына зор әсер етті. Орыс, араб, парсы, түрік тілдерін жетік меңгеріп, Батыс, Шығыс әдебиетін зерек білді.

Жеті жасынан бастап өлең жазып, өмірінің ақырына дейін ағартушылық бағыт ұстады.

Абайдың жаңашылдық дәстүрін дамытып, Абайдан кейінгі екінші реалист ақын атанды. Ақынның творчествосы сан-салалылығымен ерекшеленді, оған көңілдің шат-шадыман әуені де, көкіректі қарс айырған трагизм де тән. Ақын нақты өмір суреттерін, туған табиғаттың әсемдігін тебірене жырлады. 19ғ. — дың аяғы мен 20ғ.-дың басындағы қазақ өміріндегі оқиғаларға, құбылыстарға қызу үн қосты. «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық!» (1877) өлеңінде талапты жастарды ұлы Абайдан үлгі-өнеге алуға, содан үйренуге шақырса, «Жастық туралы», «Кәрілік туралы» (1879) өлеңдері Абай үлгісінде жазылып, адамның өмір жасын жыр етеді. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», сияқты дидактикалық өлең-жырларында боямалы ажарды, жасанды мінез бен жағымсыз қылықты сынға алады.

Ғашықтық сезім таза, пәк жүректен маздайтынын айта келіп, («Анық асық әулие», «Шын сырым») адамгершілік ақ жолға, өнер-білімге үндейді. «Жастарға» (1880), «Арман», «Насихат» (1881) атты өлеңдерінде әртүрлі тап пен топ өкілдерінің ниет, мақсаттарын шеней келе, қоғамда әлі моральдық өлшемнің дұрыс қойылмағанын сө з етеді. Ш.Қ.- қазақ поэзиясында оның философиялық саласын дамытқан ақын. Бірақ кейбір өлеңдерінде («Бай мен кедей», «Бай мен қонақ») мәселенің әлеуметтік мәнін ашуға бара бермейді. Үстем таптың озбырлығын, қиянатын айтумен шектеліп, «еңбек ет, бөтенді қанама, ісіңе арың басшы болсын» деп уағыздайды. «Жуандар» деген өлеңінде байларды сынайды, бірақ таптық көзқарасты санасына терең сіңіре алмай, ағартушылық көзқараста қалып қояды.

Ақынды қатты толғандырған мәселенің бірі — қару-жарақтың адам мен табиғатқа қарсы жұмсалуы, империалистік соғыс кезінде адамның қырылуы, озбырлық пен зорлықтың орын алуы. Мұндай келеңсіз кесепаттарға қарсы жазылған өлеңдері Шәкәрімнің интернационалдық ой, толғаныстарының биіктігін, заманалылығын аңғартады. («Патшалар сансыз шығыс қылады», 1919; «Адам немене» 1915) , «Бостандық таңы атты», » Бостандық туы жарқырап» (1917) өлеңдері Қазан революциясына арналған. Ақын жарқын өмірді, болашақты, бейбітшілік пен берекелі тұрмысты жырға қосты. Әлеуметтік жағдайға байланысты тұңғыш рет «Шаттық» деген сөзді қолданғанымен, Ш.Құдайбердиевтің жаңа заманның өзгерісіне үн қосуы әлі де тосаң. Оның мұраты бұрынғысынша адал еңбекте, рулық жікшілдікті жоюда, әділеттігі жарасқан тұрмыс құруда еді. «Қош жұртым» өлеңінде (1931) жапан түзде жалғыз жатқанмен халықтан қол үзбегенін, болашаққа сеніммен қарайтынын білдіреді. Бұл ойын С. Мұқановқа жазған хатында(3.2.1931) айқын білдірген.

Шәкәрім ауыз әдебиетінің суырыпсалма ақындар поэзиясының жазба әдебиетке ауысуына зор қызмет етті. Лирикалық жанр түрлерінің дамуына ,мазмұнының етене жақындасуына мол еңбек сіңірді. Көптеген өлеңдеріне ән шығарды. Абайдың кеңесі бойынша «Қалқаман — Мамыр» дастанын жазды. (1888). Мұнда кіршіксіз махаббат дәріптеліп, ел билеушілер орнатқан қатыгез тіршілікке қарсылық, оны айыптау бар. «Еңлік — Кебек» дастанында (1891) бірін-бірі сүйген екі жастың қасіретін ескілікті салт-сананың қатып қалған уағыздарымен байланыстырады. «Айсұлу — Нартайдың» поэмасы жамандықты жазаласа, «Әділ — Мария» романында шынжыр балақ, шұбар төс алпауыттардың зорлық-зомбылығына қарсылық білдіріп, революцияның жеңісін хабарлаумен аяқтайды. Шәкәрім Құдайбердиев — «Қодардың өлімі», «Крез патша» дастандарының авторы .

1905 жылы Шәкәрім Құдайбердиев қажылық сапар шегеді. Меккеге барған бұл сапарын пайдаланып, ақын өзінің байырғы арманын жүзеге асырады. Стамбул, Париж кітапханаларынан туған халқының тарихына байланысты кітаптарды оқиды. Осылай жинаған материалдар негізінде «Түрік, қырғыз, қазақ Һәм хандар шежіресі» (1911) кітабын, қисындарын қазақ мүддесіне үйлестіре түсу мақсатымен «Мұсылмандық шарты» деген еңбек жазды. (1911) Бұл тұста ақынның діншілдігі ғана емес, үлкен ойшыл философ екендігі айқын танылды. Ол жаратушы алланы ақылға салып түсінуге ұмтылыды. Дін бұзушыларды қатты сынға алады. («Көнбеймін дінді теріс бұрғаныңа, Сопының бара қойман құрбанына». Абай сияқты Шәкәрім де феодалдық- рулық ортаның мінез-құлқын, моралін жат көрді, сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік жарықшақты көре білді. Шәкәрім патриархалдық пен кертартпалыққа қарсы күресте мәдениет пен ғылымның жетістіктеріне сүйенді, халықтар достығы мен туыстығын қуаттады. («Мен ұлтшыл емеспін, жақыным мынау демеспін»). Орыс, батыс әдебиетінің тамаша үлгілерін қазақ оқырмандарына таныстырды. Лев Толстойдың творчествосын аса жоғары бағалап, («Ақиқат сырымды айтсам Толстойдың, мың сопыны алмаймын тырнағына») өз халқын дүние жүзінің озық мәдениетін игеруге шақырды. Өзін ғұмыр бойы Л.Толстойдың шәкіртімін деп санады, онымен хат жазысып тұрды. Американ жазушысы Гарриет — Бичер Стоудың (1811-96) «Том ағайдың балағаны» романын, Л.Н. Толстойдың «Асрхадон патша», «Үш сауал» т.б. әңгімелерін А.С.Пушкиннің «Боран», «Дубровский» повестерін қазақ тіліне аударды. Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын нәзира үлгісімен жырлады (1907). Идеялық мақсат-мұраттары жағынан Шәкәрім үнемі демократтық, халықтық, гуманистік -ағартушылық бағытта болды. Бұл орайда 20-ғасырдың басындағы озат ойлы қазақ зиялыларымен үндес болды. Алашорда қайраткерлерінің еңбегін бағалай білді. Абайдың реалистік дәстүрлерін жалғастырып, эпикалық жанрдың дамуына үлкен үлес қосты. Шығармаларында демократиялық, халықтық және гуманистік көзқарастырды насихаттады. Таза да жарқын махаббатты жырлай отырып, бас бостандығы идеясын алға тартты, оның асыл мұраттары үшін күреске шақырды. Адамгершілік, ар-ұждан тақырыбына жазған ойшыл да парасатты туындылары баршамызға рухани азық.

Шығармалары: Құдайбердіұлы Ш. Өлеңдер мен поэмалар /Құраст.: М.Мағауин. — Алматы: Жалын, 1988. 256 б. Құдайбердұлы Ш. Өлеңдер мен поэмалар /Құраст.: Х.Сүйіншалиев.- Алматы: Рауан, 1990. 208 б. — (Мектеп кітапханасы) Айтбаева А. Шәкерiм Құдайбердiұлының дiни-этикалық көзқарасы: Автореферат / Абай атындағы Алматы мемлекеттiк университетi.- Алматы, 1996.- 26б. Әбдiғазиев Б. Асыл арна: (Абай дәстүрi және Шәкәрiм).- Алматы: Қазақ университетi, 1992.- 128б. Жолдасбекұлы М. ж.б. Елтұтқа: Ел тарихының әйгiлi тұлғалары / Жолдасбекұлы М., Салғараұлы І., Сейдiмбек А. - Астана: KUL TEGIN, 2001.- 356 б. Қайта оралған қаламгерлер: Библиографиялық көрсеткiш.- Алматы, 1994.- 145б. Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлерi.- Алматы: Атамұра, 1995.- 208б. Оразбек М. Ақындық тұлға табиғаты ( Шәкәрiм, Мағжан, Сұлтанмахмұт ): Зерттеу.- Астана: Фолиант, 2002.- 152 б -(Отырар кiтапханасы) Сейткемелов Х. Шұбырынды қанды босқын.- Алматы: Қазақстан, 1993.- 80 б. Тiлеуханова А.Т. Шәкәрiм шығармаларындағы шеберлiк пен таным бiрлiгi: Автореферат Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ.- Алматы, 1995.- 25б.

 


Скачать